• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Инфографика 20 Маусым, 2023

Тұтынушы құқын қорғау жүйесінің тиімділігі

337 рет
көрсетілді

Елімізде тұтынушы құқын қорғау шаралары күшейтіледі. Бұл жөнінде Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлім болды. Сондай-ақ отырыста туризм саласындағы қазіргі жағдай мен саланы дамыту бойынша алдағы атқарылатын шараларды жүзеге асыру барысы қаралды.

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин республикада тұтынушы құқы бұзылғаны туралы шағымдар саны жыл өткен сайын көбейіп бара жат­қанын баяндады. Мәселен, 2022 жылы тиісті министрлік 30,2 мыңнан астам шағым қараған. Басқа мемлекеттік органдар бойынша да жағдай осындай.

Көбіне азаматтар медициналық қыз­мет­тердің сапасы, байланыс қызмет­тері, қалалық қоғамдық көліктер және қоғам­дық тамақтану қызметтеріне шағымда­нады. Бұл ретте өткен жылы келіп түс­кен шағымдардың 44,8%-ы бойын­ша кон­сультациялық-құқықтық көмек көр­сетіліп, 43,7%-ы бойынша оң шешім­  қабылданыпты. Нәтижесінде, тұ­тынушыларға 786 млн теңге қайтарылған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заңнамаға тұты­нушы құқығын қорғау жүйесінің тиім­ділігін арттыруға бағытталған түзетулер әзірленді. Мәселен, тұтынушы құқығын қорғау мәселелері бойынша Омбудсмен институтын енгізу, олардың шағымдарын қарау рәсімін жеңілдету (4-тен 2 сатыға дейін), негізгі қағидаттарын коммуналдық, көлік, медициналық, туристік қызметтер, бай­ланыс қызметтері және өзге де сала­ларға мін­деттеу көзделіп отыр», деді С.Жұман­ғарин.

Сонымен қатар соттың шешімімен айыппұл салу арқылы азаматтық жауап­кершілікті енгізу жоспарланып отыр. Бұл шара кәсіпкерлік нысандарын тұтынушының заңды талаптарын орындауға ынталандырады. Сондай-ақ онлайн-сауда сегментінде заңды талаптардың орындалуын қадағалау бойын­ша жұмыс жүргізіле бастайды.

Жалпы түзетулер нәтижесінде тұты­нушы құқығын қорғау саласын мемле­кеттік реттеу бойынша қанағаттану деңгейі 2025 жылға қарай 80%-ға жетуге тиіс. Ұсынылған түзетулер бойын­ша Қазақстанның ұлттық тұтыну­шы­лар лига­сының төрағасы Светлана Рома­нов­ская түсініктеме жасады.

Премьер-министр шағымдардың басым бөлігі сапасы төмен тауарларды сату, зат бағасының көрсетілмеуі және дұрыс көрсе­тілмеуі, интернет-дүкендерден ақшаның уақтылы қайтарылмауы бойын­ша екенін атап өтті.

«Тұтынушылар денсау­лық сақтау, тамақтану, тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық, байланыс салаларын­дағы қызметтердің сапасына да жиі ша­­ғымданады. Мемлекеттік органдар өтініштерді уақтылы қарай бермейді. Кө­бінесе мәселе сол күйі шешілмей қа­лып жатады. Осыған байланысты Тұ­ты­нушылардың құқықтарын қорғау жө­ніндегі ведомствоаралық кеңестің жұ­мы­сын күшейту қажет», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, 2020 жылы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға енгізілген түзетулер үкі­меттік емес ұйымдар мен бизнесті тар­та отырып, біртұтас жүйе құруға ық­пал етті. Оған қоса нақты нәтижеге қол жет­кізу үшін заңнамалық базаны одан әрі же­тіл­діру қажет. Осы мақсатта қол­да­ныстағы заңдарға жаңа түзетулер әзір­ленген еді.

 «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу ұсынылады. Ол проблемалар мен шағымдарды реттеудің негізгі үйлес­тірушісі болуға тиіс. Бұл орайда тұты­нушылардан түсетін шағымдарды қарау алгоритмін барынша жеңілдету қажет. Мұнда тұтынушы – қоғамдық бірлестік – мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді схемасын құру маңызды», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы ұсынылған заң жо­ба­ларын қолдау бойынша дауыс беру рәсімі өткізілгеннен кейін олардың Парла­мент Мәжілісіне уақтылы жолдануын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ Үкімет басшысы кейінгі уақытта Қазақстанның туристік нысандарына қызығушылық артып келе жатқанын айтты. Негізінде, туризм саласындағы қазіргі жағдай және саланы дамыту бо­йынша алдағы атқарылатын шараларды жүзеге асыру барысы талқыланды.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов елімізде туризмнің дамып келе жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ішкі туристер саны 25%-ға өсіп, 8,6 млн адамға жеткен. Бұл пандемияға дейінгі деңгейден 2 млн-ға жуық адамға көп. Сон­дай-ақ өткен жылы Қазақстанға 1 млн-ға жуық шетелдік турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 1,4 млн адамға дейін артады деген жоспарлы болжам бар екен. «Бұл шетелдік қонақтардың Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызы­ғушылығының артып келе жатқанын көрсетеді», деді министр.

