Қостанайлықтар Абай облысындағы өрттен зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жөнелтті. Азық-түлік, киім-кешек және тұрмыстық заттар тиелген жүк көлігін «Amanat» партиясының облыстағы өкілдері шығарып салды.
Алапат апат былтыр ну орманын дүлей жалын жалмап кеткен Тобыл-Торғай өңіріндегі ағайынның да қабырғасына қатты батып отыр. Қиын-қыстауда қалған алыстағы жақынға шын жаны ашып, көп болып бірігіп көмек көрсетуге үндеген белсенді азаматтар енді ел ішінен жылу жинап, шығысқа бет алған гуманитарлық көмектің легін жалғастырудың қамын қарастырып жатыр.
«Гуманитарлық көмек тиелген жиырма тонналық жүк көлігі күні кеше жолға шықты. Оны жинауға облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары, жергілікті жерлердегі бастапқы партия ұйымдарының өкілдері атсалысты. Бұл игі іс көпшілік тарапынан қолдау тауып, бізге сан салада еңбек етіп жатқан кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар хабарласып, не керек екенін, қалай көмек көрсете алатынын сұрастырып жатыр. Азаматтық жауапкершілігі жоғары, жанашыр жандардың көп екені көңіл тоғайтады.
«Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері де жүгіріп жүріп біраз шаруа тындырды. Бүкіл елдің басына түскен сындарлы сәтте ауыртпалық көргендерге қолұшын созбай, бір шетте үнсіз жатып алу адамдығымызға да, ағайындығымызға да сын болады. Сондықтан қазір жұрт болып жұмылып, өрттен зардап шеккен ағайынға барынша көмек көрсетуіміз керек», дейді «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бибігүл Аққожина.
Қостанай облысы