• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жоба 15 Маусым, 2023

Өртті ауыздықтайтын машина жобасы дайын. Бірақ жауапты орындардан қолдау болмай тұр

312 рет
көрсетілді

Абай облысындағы орман өрті елдің қабырғасын қайыстырды. Материалдық, эконо­мика­лық шығынды былай қойғанда, 15 отбасының қайғыдан қан жұтқаны кімді де бол­сын толғандырмай қоймайды. Төтенше жағдай кезінде техниканың тозғаны туралы әңгімелер де айтылды. Тілсіз жаудан сақтану үшін қандай қадамға барған жөн? Ізденіс­тің ізіне түскен адамдарға мемлекет тарапынан қаншалықты қолдау көрсетіліп жатыр?

Жамбыл облысының тұрғыны Марат Аюбаев өрт сөндіру машинасын ойлап тапқанын алға тартып, Төтенше жағдайлар министрлігінің табалдырығын тоздырғанына да талай жылдың жүзі болды. Алайда өнертапқыш азаматтың жаңашыл қадамына құлақ асқан кісі жоқ. Бірақ ол айтқанынан қайтпай жүр. Бір жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясына ат басын бұрған кезінде ол елімізде орман өрті болмауын тілейтінін айтып, төтенше жағдай бола қалса, талайдың бетпердесі шешілетінін тілге тиек еткен еді. Соңғы кездегі болған орман өрті өнертапқыштың сөзі ақиқатқа айналғанын көрсетіп отыр.

Бұл жолы өнертапқыш аза­матқа өзіміз хабарластық. Ол ағынан жарылды, ақтарылды. М. Аюбаевтың айтуынша, ол ойлап тапқан өрт сөндіру машинасы тәулік бойы дамылсыз жұмыс істейтін көрінеді. Билік тарапынан қолдау болса, жобасын аяғына дейін жеткізуге бел буып отыр.

«Абай облысында болған ор­ман өрті шенеуніктерге ой са­латын шығар? Табанымды тоз­дырып, тағы да елордаға кел­дім. Жауапты министрліктің басшысы ауысып жатыр ғой. Сөнуге шақ қалған үміт алауы қайта тұ­тана ма деген сенімім бар. Би­лік басындағы азаматтар жо­бама көңіл бөлсе, одан еш ұтыл­майды.

Тілсіз жаудан келетін трагедия туралы сөз қозғағанда өрт сөндіру техникалары туралы айт­пай кетуге болмас. Мен ойлап тапқан техника әлем елдерінің еш­бірінде жоқ. Жаһан жұрты пайдаланып отырған техника ә дегенде жарты сағат қана жұмыс істейді. Олардың барлығы дерлік өртті сумен өшіреді. Ал мен ойлап тапқан өрт сөндіру машинасы бір қуаттаған соң 24 сағат дамылсыз өрт сөндіре алады», дейді ол.

Өнертапқыштың сөзіне сенсек, жобасы шынында да өршіген өртті жедел сөндіруге қауқарлы көрінеді. Өйткені қазіргі техникалар бір ғана тәсілмен жұмыс істесе, М. Аюбаевтың өрт сөндіру машинасы жеті тәсілмен төтенше жағдайды ауыздықтай алады.

«Бұл техниканы кейін әлем елдері таласа-тармаса сатып ала­тын болады. Неге десеңіз, менің техникамда жеті тәсілмен жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Жобамды қорғап жүргеніме біршама уақыт болды. Кезінде еліміздің шенеуніктері Ресейден 180 миллион теңгенің үш өрт сөн­­діру машинасын сатып алды. Осы жағдайдан құ­лағдар болған соң, бойға жиған білімімді пайдаланып, жаңалық аштым. Ойлап тапқан техникамды патенттедім. Өрт сөндіру машинасы бумен, су араласқан бумен, инертті газбен, газды көбік және сулы, булы көбікпен жұмыс істейді. Бағасы біздікілер сатып алған ресейлік машинаның құнынан аспайды», дейді өнер­тапқыш.

Жаңалық иесінің сөзіне сенсек, қайбір жылы осы жаңалығы үшін республикалық «Шапағат» байқауына қатысып, жеңімпаздар қатарынан да көрініпті. Бірнеше жыл бұрын өртті бумен сөндіру техникасын сынақтан өткізіп те алған. Сол кезде төтенше жағ­дай саласының өкілдері, бас­қа да жауапты мамандар Ма­рат Аю­баев ашқан жаңалыққа қатыс­ты оң қорытындысын да берген.

«Жарты сағат пен 24 сағатта, бір тәсіл мен жеті тәсілде айыр­ма­шылық бар ма? Әрине, бар. Пай­дасы да зор. Дәл осы өрт сөн­діру машинасын жасап шығар­сақ, төрткүл дүние халқы бізге қызыға қарап, отандық техниканы сатып алуға ұмтылар еді.

