• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Маусым, 2023

Шымкент – инвесторларға қолайлы қала

269 рет
көрсетілді

Кеше Президент жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметінде» Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында есеп берді. Әкім тілшілердің сан алуан сұрағына жауап беріп, елдегі үшінші мегаполистің жай-күйімен жан-жақты таныстырды.

«Биыл Шымкент қаласының респуб­лика­лық маңызы бар қалалар санатына қосылғанына 5 жыл толды. Осыдан бес-алты жыл бұрын қала аумағына инфра­құрылыммен қамтылу деңгейі төмен 40-тан аса елді мекен қосылған. Қаланың қажет­тілігіне жетіспейтін инфра­құры­лым, қоғамдық көлік мәселелері өзекті еді. Қазір бұл сұрақтар біршама шешімін тапты.

Соңғы бес жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 492 млрд теңге­ден 937 млрд теңгеге жетті, ша­ғын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 58 мыңнан 110 мыңға дейін өсті. Қалаға 2 трлн теңгеден аса инвестиция тартылып, бюджет көлемі 146 млрд теңгеден 613 млрд теңгеге жетті», деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Сөйтіп, макроэкономикалық көрсет­кіш­терде өсім динамикасы бар екенін айтты. Биылғы 5 айда инвестиция көлемі – 22 пайызға, құрылыс жұмыстары – 29 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы – 73 пайызға, бөлшек сауда көлемі – 25 пайызға артқанын атап өтті.

 

Өрге басқан өндіріс

Әкім қалада өндіріс саласы да өркен жайып келе жатқанына тоқталды. «Қалада жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді. Онда 13 мың­нан аса жаңа жұмыс орындары құрылды. Енді 358 млрд теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінге қолданыстағы өндірістік аймақтардың толымды­лығы 90 пайыздан асты. Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты, жаңадан 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аумақтарын құру жұмыстары жүргізілуде.

Бұл аумақтарда 400 млрд теңгені құрайтын 284 инвестициялық жоба іске асты. Ал онда ашылатын жұмыс орны – 12 мыңға жуық. Құрылатын аумақтардың екеуінде қолданыстағы өндірістік алаңдар кеңейтілсе, үшеуі – жаңа алаңдар. Оның ішінде «Жұлдыз» индустриялық аймағы бар. Жалпы аумағы 306 гектар аймаққа инже­нерлік инфрақұрылымның құры­лысы жүргізіліп жатыр. Жаңа индустриялық аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 3 мыңнан аса адамға жұмыс беріледі. 200 млрд теңгеден аса қаржыға 50-ден аса ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Ол аймақта инвестициялық құны 147 млрд теңгені құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстарын бастап кеттік», деп сөзін жалғады әкім.

Шымкент қаласында ауылша­руашы­лық өнімдерін терең өң­дейтін өндіріс алаңдарын дамыту мақсатында, аумағы 132 гектарды құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфра­құрылым жүйелерінің құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Нәтиже­сінде, 21 жобаға 23 млрд теңге ин­вестиция тартылып, 1 800-ден аса жұмыс орны ашылатын болыпты.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес, сауда-логистикалық орталығын кеңейте отырып, бүкіл оңтүстік өңірі үшін өңірлік хаб құру жұмыстары басталды. Жобаны іске асыру мерзімі 2023-2027 жылдар. Аталған ай­мақта 47 млрд теңгеге 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Аумағы 119 гектарды құрайтын жаңадан «Стандарт» жеке индус­триялық аймағы құрылуда. Бұл аймаққа 30 млрд теңге инвестиция тартылып, 150 жобаны іске асыру арқылы, 2 мың жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Биыл өңдеу өнеркәсібінде 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын құрып, 14 жоба іске асырылып, 14 млрд теңге инвестиция тартылмақшы.

 

Керегесі кеңейген кәсіпкерлік

 Шымкентте мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ауқымды қолдау көрсе­тілуде. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында 17,9 млрд теңге бөлі­ніп, жыл басынан 3 176 жобаға 7,9 млрд теңгенің қолдауы көрсетілді. Одан бас­қа, мемлекеттік бағдарламадан бөлек, кәсіпкерлерді қолдау мақ­сатында жергі­лікті «Іскер қала» бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында 1,4 млрд теңге бөлініп, жыл басынан 153 жобаға 412 млн теңгеге қолдау көрсетілді.

