Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық идеологиямызды дамыту жөнінде нақты бағыт-бағдарды белгілеп берді.
Елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу бастамасын көтерді. Бұл – жас буынды отаншылдық, елжандылық және ұлттық рухта тәрбиелеудің қайнар көзі ретінде кітапхана жұмысын жандандыруға игі ықпал ететін өміршең бастама. Ұлттық мүддеге сай кітаптарды көптеп басып шығару туралы Президент бастамасының маңызы зор. Ондай кітаптарды арнайы сериямен, жүйелі және жоспарлы түрде басып шығарған жөн.
Қазір балалардың тілі кештеу шығатын болды. Ондай келеңсіздікке балалардың бесіктен белі шықпай жатып смартфонды пайдалануы әсер етері анық. Мемлекет басшысының осы өткір мәселеге назар аударғаны – құптарлық жайт.
Алдағы уақытта осы тақырып бойынша үлкен іс-шаралар ұйымдастырылса, балалардың кітапқа қызығушылығын ояту, білімді, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеуде кітап, кітапхана, оқырман арасында тығыз байланыс орнату үшін ауқымды жұмыстар жүргізілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Ұлттық құрылтайда Президент көтерген келелі тақырыптар көпшілікке терең ой салып, алда ауқымды шаралар қолға алынып, ұлтты ортақ істерге ұйыту, жаңарған елімізді одан әрі өркендету жолында іргелі істер атқарылатынына көзімізді жеткізді.
Нұрлан ҚАЛҚА,
балалар ақыны,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты