Жамбыл облысында адам өліміне әкеп соққан ірі жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қайғылы жағдай Қордай ауданында болып, екі жеңіл көліктің соқтығысуы салдарынан бір жүргізуші оқиға орнында көз жұмған, деп жазады Egemen.kz.
Апат Қордай ауданы аумағындағы тасжолда болған. Мұнда «Lexus» пен «Tank 500» маркалы автокөліктері соқтығысып, соққы салдарынан бірінші көліктің тізгіндеушісі қайтыс болды.
Жантүршігерлік жол апатынан Шығыс Қазақстанда үш жігіт көз жұмды
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, «Lexus» жүргізушісі жол жиегіндегі қисық сызықты қоршауға (брус) жанай соғылып, содан кейін көлігі айналып кетіп, жолдың жүру бөлігіне тоқтаған. Осы мезетте артта келе жатқан «Tank 500» автокөлігінің жүргізушісі тежегішті басып үлгермей, «Lexus»-қа соқтығысқан», делінген ресми хабарламада.
Құзырлы орган өкілдері жол апатының толық себептерін анықтау үшін барлық қажетті сараптамаларды тағайындады. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Бұған дейін Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған жол апатына байланысты бірнеше полиция басшысының қызметінен босатылғанын хабарлағанбыз.