«Бұл ретте, жастар мен әйел­дер кә­сіпкерлігін 1 пайыздық мөлшермен 10 млн теңгеге дейін несиелендіру қарал­ған. Одан басқа бағдарлама аясын­да кәсіпкерлерге өндіріске бағытталған жеңіл­детілген несиелер беру қарастырыл­ған, атап айтқанда, 2 пайыздық мөлшермен 50 млн теңгеге дейін несиелер алуға болады. Іс-шара аясында өнеркәсіптік парктерде үш жыл ішінде жергілікті бюд­жет қаражаты есебінен шағын кәсіп­орын­дардың жалдау ақы­сының шығындары өтеледі. Бірінші жыл – 75%, екінші жыл – 50%, үшінші жыл – 25% мемлекет есебінен төленеді. «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығында 33 мыңға жуық, жыл басынан тағы 5 мыңдай кәсіп­керге бизнес-жоспарды әзірлеуден бас­тап, жобаны пайдалануға беруге дейін­гі құ­жаттарға қолдау көрсетілуде. Нәти­же­­­сінде, бүгінде қалада белсенді жұ­мыс жасайтын кәсіпкерлік субъектілер саны 124 мыңнан асып, өткен жылмен са­лыс­­тырғанда 52 пайызға артты», деді М.Әйтенов.

 

Бәсі жоғары білім

Білім беру нысандарын дамыту мақса­тында соңғы бес жылда 48 810 орындық 105 мектеп пайдалануға берілді. Оның 80%-ы жеке инвестор есебінен салынған. Енді үш ауысымды мектеп саны 19-дан 3-ке, ыңғайлы мектеп саны 17-ден 3-ке азайды. Биыл 18 мектепті пайдалануға беріп, үш ауысымды мектеп мәселесін толы­ғымен шешуді көздеп отыр екен.

«Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жо­басы аясында қалада 2026 жылға дейін 28 мың орындық 18 мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар екі Оқушылар сарайының құрылысы бас­талады. Оның біреуі биыл пайдалануға беріледі. Одан басқа 750 орындық 5 өнер мектебінің құрылысын салу жоспарлануда», деді баяндамашы.

 

Деңгейі өскен денсаулық

Соңғы 5 жылда денсаулық сақтау ұйымдарының материал­дық-техникалық базасымен жа­рақ­тандыруға 19 млрд теңге ба­ғытталып, қамту деңгейі 67 пайыз­дан 79 пайызға артыпты. Соңғы 4 жылда 12 жеке емха­на ашылып, мемлекеттік емха­налардың жүктемесі 30 пайызға азайған. Өткен жылы қалада жеке инвес­тор есебінен ПЭТ/КТ сәулелі терапия орталығы ашылып, қатерлі ісік ауруын бастапқы сатысында анықтап, алдын ала емдеуге мүмкіндік беруде.

Биыл жеке инвесторлар есебі­нен 3 жаңа емхана ашылды. Осы атқарылып жат­қан жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан жалпы өлім көрсеткіші 8%-ға, нәресте шетінеуі 20,6%-ға төмендеді. Ал ана өлімі тіркелмеген. 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана мен же­ке инвесторлардың есебінен 800 орын­дық клиниканың құрылысы және 6 меди­цина­лық орталық ашу жоспарланып отыр екен.

 

Сыннан сүрінбеген спорт

Бұқаралық спортты дамыту мақсатын­да, осыдан 3 жыл бұ­рын республикада алғаш болып «Шымкент жастар лигасы» атты бірегей жоба басталған. Жыл сайын оқушылардың қызығушылығы артып, лига ауқымы артуда. Биыл 151 мектептен 500-ден аса командалар жасақталып, 6 мың­ға жуық оқушы қатысты. Қалада спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл «Үстел теннисі спорт кешені» және «Жаңа ипподром» құрылысы (демеуші есебінен), «Металлург» стадионын реконструкциялау жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін бюджет есебінен ауысымына 250 баланы қабылдайтын 2 спорт ғимараты және жеке кәсіпкер есебінен «SPORT LIFE» футбол орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Биыл спорттық үйірмелермен жан басына шаққанда қаржыландыру арқылы 19 мыңнан аса бала қамтамасыз етілген.

 

Жұмыссыздық азайды

Халықты жұмыспен қамту іс-шарала­рына биыл 57 мың адам жоспарланып, оның 42 мыңын тұрақты жұмыспен қамту қажет. Жыл басынан 14 мыңнан аса адам тұрақты жұмыс орнын тапты. Соңғы жылдары жұмыспен қамту іс-шараларын күшейту арқылы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға азайып, 10 794 отбасыны құраған.

