• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Пікір 21 Маусым, 2023

Ел тірегі – егіз құндылық

276 рет
көрсетілді

Өткен аптада қазақ елінің рухани астанасы – киелі Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет» деп қағидатты сөзін айтты. Біздіңше, бұл сөзге қазақ елінің әрбір азаматы ерекше мән беруі керек.

Өйткені бұл – Ұлы даланың рухани құндылығы ретінде ежелден келе жатқан қасиетті ұғым. Тарих қойнауына үңілсек, адалдық қай заманда болсын мемлекетті билеу­шілердің басты қасиеті ретінде танылған. Мәселен, Әбу Насыр әл-Фараби адам міндетті түрде адал ниетті болу керек деп есеп­тейді. Өйткені жақсы істер істеп, мұ­ның төлеуін күтсе, адам бұл істерін жаман­дық­қа айналдырады. Сонымен бірге, фило­соф ел басқару iсiнде халыққа адал қызмет бiрiншi орында тұруға тиiс деп есептейді. Өйткені өркениетті Қара­хан­дар мемлекетінің бастауына сәйкес кел­ген Әл-Фараби өмір сүрген заманда қала-мемлекеттерді басқаруда бұл мәсе­ле­ өте маңызды еді.

Әл-Фарабидің ел басқару жө­нін­­­дегі ілімдерін ғалым, мемлекет­ қайраткері Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» шығармасында әрі қарай заң жүзінде қолданысқа енгізудің жолдарын белгі­леп берді. Ойшыл 4105-бәйітінде: «Адал болғын, біл, адалдық – киелі, Бектер – адал, адалдықты сүйеді!» деп, хан мен уәзір, бектерден бастап, атшы мен емшіге дейін қоғам алдындағы міндеттерін адал орындауға меңзейді. Әсіресе мемлекетте әділ заң орнату және әділ басқару – басшыларға ең басты талап ретінде қойылған. Сол дәуірдегі түркістандық ғұлама Ахмет Ясауи де өз хикметінде бүкіл адам баласын адал еңбекке шақырып, ар тазалығы мен жан тазалығына арнайы көңіл бөледі.

Ұлы дала тұлғаларының рухани мұраларын сабақтастықпен жалғас­тыр­ған данышпан Абай отаршылдық жағ­дайдағы қазақ елінің алдыңғы қа­тар­лы, азат ел болудың жолын саралай отырып: «Адалдық – әрбір дүние­нің бастауы. Құдайға, еліңе, ата-анаңа, ұстаздарыңа, махаббатыңа, дос­тық­қа, ең бастысы өзіңе «адал» болу – ұрпа­ғы­ңа қалатын ең үлкен мұра, «қандай тір­лік­ істесең де адал істе, бос жатпа, кәсіп тап,­ еңбек ет» дегенді насихаттайды.

Қазақ тарихында қоғамдағы адал­дық­­тың ең жоғарғы үлгісін өз елінің тәуел­сіздігі үшін жан­қияр­­лықпен кү­рес­кен Алаш қай­рат­­керлерінің өмі­рі­нен, ісінен, қыз­метінен айқын көруге бола­ды. Олар өз алдарына ант беріп, алға қойған мақсатты орындау жолын­да өмірлерінің соңына дейін адал бол­ғаны мәлім. Алаш зиялыларының бұл өне­ге­лі тәжірибесі бүгінгі Әділетті Қазақ­стан үшін маңызды. Мұны Мемлекет бас­шы­сының Ұлттық құрылтайда: «Алаш ру­хы Қазақ мемлекетімен бірге мәңгі жа­сай­ды», деген сөзінен-ақ аңғаруға бо­ла­ды.

Президент осы алқалы жиында: «Әділетті Қазақстан және адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қа­­тар тұруға тиіс» деп, адал азамат­ бо­лу­ға ұмтылуға шақыруы – Ұлы дала тұл­ға­ларының қай тарихи дәуір­де болсын мемлекеттіліктің, отан­шыл­дықтың, елдіктің басты құнды­лық­тарының бірі – адалдық және оның та­рих сынынан өткендігіне сүйенгені анық.

 

Сатай СЫЗДЫҚОВ,

ЕҰУ Еуразия тарихы мен мәдениетін зерттеу орталығының директоры