Орал қаласындағы NIS-тің биылғы 11 түлегі мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, ұстаздары мен ата-аналарының мерейін өсірді.
Бұл – еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектебі арасындағы үздік нәтиженің бірі. «Жүзден жүйрік» шыққан оқушылар бүгінде шетелдік ЖОО-лардан шақырту алып үлгерді. Атап айтсақ, Ақбота Алтынбек – Италия мен Германиядан, Айкөркем Нұржанова – Италия мен Гонконгтан, Әлия Нұрлыбай – Қытай, АҚШ университеттерінен, Жәния Сағынгерей – АҚШ, Франция және Финляндияның жоғары оқу орындарынан шақырту алса, Есболсын Бахтияр – Германиядағы Якобс университетінің грант иегері атанған.
Оларға қоса, Сәуле Қазетова – John Hopkins Center for Talented Youth бағдарламасының сертификатын, Мөлдір Мәлбекова – Италияның ЖОО грантын еншіледі. Ал Айнұр Тасболатова – Түркия, Мажарстан, Италия, Финляндияның бірқатар оқу орындарынан, Елнұр Жолдықұл – Италия мен Мажарстаннан шақырту алған. Нұртөре Бауыржан – Италия мен Германияның жоғары оқу орындарын таңдау мүмкіндігіне ие болса, Тоғжан Баудынбай оқу жылында «Business plan competiton – 2022» бағдарламалау бойынша Wunder курсына қатысып үлгерді.
«Біз зияткерлік қарым-қабілетін көрсетіп, білімдерін әлемдік деңгейде дәлелдеген шәкірттерімізді мақтан етеміз», дейді Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Мөлдір Латифова.
Батыс Қазақстан облысы