Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте инвестициялық жобаларды іске асыру, экологиялық қауіпсіздік және жерді қалпына келтіру мәселелеріне ерекше назар аударды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президент елімізде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жер телімдерін пайдаланудың айрықша шарттары әзірленіп, бұл құқықтық режим Конституциялық заңмен бекітілгенін айтты.
«Арнайы басқару режиміне сәйкес Кеңестің, Реттеуші комиссияның және қала әкімшілігінің құзыреттері нақты белгіленді. Сондықтан қағазбастылыққа салынбай, барынша жедел және сапалы жұмыс істеу керек. Алдымен баса назар аударатын мәселелерді қолға алу қажет. Мысалы, қоқыс полигондарынан үнемі өрт шығады, бұл мәселені шұғыл және түпкілікті шешкен жөн», деді Мемлекет басшысы.
Президент: Alatau City алғашқы толық цифрлы қала болады
Сонымен қатар Президент бүлінген жерлерді қалпына келтіру жұмыстарының маңызын атап өтті.
«Қалаға жақын аумақта 30-ға жуық жер қойнауын пайдаланушы компания қызмет етіп жатыр. Олардың басым бөлігі экологиялық заңнама талаптарын және өнеркәсіп қауіпсіздігінің нормаларын сақтамайды. Тіпті, мұндай заңсыз әрекеттер жүйелі сипат алып кеткен деп айтсақ, артық болмайды. Өкінішке қарай, қызметін толық немесе уақытша тоқтатқан көптеген компания жерді қалпына келтіру жұмысымен мүлде айналыспайды. Осы мәселені шешу – жергілікті атқарушы органның тікелей міндеті. Үкімет бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Президент Әкімшілігі осы жұмысқа қосылуы қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Алматы облысына барды.
Президент Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатқанын айтты.
Сондай-ақ жиында Мемлекет басшысы Алатауды криптоқалаға айналдыруды тапсырды.