Физика заңдылығына зер салсақ, бір көлем судан бес мың көлем бу алуға болатыны әл­де­қашан дәлелденіп қойған. Менің жобам бір бағытты ғана қамтып тұрған жоқ. Бұл машинаны, я болмаса тікұшақты өрт сөндіруден басқа салаларда да пайдалануына мүмкіндігі мол. Бөлмелерді, аулаларды залалсыздандыруға да пайдалануға болады.

Бумен атқарған жұмыстың экологиялық тұрғыдан тиімді еке­нін қаперден шығармаған жөн. Сарышұнақ аязда су құбыр­лары мен құдықтар қатып қа­лады. Оларды ерітудің жолын да қа­растырғанмын. Машина 130-150 градустық бу бөле алады. Алып дүкендердегі өртті бу­мен немесе инертті газбен өшір­­сек, зақым, залал атаулыдан сақ­­тануға да мүмкіндік бар. Бір сөз­­бен айтқанда, бұл техника бар­­лық жағынан тиімді», дейді М.Аю­баев.

Өнертапқыш азамат жаңалы­ғының Үкімет тарапынан қолдау таппай келе жатқанына күйінеді. Алайда әлі үміті өшкен жоқ. Тіл­сіз жау тығырыққа тіреген кезде билік басындағылар оның жоба­сына оң көзбен қарайтынына сенеді.

«Билік басындағы азаматтар жобама шекеден қарап отырғаны мені қатты қынжылтады. Ниет білдіріп, қолдау көрсетсе, өрт сөн­діру машинасын кез келген қала­да жасап шығаруға бо­лады. Тех­никаның шын мәнінде мықты екенін бірнеше оқу ор­нының ға­лымдары мойын­да­ды. Қысқасы, жобамның тиім­ділігін дәлелдеуін дәлелдеп-ақ келемін.

Орман өртінен, жанармай қойма­ларындағы тілсіз жау сал­­­да­рынан қаншама адам көз жұмды. Трагедия ма? Трагедия! Миллиардтаған шығынға бат­тық. Ал менің жаңалығым сол өрт­тің бәрін тойтарады, алдын алады. Уақытында өрт сөндіруге қатысты заңдарды қарап шығып, онда талай қате бар екеніне көз жет­кіздім. Қысқасы, бұл іске жа­­ңа­­шылдық керек. Сондықтан да билік басындағы азаматтар жаңа­лығыма жанашырлықпен қараса деймін.

Бір ақиқатты ашып айтайын. Өртті болдырмайтын инертті газды жанармай қоймаларында пайдаланатын уақыт келді. Инертті газ ауадан ауыр. Сондықтан жа­­­­нар­­­майдың үстінде қалқып жү­ре­­ді. Бір сөзбен айтқанда, ауа кір­­­­­гіз­­­бейді. Сол себепті өрт бол­май­­­ды.

Жанармай қоймаларында өрт немесе жарылыс болғанда, шатыры 30-40 метр биіктікке атылып, ұшып кетеді. Ол ауыр болған соң жерге қайта түскенде жан-жағын қиратады. Ал май сақталған цис­терна бакті тессе, өрт аумағы одан сайын ұлғайып, шығын арта береді.

Басқа басқа, дәл осы мәсе­лені ұзақ уақыт бойы зерде­ле­дім. Уа­қытында Төтенше жағ­дайлар министрлігіндегілер менің тәсілім жер жүзінде кез­деспейтінін айтып, хат жолдады. Кейіннен «Инерт­ті газды пайдалана отырып өрт сөндіру халықаралық тәжірибеде қол­данылмаған нәрсе (сол үшін патент алып отырмын ғой). Сол себепті біз әлемдік тә­жіри­бе­де қолданылып отырған көбік ар­қылы өрт сөндіру тәсілін пай­далана береміз», деп жауа­п бер­ген болатын. Қысқасы, ма­ман­дардың бәрі мойындаған жобам осылайша аяқсыз қалып отыр», дейді өзегін өкініш оты өртеген азамат.

«Менің жанайқайым Мем­лекет басшысына жетпей жатыр. Бұл мәселені ел Президенті шешпесе, министрліктегілер әзірге бас ауыртпайды. Жаңалығым жұрттың қажетіне жарайды деген сенімім әлі де сөнген жоқ», дейді М.Аюбаев.

Жыл сайын өршіген өрттің кесірінен талай адам бақиға ат­танғаны белгілі. Адам жанынан қымбат не бар? Қысқасы, өнертапқыштың үніне үкімет­тегілер құлақ түріп, аталған жо­баны білікті мамандардың, ғалым­дардың талқысына салған дұрыс. Аталған жобаның соңғы кез­дері өрттен көз ашпаған елі­­­мізге сеп­тігі тиетін болса, онда өрт сөн­діру машинасын шы­ғаруды же­дел қолға ал­­­ған абзал. Бәлкім, өнер­тап­қыш­­тың жаңалығына жаңа­дан та­ғайын­далған Төтен­ше жағдай­лар министрі қолдау көрсе­тетін шы­ғар. Әлде Аюбаев­тың жобасы сол жоба күйінде қала берер ме екен?

 

Жамбыл облысы