Шілде айының алғашқы аптасында Ұлыбританияның астанасы – Лондонда Уимблдон турнирі басталады. «Үлкен дулыға» санатындағы жарыста әлемнің ең үздік теннисшілері бақ сынайды. Жүлде қоры 40 миллион фунт стерлингті құрайтын дүбірлі доданың жекелеген сайысында дара шыққан ойыншылардың әрқайсысы 1,7 миллион фунт стерлингтен олжаласа, финалда ұтылғандар 900 мыңнан еншілейді. Жартылай финалға дейін жеткендер 465 000 фунт стерлингтен иеленсе, ширек финалға шыққандардың есепшотына 300 000 фунт стерлинг аударылады.
146 жылдық тарихы бар Уимблдон додасы 1877 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Тұсаукесер турнир Лондонның тумасы Спенсер Гордың жеңісімен аяқталды. Финалда ол Уильям Маршалды ұтты. Алғашқы 30 жарыста корт қожайындары қарсылас шыдатпаса, 1907 жылы бас жүлде алғаш рет өзге елдің өкіліне бұйырды. Сол турнирде аустралиялық теннисші Норман Брукстың бағы жанды. Содан кейін жеңімпаздардың географиясы кеңейе түсті. Аталған доданың ерлер сайысында жергілікті ойыншылар зор табысқа қол жеткізді. Ұлыбританиялықтар 37 мәрте топ жарды. АҚШ теннисшілерінің де қарқыны өте күшті. Америкалықтар 33 бәсекеде алдарына жан салмады. Жасыл құрлықтан келгендер 21 рет теңдессіз деп танылды. Сондай-ақ Швейцария – 8, Франция, Сербия, Швеция – 7, Германия мен Жаңа Зеландия – 4, Испания – 3, Мысыр, Нидерланд, Чехословакия және Хорватияның өкілдері 1 реттен дара шықты.
Жекелеген ойыншылар арасынан ХІХ ғасырда Уильям Реншолдың шоқтығы биік болды. Англияның Лемингтон курортында дүниеге келген жампоз жеті жарыста (1881, 1882-86, 1889 жылдары) топ жарды. Одан кейін дәл сол Уимблдонның төл тумалары – ағайынды Дохертилердің дәуірі басталды. Үйдің үлкені Реджинальд 1897-1900 жылдардағы қатарынан төрт турнирде қарсылас шақ келтірмесе, інісі Лоуренс ағасынан асып түсіп, 1902-1906 жылдардағы бес жарыста бәсекелестерінің барлығынан басым болды. Одан бөлек, Дохертилер Олимпия ойындарын екі-үш реттен ұтып, Уимблдонның жұптық сайысында сегіз рет жеңіске жетті. Бұл рекордты әлі ешкім қайталай алған жоқ. Өкінішке қарай, ағайындылардың өмірі келте болды. Жүрегі сыр берген Реджинальд 1910 жылы 38 жасында қайтыс болса, арада тоғыз жыл өткенде жүйке ауруына шалдыққан Лоуренс 44 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қош айтысты.
ХХ ғасырдың алғашқы 15 жылдығында Энтони Уилдинг асқан шеберлігімен көзге түсті. Аустралия өкілінің төрт турнирде (1910-1913) асығы алшысынан түсті. Жетпісінші жылдардың екінші жартысында швециялық Бьорн Боргтың бақ жұлдызы жарқырай жанды. Скандинавия түбегінің тарланы бас жүлденің бесеуін (1976-1980) қанжығасына байлады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Пит Сампрастың тасы өрге домалады. АҚШ-тың туы астында өнер көрсеткен грекиялық теннисшінің Уимблдонның жеті дүркін жеңімпазы (1993-95, 1997-2000) деген атағы бар.
ХХІ ғасыр табалдырықтан аттағаннан кейін Роджер Федерер мен Новак Джоковичтің тегеурініне шыдас беру өте қиын еді. Швейцарияның мақтанышы сегіз рет (2003-07, 2009, 2012) теңдессіз деп танылса, Сербияның сайыпқыраны бас жүлденің жетеуін (2011, 2014-15, 2018-19, 2021-22) олжалады. Есімдері жоғарыда аталған қос саңлақ үстемдік құрған кезеңде оларға тек испаниялық Рафаэль Надаль (2008, 2010) мен ұлыбританиялық Энди Маррей (2013, 2016) ғана қарсылық көрсете алды. Ал өзге мықтыларға ондай бақ бұйырған жоқ.