Республикадағы қонақүйлер саны 284-ке көбейіп, 4 мыңға жетті. Жалпы сыйымдылығы 203 мыңнан астам төсектік орынды құрап, 10 мыңға көбейген. Барлық туристік орын 2022 жылы жалпы сомасы 183 млрд теңге табыс тапқан. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 68%-ға көп. Нәтижесінде, туристік қызметтен түсетін салық түсімдерінің рекордтық деңгейі тіркелген. Осы жылдың І тоқсанындағы көрсеткіштер саладағы өсудің жалғасып келе жатқан үрдісін көрсетіп отыр.

 «Елімізде туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс жалғасып келеді. Мәселен, өткен жылы құны 27 млрд теңге болатын 28 жоба аяқталды. Оның ішінде Балқаш курорттық аймағында ин­женерлік коммуникациялар және Ақтау қаласының жылы жағажайына дейін автожол салынуы, сондай-ақ әуе тасымалы мүмкіндіктерін едәуір кеңейткен Үшарал және Үржар әуежайларының іске қосылуы ерекше маңызға ие. Қазіргі таңда 439,3 млрд теңгені құрайтын 83 ин­фрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып отыр», деді А.Оралов.

Туризм саласының инвестициялық әлеуетін дамытуға да көп көңіл бөлінді. Мәселен, 2019 жылдан бері жалпы құны 420 млрд теңгеден асатын 360-тан астам инвестициялық жоба іске қосылды. Биыл 14,5 мың төсектік орын мен 2 мың тұрақты жұмыс орнын ашу бойынша 288 млрд теңгенің 115 жобасы жүзеге асырылып отыр екен. Кәсіпкерлік белсенділікті ын­таландыру және бизнесті қолдау мақ­сатында өткен жылдан бастап елімізде мемлекеттік қолдаудың жаңа 7 шарасы қолданысқа енгізілгені мәлім.

Сондай-ақ Үкімет отырысында Маң­ғыс­тау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Түркістан облысының әкімі Дархан Са­тыбалды, Ақмола облысының әкімі Ер­мек Маржықпаев өңірлердегі туристік жо­балардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.

Премьер-министр туризм саласының көптеген әлем елдері үшін негізгі табыс көзі болып саналатынын, сондықтан да оның даму болашағы өте жоғары екенін айтып өтті. Осы саланы жандандыру және оған жүйелі түрде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін тиісті заңнамалық түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, Турис­тік саланы дамытудың 2023-2029 жыл­дарға арналған тұжырымдамасы бекітіліп, республикалық және өңірлік деңгейдегі Туристификация карталары дайындалды.

Сонымен қатар шетелдік туристерге салықты қайтарудың әлемдік «Tax free» тәжірибесі енгізілді. Туристер Қазақ­станға визасыз келе алатын мемлекеттер қатарына қосылу үшін де нақты жұмыс жүргізілген.

 «Елдердің арасындағы осындай кедергілерді алып тастау Қазақстанда туризмнің дамуына елеулі серпін береді. Мұны салық түсімдерінен көруге болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласынан түскен салықтардың көлемі 390 млрд теңгені құрады. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Жалпы, Қазақстанның туристік нысандарына қызығушылық артып келеді», деді Әлихан Смайылов.

Жыл сайын жағажайлар мен туристік аймақтардың ластануына қатысты сын айтылады. Тұрғындар мен бизнес тарапынан қарапайым жағдайдың жоқ­тығына, жолдардың нашарлығына, турис­тік объектілердегі антисанитарияға шағымдар көп. Туристік маусым енді бас­талды, соның өзінде қызметтердің сапасы бойын­ша мемлекеттік органдарға 500-ден астам ресми шағым мен өтініш түсіпті.

 «Такси жүргізушісінің шетелдік қонақ­тарды әуежайдан қонақүйге дейін 800 долларға жеткізіп салған жағдай бәрінің есінде. Қонақүйлер мен жалпы тур­лар­дың, сондай-ақ ішкі билеттердің жоғары бағаларына, туристерге қызмет көрсету уақытына қатысты шағымдар бар», деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, мұндай келеңсіз жайттар елдің имиджіне нұқсан келтіреді. Сондықтан мемлекеттік органдар да, бизнес те осы проблемалардың бәрін шұғыл шешуі керек.

 «Міндетіміз – барлық өңірде инфра­құ­рылымның, логистиканың, сер­­вис­­­тің сапасы мен қызмет көрсету мәде­ние­тінің даму қарқынын арттыру. Қазақстан 2029 жылға қарай Саяхат пен туризмді дамытудың жаһандық индексі рейтингінде 50-орыннан төмен болмауға тиіс», деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Осыған байланысты Үкімет басшысы негізгі туристік орындарға бара­тын жолдарды жөндеу және салу жө­ніндегі жұмысты жеделдетуді, турис­тік объектілерді инженерлік инфрақұ­ры­лыммен уақтылы қамтамасыз ету жө­нінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ курорттық аймақтар мен туристік объек­­ті­лердің санитарлық жай-күйі мен абат­тан­­дырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Ол сондай-ақ қызметтерге тарифтерді көрсете отырып және туристік объек­тілерде қауіпсіздік шараларын күшейту, барлық отандық объекті бойынша бук­леттер, жолсілтемелер мен карталарды басып шығаруға және таратуға ерекше назар аудару керек екенін атап өтті.