Орал қаласындағы бес мектепке оқушылар тасымалына су жаңа автобустар берілді. Балаларға арналған көліктердің кілтін Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов салтанатты түрде табыс етті.
Автобустар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен алынған.
Қала басшысы оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарында автобус паркін жаңарту ісіне ерекше назар аударылып отырғанын айтты.
– Қазіргі уақытта қаладағы барлық мектепте қауіпсіздік мәселесі қатаң бақылауға алынған. Мектеп ғимараттарына бейнебақылау жүйесін орнату, дабыл түймесін жедел басқару орталығына байланыстыру, турникеттермен жабдықтау жұмысы толық атқарылды. Қала мектептерінде қазіргі уақытта 60 мыңдай оқушы білім алады. Олардың 2700-і мектепке тасымал арқылы қатынайды. Осы оқушылардың мектепке күнделікті барып-қайтуын сапалы ұйымдастыру және мектеп иелігіндегі автокөліктерді жаңарту мәселесі біраз жылдан бері өзекті болатын. Былтырдан бастап республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, мектептердің автобус паркін жаңартуға мүмкіндік туды. Осындай игі істеріміз жалғасын таба берсін, – деді Миржан Мұнайдарұлы мектеп директорларына жаңа автобус кілтін табыстау салтанатында.
Жаңа көлікке ие болған білім ордасының бірі – Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі ата-аналар комитетінің төрағасы Қанат Иманғалиев ата-аналар мен мектеп ұжымдары атынан мемлекет қамқорлығы үшін алғыс айтты.
Жаңа автобустар Орал қаласындағы №12, 14, 20, 32 және 38 мектептерге берілді. Бұл көліктерде бала қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Қауіпсіздік белбеуі, сөмкелерге арналған сөрелер, бейнебақылау камерасы бар. Тағы бір ерекшелігі – автобус есігі жабылмай тұрып орнынан қозғалмайды. Қозғалыс жылдамдығы – 60 км/сағ. Мұның бәрі баланың қауіпсіздігіне кепіл болары анық.
Батыс Қазақстан облысы