• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнім 19 Маусым, 2023

Маңғыстаудың үздік тауары

225 рет
көрсетілді

Маңғыстау өңірінде «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында жалпы құны 35 млрд теңге болатын 912 жоба мақұлданып, 247 жұмыс орны сақталған, 424 қосымша жұмыс орны құрылды. 2023 жылдан бастап жұмыспен қамту аясында жас кәсіпкерлерге 2,5%-бен несие беру басталған болса, осы бағытқа республикалық бюджеттен 815 млн теңге қаражат бөлініп, 163 жас кәсіпкерге төмендетілген пайызбен несие беру жоспарланды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» қанатқақты бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен 1,2 млрд теңге қаражат бөлініп, бағдарлама аясында 237 жобаны қаржыландыру жоспарланған.

Кәсіпкерлеріне қарқынды қолдау көрсе­туді қолға алған «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының өңірлік кезеңі өтті. Отандық өнімнің сапасын арттыру, ел нарығын бәсекеге қабілетті тауармен толық­тыруға бағытталған жыл са­йын ұйым­дастырылатын шараға облыстағы 60 кәсіпорын, Ресейдің Астархань облысы думасының төрағасы Игорь Мартынов бастаған делегация, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдері мен еліміздің Ұлытау, Абай, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының бір топ кәсіпкерлері, бизнес қолдаушылары қатысты. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев әр кәсіпкер ұсынған тауарлар көрмесін аралап, қолдауын білдірді.

Байқау «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» үш аталымы бойынша жүргізіліп, әр аталым бойынша үш-үштен - тоғыз жеңімпаз айқындалды. Жеңімпаздар арнайы жүлдемен марапатталды.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша «КазАзот» АҚ, «Каскор-машзавод» ЖШС және «ОСС Қазақстан» ЖШС жеңімпаз атанды. Ал «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымында жеке кәсіпкерлер Әсел Жекенова, Илес Жұмаханұлы, Алдаберген Тіленбаев жеңіске лайық деп танылды. Сонымен қатар, «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС, «Korkem Alem» ЖШС, «MAGA-BREAD» ЖШС үздік шықты.

Расында да, шағын бизнесті дамыту және нығайту – мемлекеттің басты тапсыр­маларының бірі. Қазір республикалық және жергілік­ті көлемде кәсіпкерлерге жан-жақ­ты қол­дау көрсетілуде. Мәселен, өңірде тіркел­ген шағын және орта бизнес субъек­тілерінің саны өткен жылмен салыстыр­ғанда 28% өсіп, 87 мыңға жеткен. Ашыл­ған кәсіпкерліктердегі жұмыспен қамтыл­ғандардың саны 23% өсіп, 155 мың адамға жетіп отыр. Салтанатты шарада жеңімпаз атанған барлық кәсіпкерлерді құттықтаймын. Оларға республикалық байқауда сәттілік тілеймін», деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Өңірлік байқаудың 9 жеңімпазы «Қазақ­станның үздік тауары» республика­лық көрме-байқауына жолдама алды.

 

Маңғыстау облысы