Алатау қаласын дамытуға арналған кеңестегі сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Alatau City үлкен деректерді, озық технологияларды және «ақылды» басқару тетіктерін негізге ала отырып, инфрақұрылымы, қалалық сервистері мен экономикасы өзара ықпалдастырылған алғашқы толық цифрлық қала болатынын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президенттің айтуынша, қаланы дамытудың орнықты моделін құру қажет.
«Жобаны жүзеге асыру айтарлықтай күрделі және операциялық шығындарды қажет етеді. Бұл орайда тұрақты, болжамды кіріс базасын қалыптастырған жөн. Қазіргі қаржылық-экономикалық моделдің келешек шығындарды жаба алмай қалу қаупі де бар. Инвестиция ағыны мен бизнесті дамытуға баса мән беріп отырмыз. Дегенмен бұл – кепілдік берілген табыс көзі емес, бар болғаны болжам мен үміт қана», деді Президент.
Президент: Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілді
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұдан бөлек, бастапқы кезеңде көзделген жеңілдіктер салық түсімдерінің азаюына әкеледі. Бұл құрылымдық алшақтыққа ұрындыруы мүмкін. Өйткені қаланы қамтамасыз ету мен дамытуға қаражат қажет кезде түсімдер кешігуі немесе бастапқыда төмен болуы ықтимал.
«Сондықтан Алатауды дамыту жөніндегі кеңес қала әкімшілігімен бірге ұзақмерзімді орнықты дамудың тиімді қаржы-экономикалық үлгісін әзірлеуі керек. Сонымен бірге қаланы стратегиялық жоспарлауға негіз болатын құжаттарды бекіткен жөн. Инвесторлар мен серіктестер, азаматтар 10, 20 немесе 30 жылдан кейін Алатау қаласының қандай болатынын түсінуі қажет», деді Президент.
Мемлекет басшысы: Alatau city жобасына зор үміт артып отырмыз
Президенттің сөзінше, Alatau City үлкен деректерді, озық технологияларды және «ақылды» басқару тетіктерін негізге ала отырып, инфрақұрылымы, қалалық сервистері мен экономикасы өзара ықпалдастырылған алғашқы толық цифрлы қала болады. Басты бағдар – осы.
«Келесі жылы қаланы дамытуға белсене кірісу үшін стратегиялық құжаттардың барлығын (Ұзақмерзімді жоспар, Кешенді бағдарлама және Даму стратегиясы) жыл соңына дейін қабылдау керек. Мұндай ірі және ұзақмерзімді жобаларды іске асыруда процесті жедел, қарқынды және ең әуелі сәтімен бастау өте маңызды. Созбаққа салсақ, іс тоқырады деп санай беріңіздер», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Алматы облысына барды.