 

Игілікке жараған инфрақұрылым

«Соңғы 5 жылда инженерлік-инфра­құрылым жүйелеріне бюджеттен 191 млрд теңге бағытталып, оның 87 пайызы немесе 166 млрд теңгесі соңғы үш жылда бөлінді. Нәтижесінде, 1 магистралды суағар салынып, қуаттылығы тәулігіне 364 мың текше метрге жетті. Ол шамамен 2030 жылға дейін жетеді. Төрт подстанса салу арқылы, электр энергиясының қуаттылығы 490 мВт-ға жетіп, қаланың 2025 жылға дейінгі қажеттілігі шешілді. Газдандыру саласында жаңа АГРС салу арқылы, газ қуаттылығы тәулігіне 430 мың текше метрге жетіп, 2030 жылға дейінгі газ мәселесі де өз шешімін тапты», деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

 «Көлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінетін қаражаттың көлемін биыл 38,0 млрд теңге­ге жеткізіп, 2018 жылмен са­лыстырғанда 5 есеге ұлғайтылды. Соңғы 5 жылда ұзақтығы 900 шақырымнан аса асфальтталған жол салынып, қаланың орталық бөлігіндегі ірі жолайрық пайда­лануға берілді.

 Жолаушылар тасымалының деңгейін арттыру мақсатында, қаладағы автобус­тар паркін соң­ғы 5 жылда 35 пайыздан 90 пайыз­ға дейін жаңартып, шалғайда орналасқан елді мекендер толы­ғымен автобуспен қамтылды. Жеке инвестор есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан жаңа әуежай терминалын жыл соңына дейін аяқтау көзделген.

«Ал теміржол вокзалы сенім­гер­лік басқаруға беріліп, жеке инвестор есебінен толығымен қайта жаңартылатын болады. Нәтижесінде, әуежайдың жолаушыларды өткізу қабілеті сағатына 200 адамнан 2 000 адамға, темір жол вокзалының қызмет көрсетуі тәулігіне 2 000 адамнан 6 000 адамға дейін артады», деді М.Әйтенов.

 

Тұрғын үй құрылысы қарқынды

 Шымкент қаласында соңғы бес жылда 3 млн 700 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынған. Оның 2 миллионы соңғы екі жылда пайдалануға берілді. Ен­­дігі кезектегі межеміз – жыл сайынғы тұр­­ғын үй көлемін 2 млн шаршы метрге жеткізу. Ол үшін инфрақұрылыммен дер кезінде қамту қажет. Қазір құрылыс аумақ­тары айқындалып, инженерлік жүйе­­лер­ді жобалау жұмыстары басталып кеткен.

«Биыл мемлекеттік бағдарлама шең­бе­рінде 4 445 отбасы баспанамен қамтыла­ды. Мемлекеттік бағдарламадан тыс қа­лып отырған әлеуметтік санаттағы аза­мат­тар да бар. Аталған санаттағы аза­маттар­ды тұрғын үймен қамту мақса­тын­да, «Қамқор» жергілікті тұрғын үй бағдар­ламасы қабыл­данды. Бағдарламаны жүзеге асыруға 3 млрд теңге бөлінді», деді бұл жөнінде қала басшысы.

 

Қолайлы қала қалыптастыру

Қала тұрғындары мен қо­нақ­­та­рына қолайлы қала қалып­тас­тыру мақсатында, ағымдағы жы­лы 9 гүлзар, 1 саябақ салу және қала орталығындағы Қошқар ата өзені жағалауын абаттандыру жұ­мыс­тары жүргізілетін болыпты. Аумағы 42 гектарды құрайтын Шым-сити шағын ауданында жаңа саябақ құрылысы басталған. Қаладағы демалыс аймақтарын ұлғайту мақсатында, жоспарға сәйкес жыл сайын 10 гүлзар салу мүмкіндік бар.

«Тиімді және нәтижелі жұмыс жасау үшін халықпен кері байланыс өте маңыз­ды. Өткен жылдан бастап Мемле­кет басшысының Жарлығымен әкімдердің халықпен кездесу өткізу тәртібі өзгерді. Осы орайда, тоқсанына 1 рет қаладағы 5 аудан тұрғындарымен кездесудің желілік кестесі бекітілді. Өткен 5 айда қала аумағындағы тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 70 кездесу өткіздім. Әкімнің жеке қабылдауы барлық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен күні бойы «ашық есік» форматында өтуде», деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

 Әкім халықты толғандыратын әрбір сұрақты бақылауға қойып, оны қатаң қадағалауды жоспарға енгізген. Жыл басынан бері қала әкімі 6 жеке қабылдау өткізіп, 629 адам қабылдаған. Нәтижесінде, мәселелер бойынша 322 тапсырма беріліп, оның 224 шешімін тапса, қалғандары заң талаптарына сәйкес қаралуда.

Одан басқа, тұрғындарды тол­ған­дыратын мәселелердің соңы­на дейін орындалуына қол жет­кізу, ашық және тиімді жұмыс жа­сау үшін әр елді мекеннен бел­сен­ді азаматтардың бақылауы еске­ріледі. Бұл тәжірибе халықпен кері байланыс­ты күшейтіп, қазір­дің өзінде тиімділігін көрсетіп отыр.