Құрылтайдың негізгі мақсаты – халық пен биліктің арасын байланыстыру. Түркістанда ел көкейінде жүрген талай мәселенің тиегі ағытылды. Проблемалар талқыланып, оны шешудің жауапкершілігі тиісті органдарға жүктелді.
Бұрынғы кезбен салыстырғанда өзге ұлт өкілдері қазақ тілін тәуір меңгеріп келеді. Әсіресе мемлекеттік қызметте істейтіндерге қазақша білу – міндет. Құрылтайда Президент ұлт болашағының, мемлекет келешегінің бірлік, ынтымақсыз бұлыңғыр болатынын жақсы айтты. Өз кезегінде екі мәселеге назар аударғым келеді. Ол – спортты насихаттау, Олимпиада жеңімпаздарын жастарға үлгі ету. Идеологиялық жұмыстың бір бөлігі осыған арналуға тиіс. Екіншіден, букмекерлік кеңселердің қызметін шектеу. Ойынға құмартқандар тіпті үйлерін сатып, ақша тігеді. Бұл – қоғамға қауіпті. Осы екі мәселе алдағы уақытта құрылтай шеңберінде шешімін табар деп үміттенемін.
Ислам БАЙРАМУКОВ,
еркін күрестен Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері