• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Маусым, 2023

«Адал адам» идеясы және ұрпақ тәрбиесі

740 рет
көрсетілді

Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында комиссия мүшелері Президенттің Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан ұсыныстарын талқылады. Соның ішінде бала тәрбиесі, балалар туризмі, секциялар мен үйірмелер ашу, адам құқықтары бойынша мектеп сабақтары, балалар кітабын басып шығаруды жандандыру сынды өзекті мәселелерді көтерді.

Ұлттық комиссия Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауды қамтамасыз ету үшін қоғамдық ұйымдардың, ғы­лыми орталықтардың және мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіруге шақырды. Отырысты жүргізген комиссия төрағасы, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева Ұлттық комиссия Түркістанда өткен Құрылтайда Мемлекет басшысы айтқан түйт­кілді мәселелерді шешудің нақты іс-шараларын анықтау үшін маз­мұнды диалог жүргізуге дайын екенін айтты.

– Президент ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға, зерделі, озық, адал қазақстандықтарды тәрбиелеуге бағытталған келе­лі ойларын айтты. Бұл – мемле­кеттік сектор үшін идеологиялық жұмыстың негізгі бағыттары бо­йынша нақты іс-қимыл бағдар­ламасының бір түрі. Ұлттық құ­рыл­тайдың күн тәртібінің негіз­гі бағыты – өмірде адам­гер­ші­лік заңдары мен биік құнды­лық­тары шешуші әділетті тұлға – «Адал адам» идеясы. Жеке бап ретін­де Президент өскелең ұрпақ тәрбие­сін, оның рухани дамуын, ұлттық сана мен патриотизмді нығайтуды ерекше атап өтті, – деді ол.

Аида Балаеваның айтуынша, ата-аналардың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі жауапкершілігі жүйесін қалыптастыруға бағыт­талған әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру­ды қам­­тамасыз ету, облыс­тық фи­лиал­дар жанынан «От­ба­сы­­лық тәр­бие институ­ты» ұйы­мын құ­ру сияқты ұсы­ныс­тар­ды бөліп көрсетуге болады. «Ұлттық комиссия мектеп бағдарламасына адам құқықтары бойынша са­бақ­тарды енгізу, қатыгездік пен зор­лық-зомбылықты насихат­тай­тын ресурстарды бейтараптандыруды қамтамасыз ету, Ұлт­­тық комиссияның жанынан қазақстандық ғылыми ұйым­дардың консорциумын немесе ерікті бірлестігін құру, жұмыс­пен қамту стратегияларын құру, отбасының қажеттіліктерін ес­ке­ре отырып, балалар арасын­да еңбек құндылықтарын қалып­тастыру мақсатында 14 жас­тан асқан мектеп оқушылары мен студенттерді жұмыспен қам­туға белсенді көмек көрсету іс-ша­раларына міндетті квота бөлу, кітап шығару саясатының тұ­жы­­рымдамасын әзірлеу, кі­тап шығаруға бөлінген жалпы соманың 25 пайыз балалар әде­биетін шығаруға бөлу, Мем­лекеттік сыйлықты тағайын­дау кезінде балаларға арналған шы­ғар­маларды жеке блок ретінде қарастыру сынды ұсыныстарды қолдайды», деді ол.

Оның сөзіне Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова қосылып, балалар мен ересектер арасын­да экологиялық саналы мі­нез-құ­лықты тәрбиелеудің маңыз­дылығын, сондай-ақ ұлттық құндылықтар мен отандық бренд­ті ілгерілетудегі әйелдердің рөлін атап өтті. Сондай-ақ ел Прези­денті өз сөзінде балалар мен жасөспірімдер ұйымдарының қызметіне серпін беру міндетін қойғанын жеткізді.

Ұлттық комиссия төрағасы­ның орынбасары Еле­на Тара­сенко балалар туриз­мі өмірлік тәжірибені жаңа ұр­пақ­қа берудің, патриотизмді қа­лып­тастырудың маңызды жолы екенін, алайда бүгінгі күні жүйелі тәсілдің жоқтығын жә­не бұл маңызды құралдың бағалан­бағанын мә­лімдеді.

«Бүгінгі таңда республика­да 40 турист-өлкетанушылар стансасы мен орталығы жұмыс істейді, оларда 30,5 мың­нан ас­там мектеп оқушысы бі­лім алып жатыр. Алайда соң­ғы үш жылда орталықтардың мате­риал­дық-техникалық жаб­дық­талуы кемшін. 40 станса­ның 17-сі типтік ғимараттарда, 23-і бейім­делген ғимараттарда орна­ласқан. 8 ғимарат күрделі жөн­деуді қажет етеді, 2 ғимарат апат­­ты жағ­дайда, 6 ғимарат ағым­­­дағы жөн­деуді қажет етеді», деді ол.

Мемлекет басшысы атап көрсет­­кен тағы бір маңызды са­ла – бұқаралық ақпарат құрал­да­рының рөлі және мемлекеттің ақпараттық саясаты. Ұлттық ко­мис­сияның мүшесі, коммуни­кация саласының сарапшы­сы Назым Жанғазинова Прези­дент Ұлттық құрылтайда сөйле­ген сөзі арқылы мемлекет пен аза­маттардың өзара іс-қи­мы­лының жаңа дәуірін ашқанын айтты.

«Осы уақытқа дейін мемлекет пен билік азаматтарды әлеуметтік бірлік: жұмыссыздар, жалдамалы жұмысшы, кәсіпкер, салық төлеуші ретінде қарас­тырып келді. Енді, міне, азамат көрермен, тыңдаушы және оқырман – тірі, бейнелеуші тұлға ретінде қарастырыла бастады. Президенттің Түркістандағы БАҚ туралы айтқан сөздері БАҚ-қа ғана емес, азаматтарға да жаңа көзқарасты танытады және қуантады. Жауапкершілікке келгенде, біз бірден репрессиялық әдістер мен шектеулер туралы ойлаймыз. Енді бұл ескі көз­қарасты өзгерту керек. Прези­дент жұмсақ күшке сілтеме жасай отырып, заманауи коммуникация әдістерінен хабардар екенін көрсетіп, гуманизм қағидаттарына адал екенін ашық айтты. Біз мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы қарым-қатынастың жаңғыруын күтеміз», деді ол.

Отырыс басында ұлттық ко­мис­сияның өзге де мүшелері сөз алып, бала тәрбиесі мен ел­­дің келешегіне қатысты ой-пі­кірлерін ортаға салды. Жиын соңында ұлттық комис­сия мүше­лері резолюция қабыл­дады. Ол жерде айтылған бар­лық ұсы­ныс мемлекеттік орган­дар­дың жұмы­сына енгізіліп, азамат­тық сектормен бірлесіп жүзеге асырылмақ.