• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Президент Бүгін, 16:10

Президент: Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру керек

Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы инвесторларға барынша жайлы жағдай жасауды және оларға жоғары деңгейде қызмет көрсетуді аса маңызды міндет ретінде атады, деп хабарлайды Egemen.kz. 

«Қазір алдымызда тұрған жұмыс – аса маңызды: инвесторларға барынша жайлы жағдай жасалуға тиіс және оларға жоғары деңгейде қызмет көрсетілуі қажет. Ең алдымен халықаралық талаптардың қатаң сақталуына баса мән берген жөн. Әсіресе, ұлттық заңнама жүйесінде қамтылмаған мәселелер бойынша әлемдік озық тәжірибені кеңінен қолданған абзал. Нағыз озық әрі жедел даму жолына түсеміз десек, бұл жұмысты міндетті түрде қолға алуымыз керек. Тиісті лауазымды тұлғалар ешкімнен қорықпай, батыл шешімдер қабылдауы керек. Бұл өтініш я кеңес емес, бұл – нақты тапсырма», деді Президент.

Президенттің айтуынша, арнайы құқықтық мәртебесі бар қалалар жаһандық капиталды тарту үшін дәл осылай батыл әрі белсенді жұмыс істеп, алдыңғы қатарға шығады.

«Шетел инвестициясын қорғау, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету, шарттардың ашықтығын және мемлекет ұсынатын кепілдіктердің бұлжымастығын қамтамасыз ету – негізгі мәселе, кезек күттірмейтін міндет. Бұл саладағы жұмыстың бәрі нәтижелі болсын десек, инвесторларды көптеп тарту керек болады, ал ол үшін қолайлы орта жасауымыз керек және тиімді экожүйені құруымыз қажет. Бұл, әрине, өте ауқымды шаруа. Сондықтан алдымен өзекті, яғни басымдыққа ие бағыттарға айрықша мән беру керек: IT, өнеркәсіп, көлік және логистика, туризм, медицина, білім беру салаларын дамыту өте маңызды», деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы: Alatau city жобасына зор үміт артып отырмыз

Сонымен қатар, Президент отандық бизнес өкілдері қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет екенін айтты.

«Маған бүгінде 50-ден астам инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталғаны жөнінде мәлімдеді. Жалпы көлемі екі триллион теңгеге жуық қаржы құйылған бастамалар аясында 50 мыңнан аса жұмыс орны ашылады. Алдағы бір-екі жыл ішінде басым салаларға инвесторлар тарта отырып, аталған портфельді кеңейте түсуіміз керек», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, әсіресе, отандық бизнесті ынталандыруға баса назар аударылғаны жөн. Бизнес өкілдері сырттан бақылаушы болмай, қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет.

«Мұның маңызы зор. Өйткені, Шэньчжэнь секілді қалалардың тәжірибесі алғашқы онжылдықта шаһардың өркендеуіне жұмсалған инвестицияның басым бөлігін сыртқы емес, ішкі салымдар құрағанын көрсетіп отыр. Шэньчжэнь, Хайнань, Дубай, Сингапур сияқты қалалардың бәрінде мемлекет алғашқы инвестор ретінде базалық инфрақұрылым қалыптастырып берді. Осылайша, бизнесте тәуекел азайып, тиісті жағдай жасалатын орнықты инвестициялық цикл іске қосылды», деді Президент.

Президент: Alatau City алғашқы толық цифрлы қала болады

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет бастапқы кезеңде қаланың негізгі инфрақұрылымын дамыту мақсатында тұрақты түрде қаржы бөліп отыруы керектігін атап өтті.

«Жалпы, мұндай инвестициялық тәсіл – әбден орынды және ойға қонымды. Мемлекет инфрақұрылымға инвестиция салса, жеке капитал да келе бастайды. Соның арқасында салық түсімі артады, жаңа инфрақұрылым пайда болады. Осылайша, қолға алынған жұмыстың ауқымы кеңейе береді. Ал негізгі инфрақұрылымға бастапқы инвестиция салу міндеті тек жеке секторға ғана жүктелсе, жобалардың инвестициялық тартымдылығы әлсірейді. Мұндай жағдай тарифі жоғары монополия құрылымдарының пайда болуына әкеп соқтырады және ақыр соңында дамуды тежейді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атап өткендей, сондықтан Үкімет бастапқы кезеңде қаланың негізгі инфрақұрылымын дамыту мақсатында тұрақты түрде қаржы бөліп отыруы керек. Басқа жол жоқ.

«Қажет болса, орнықты кіріс қоры қалыптасқанша Алатауға қосымша лимиттерді және мемлекеттің кепілдігімен қарыз алу құқығын беруге болады. Дегенмен бюджет қаржысы тек инвестициялық мақсатқа сай жұмсалуға тиіс. Қаланың ұзақмерзімді даму бағдары басты назарда болуы керек», деді Мемлекет басшысы. 

Еске салайық, бүгін Президент жұмыс сапарымен Алматы облысына барды.

Соңғы жаңалықтар