Әйелдер арасындағы турнирдің тұсауы 1884 жылы кесілді. Тұңғыш турнирдің жеңімпазы – Мод Уотсон. Лондонда діни қызметкерлердің отбасында дүниеге келген ол алғашқы екі жарыста алдына жан салмады. ХІХ ғасырдың аяғында Лотти Дод бес (1887-88, 1891-93) және Бланш Бингли-Гильярд (1886, 1889, 1894, 1897, 1899-1900) алты рет үздіктер көшін бастады. Шамамен сол уақытта Шарлотта Купер (1895-96, 1898, 1901, 1908) атой салса, көп ұзамай Доротея Ламберт-Чамберс (1903-04, 1906, 1910-11, 1913-14), Сюзан Ленглен (1919-23, 1925) және Хелен Уиллс-Муди (1927-30, 1932-33, 1935, 1938) сынды бұрымдылар бет қаратпады. Осылардың арасында тек Ленглен ғана Францияның өкілі. Өзгелердің барлығы да жергілікті ойыншылар.
Алпысыншы жылдары Билли Джин Кингтің даңқы дүркіреді. АҚШ-тың аруы алты жарыста (1966-68, 1972, 1973, 1975) жеңімпаз атанды. Жетпісінші жылдардың соңында Мартина Навратилова өзінің өрелі өнерімен жанкүйерлер жүрегін жаулай бастады. Алғашқы екі турнирде (1978-79) Чехословакияның намысын қорғаған асқан дарын иесі одан кейін АҚШ-қа қоныс аударып, тағы жеті турнирде (1982-87, 1990) дара шықты. Уимблдондағы тұңғыш табысына қол жеткізгенде Мартина небәрі 21 жаста еді. Лондондағы турнирді соңғы рет ол 34 жасында ұтты. 1975 жылдан бері аса ірі халықаралық додаларға қатыса бастаған Навратилова өз карьерасын 2006 жылы 50 жастан асқан шағында аяқтады. Бір сөзбен айтсақ, америкалық теннисші кортта бақандай 31 жыл бойы атой салды.
Мартина Навратилованың байрақты бәсекелердегі басты қарсыласы Штеффи Граф еді. Сексенінші жылдардың соңында үздіктер санатына қосылған Германияның Мангейм қаласының тумасы өзінен 13 жас үлкен АҚШ-тың атақты теннисшісін талай турнирде сүріндірді. Кейіннен Штеффи шашасына шаң жұқтырмайтын болды. Неміс спортшысы жеті жарыста (1988-89, 1991-93, 1995-96) күміс науаны төбесіне көтерді. ХХІ ғасыр табалдырықтан аттаған тұста апалы-сіңлілі Уильямстердің күні туды. Винус бес бәсекеде (2000-01, 2005, 2007-08) алдына жан салмаса, Серена жеті жарыста (2002-03, 2009-10, 2012, 2015-16) жеңімпаз атанды.
Жалпы, әйелдер арасындағы бәсекеде АҚШ пен Ұлыбритания өкілдерінің табысы мол. Америкалықтар 57 және жергілікті бұрымдылар 36 жарыста алдарына жан салмады. Сондай-ақ Германия – 9, Франция – 8, Аустралия – 6, Бразилия – 3, Чехия – 3, Испания – 2, Ресей, Румыния, Швейцария және Қазақстан теннисшілері 1 реттен топ жарды.
Былтыр жалауы желбіреген Уимблдонда Қазақстан теннисшілері өздерінің тарихи жеңісіне қол жеткізді. Біздің елдің өрендері бұған дейін «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлердің жекелеген сайысында топ жармаған еді. Осы олқылықтың орнын Елена Рыбакина толтырды. Сол кезде WTA рейтингінде 23-орында тұрған 22 жастағы жерлесіміз небір танымал ойыншыларды жолынан ығыстырып, бас жүлдені олжалады. Тарқатып айтсақ, бастапқы бәсекелерінде Елена америкалық Коко Вандевеге (әлемнің 157-ракеткашысы), канадалық Бьянка Андрееску (56-ракеткашы), қытайлық Чжэн Циньвэнь (52-ракеткашы) және Петру Мартичтен (80-ракеткашы) басым түсті. Сол кездесулерде Елена қарсыластарына бірде-бір сетте есе жіберген жоқ. Ширек финалда ол Айла Томляновичтен (44-ракеткашы) айласын асырса, жартылай финалда Румынияның даңқты теннисшісі Симоне Халепті (18-ракеткашы) қапы қалдырды. Ақтық сында Рыбакина әлемнің екінші ракеткашысы мысырлық Онс Жаберді 3:6, 6:2, 6:2 есебімен жеңді. Осы жарқын жеңісінің арқасында жерлесіміз 2,32 миллион еуроны еншіледі. Осылайша, әлемдік спорт тарихында Елена өз есімін алтын әріптермен жазды.
