Тұңғыш Президент атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде оқуын тәмамдаған түлектерді салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. 150-ден астам магистрант Қарулы күштер офицерлер корпусының, басқа да әскери құралымдардың қатарын толықтырды.
Елордадағы Ұлттық қорғаныс университеті – еліміздегі жоғары әскери білім берудің флагманы, жаңа үлгідегі әскери оқу орны, инновацияларды енгізу саласындағы көшбасшы, сондай-ақ Орталық Азия өңіріндегі ірі әскери жоғары оқу орны. Университет ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Қарулы күштері үшін әскери кадрларды бірлесіп даярлайтын оқу орындары тізіміне енгізілген. Сонымен қатар бұл университет еліміздің барлық әскери оқу орындары үшін ведомствоаралық оқу-әдістемелік орталық болып саналады.
Ұлттық университеттің бастығы, генерал-майор Лут Альчекенов салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде қазіргі уақытта оқу орны жедел-тактикалық және жедел-стратегиялық басқару буыны үшін бір жарым мыңнан астам әскери маман даярлағанын атап өтті.
– Сіздердің алдарыңызда өз әскери бөлімшелеріңіздің беделін арттыру және жауынгерлік дағдыларды жоғары деңгейге көтеру міндеті тұр. Мұнда біз Қазақстан армиясының офицерлерін ғана емес, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының және Армения Республикасының өкілдерін де даярладық. Сіздер өз елдеріңіздегі қарулы күштердің міндеттерін ойдағыдай шешуге және елдеріңіздің тәуелсіздігін нығайтуға мүмкіндік беретін білім мен дағдыларға ие болдыңыздар, – деді ол.
Бұл білім ордасында берілген білім мен дағдылардың ауқымы өте кең екенін атап өткен жөн. Түлектер әскери тактика мен стратегияның ерекшеліктерін зерттеп, шет тілдерін меңгерген.
– Сіздерді әскери қызметтің кезекті маңызды кезеңін – Қазақстан Республикасының ең беделді әскери жоғары оқу орнында білім жолын аяқтауларыңызбен құттықтаймын. Сіздер үшін бұл университет ыстық сезім ұялататынына сенімдімін. Сіздер білімнің мол қорымен ғана емес, сонымен қатар достық қолдау мен өзара көмек рухын да бойға сіңірдіңіздер. Бұл рух біздің елдеріміздің бейбіт және жоспарлы дамуы мүдде жолында жылдар бойы нығая түседі, – деді Армения Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Армен Гевондян түлектерді құттықтауында.
Магистранттарды салтанатты шығарып салу іс-шарасы Қорғаныс министрлігінің ансамблі дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.