Батыс Қазақстан облысында жазғы сауықтыру маусымы қарсаңында жүргізілген тексеру барысында балалар лагерлерінде жұмыс істеуге ниет білдірген бірнеше адамның бұрын сотталғаны анықталды. Полиция мәліметінше, олардың құжаттары тиісті шешім қабылдау үшін уәкілетті органдарға жолданған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Батыс Қазақстан облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыратын мекемелердің қызметкерлерін тексеру кезінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталды.
Полиция қызметкерлері білім басқармасы ұсынған қызметкерлер тізімін зерделеу нәтижесінде сегіз адамның бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын анықтаған. Сонымен қатар тағы бес адамның әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны белгілі болды.
Аталған материалдар заңға сәйкес шара қабылдау үшін құзырлы органдарға жіберілді.
Елімізде балалар лагерьлеріне қандай талаптар енгізілді?
БҚО полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы Алишер Утегеновнің айтуынша, тексеру лагерьлер жұмысын бастамай тұрып жүргізілген.
Оның сөзінше, білім басқармасы ұсынған тізімдер негізінде қызметкерлердің қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке қатысы бар-жоғы міндетті түрде тексеріледі.
Биыл өңірде 16 қала сыртындағы лагерь, 500 мектеп жанындағы демалыс алаңы және 7 шатырлы лагерь балаларды қабылдай бастады.
Лицензиясы жоқ лагерьлер жабыла ма?
Полиция департаменті балалардың қауіпсіздігі ведомство басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.