Жекелеген сайыстарда Елена Рыбакинадан басқа Қазақстанның бірде-бір теннисшісі осындай дәрежеге жетпегенін біз жоғарыда айттық. Десек те, жұптық бәсекеде Ярослава Шведованың жасындай жарқылдағаны жанкүйерлердің жадында. 2010 жылы америкалық Ваня Кинг екеуі Лондонда қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырып, бас жүлдені иеленді. Шведова мен Кинг жұбы финалда ресейлік Елена Веснина мен Вера Звонаревадан басым түсті. 2016 жылы Ярослава жоғарыдағы көрсеткішін қайталауға шақ қалған еді. Мажарстандық Тимея Бабош екеуі ақтық айқасқа дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста олар Винус пен Серена Уильямстерге есе жіберді. Сондай-ақ Шведова мен Кинг жұбы 2010 жылы АҚШ-тың ашық біріншілігінде де барлық бәсекелестерін бет қаратпай жеңді.
Былтыр Уимблдонның ерлер арасындағы тартысы Новак Джоковичтің жеңісімен аяқталды. Сербиялық саңлақ финалда аустралиялық Ник Кирьосты 4:6, 6:3, 6:4, 7:6 есебімен қапы қалдырды. Жігіттердің жұптық жарысында жасыл құрлықтың өкілдері – Макс Перселл мен Мэттью Эбден ешкімге дес бермеді. Бұрымдылдардың бәсекесінде Чехияның өкілдері – Барбора Крейчикова мен Катерина Синякованың бағы жанды. Миксте ұлыбританиялық Нил Скупски мен америкалық Дезире Кравчиктің мерейі үстем болды.
Дерек пен дәйек
Жекелеген сайыста ерлер арасында ең көп жүлде алған Роджер Федерер. Швейцарияның мақтанышы 8 турнирде топ жарды. Әйелдер арасында Мартина Навратилова молынан олжаға кенелді. АҚШ спортшысы 9 мәрте бас жүлдені олжалады. Ал бәсекелердің барлық түрлерін қоса алғанда, ең керемет көрсеткіш Билли Джин Кинг пен Навратиловаға тиесілі. Олар 20 реттен жеңімпаз атанды. Уимблдонның ең жас чемпиондары – ұлыбританиялық Лотти Дод пен германиялық Борис Беккер. 1887 жылы Дод жеңімпаз атанғанда 16 жасқа да толмаған еді. 1985 жылғы жарыста 17 жастағы Беккердің бақ жұлдызы жанды. Жекелеген жарыстың «ең қарт» чемпиондары – Артур Гор (1909 жыл, 41 жас) мен Шарлотта Купер (1908 жыл, 41 жас). Атақты Мартина Навратилова 2003 жылы миксте топ жарды. Ол кезде АҚШ теннисшісі 46 жастан асқан еді. Жан Баротра (1964 жыл, 64 жас), Мейдлин О’Нил (1923 жыл, 55 жас) және Джозия Ричидің (1926 жыл, 55 жас) есімдері шау тарқан шағында Уимблдонда өнер көрсеткен ойыншылар ретінде тарихта қалды. Бір ғажабы, Баротра барлығы 35 турнирге қатысса, Артур Гор 34 жарыста бой көрсетті. Ал Навратилова 31 додада бақ сынады. 2010 жылы өткен жарыста америкалық Джон Изнер мен франциялық Николя Маю 11 сағат 05 минут ойнады. Бұл тартыс 6:4, 3:6, 6:7, 7:6, 7:6 есебімен алғашқысының пайдасына шешілді. Ал 1922 жылы франциялық Сюзан Ленглен мен АҚШ-тың өкілі Молла Малори арасындағы бәсеке небәрі 23 минутқа созылды. Бұл кездесуде 6:2, 6:0 есебімен Ленглен жеңіске жетті. 2010 жылы америкалық Тэйлор Денттің соққысы сағатына 238 шақырым жылдамдықты көрсетті. Әйелдер арасындағы рекордтық көрсеткіш Винус Уильямске тиесілі. Оның бағыттаған добы 208 шақырым жылдамдықпен жүйткіген еді.