Өркениет өрісі кең елдермен үзеңгі қағыстыруымыз үшін ғылымды дамытуымыз керек. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан бірден-бір оқу орны Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті десек, ешкім күмән келтіре қоймас. Жуықта Өскеменге жұмыс сапарымен келген Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закария бастаған делегация да аталған оқу орнына ат басын бұрып, оң баға берді.
Сонымен қатар делегация құрамында академияның вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев, Ғылым департаментінің директоры Руслан Нұрлыбаев, академияның басқарма басшысы Мақсат Бөленбаев және кеңесші-сарапшы Дәурен Нұғыманов болды. Олар ғылым саласымен белсене айналысып отырған оқу орнына экскурсия жасап, студенттермен, оқытушылармен тілдесті. Оқу орнының ғылыми жетістіктерін, материалдық-техникалық базасын көрді, ғылыми жобалар көрмесін тамашалады. Бұдан кейін «ШҚО жоғары оқу орындары мен кәсіпорындарының ғылыми ынтымақтастығы: мәселелері мен болашағы» тақырыбында алқалы жиын өтті.
Делегация құрамы өңірлік жоғары оқу орындарының тыныс-тіршілігімен танысуды Шығыстан бастауды жөн көрген.
Ұлттық ғылым академиясы – Президент жанындағы жоғары ғылыми ұйым. Ол ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін шешу және ғылыми нәтижелер деңгейін арттыру үшін өңірлердің ғылыми әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Мәртебелі меймандармен қатар өнеркәсіптік кәсіпорындардың, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысқан дөңгелек үстел жұмысының барысында университет ғалымдарының ғылыми жобалары талқыланып, ғылым саласындағы түйткілді мәселелерді шешу тетіктерін әзірлеу мәселесі қаралды.
Күнсұлу Закарияның айтуынша, өңірлерде ғылымды дамытуды бұдан да жоғары деңгейге көтеру қажет. Себебі Өскемен – өндірістік қала. Ғылымның нағыз дамитын ортасы.
– Өңірлердегі ғылымды дамыту маңызды. Шығыс өңірінде ірі өнеркәсіп орындарының шоғырлануына байланысты мұнда ғылымды дамытудың әлеуеті жоғары. Сондықтан ғылым, өнеркәсіп және бизнес индустриясы жобаларды жүзеге асыру кезінде қатар жүруі керек, – деді К.Закария.
Университет ректоры Сәуле Рахметуллина жиында айтылған барлық мәселе нақты шешімін тауып, жоба түрінде көрініс табатынын айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде ғылымның дамуына айрықша назар аударып, қолданбалы зерттеулердің маңыздылығын, осы бағытта бизнес пен университеттерді шоғырландыру қажетін атап өткен еді.
Ректордың айтуынша, Шығыс Қазақстан техникалық университеті бүгінде үш әлеуметтік маңызды функцияны атқарады. Олар – жоғары білікті мамандар даярлау, жаңа білім беру және қоғамға қызмет көрсету.
Бұл жоғарғы оқу орын облыстың инженерлік кадрларға деген негізгі қажеттілігін қамтамасыз етеді. Студенттер облыстағы 290 кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтіп, оларда жыл сайын мыңнан астам жас маман жұмысқа орналасады.
Университеттің «үштік спираль: университет, бизнес, билік» үлгісін енгізудің бірегей тәжірибесі бар. Сонымен қатар бірлескен зерттеулердің нәтижелері бойынша технологиялар әзірленіп, тәжірибелік үлгілер алынған. Коммерцияландыруға дайын өнімдердің үлгілерін өндіріске енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.
Шара барысында Қазақстан-Америка еркін университетінің президенті Ережеп Мәмбетқазиев, С.Аманжолов университетінің ректоры Мұхтар Төлеген, «Машзавод» ЖШС мен «Өскемен өнеркәсіптік арматура заводы» АҚ басшылары өңірдегі ғылым саласын дамытуға, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындардың ғылыми ынтымақтастығын нығайтуға қатысты мазмұнды баяндамалар жасап, өз ұсыныстарын жеткізді.
Шығыс Қазақстан облысы