Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуінен Иран мен АҚШ арасындағы байланыстардың тоқтатылуы әлемдік мұнай бағасының айтарлықтай өсуіне себеп болды. Нарықтағы мәліметтерге сәйкес, Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы барреліне 97 долларға дейін, ал WTI мұнайы 94 долларға дейін көтерілді, деп хабарлайды Egemen.kz
Tasnim агенттігінің хабарлауынша, Иран америкалық келіссөз жүргізушілерімен хабар алмасуды тоқтатқан. Тегеран бұл шешімге Израильдің Ливандағы әрекеттері себеп болғанын мәлімдеді. Иран тарапы бұған дейінгі бітімгершілік келісімдерінің бір шарты бұзылды деп есептейді.
Бұдан бөлек, Иран мен Ливанның қарсылық күштері Ормуз бұғазын толық жабуға және басқа бағыттардағы, соның ішінде Баб-эль-Мандеб бұғазындағы әрекеттерді күшейтуге дайын екенін мәлімдеді. Осы жағдай аясында энергетика нарығының ірі ойыншылары мұнай бағасының күрт қымбаттауы мүмкін екенін айта бастады.
Нью-Йоркте өткен конференцияда әлемдегі ең ірі энергетикалық компаниялардың бірі – Exxon Mobil компаниясының аға вице-президенті Нил Чепмен алдағы апталарда мұнай бағасы барреліне 160 долларға дейін жетуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, стратегиялық қоймалардағы қорлар азайып барады.
Bloomberg: Қазақстан сын-қатерлерді мүмкіндіктерге айналдыруды үйренді
Айта кетейік, жуырда Bloomberg Қазақстан мен Exxon Mobil арасындағы келіссөздер туралы хабарлаған болатын. Әңгіме Қашаған кен орнының әлі игерілмеген бөлігін дамытуға қатысты. Басылым мәліметінше, компания қазіргі уақытта ҚазМұнайГаз компаниясымен бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігін талқылап жатыр.