Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының биылғы жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялағаны белгілі.
Осы атаулы жылға орай облыстық орталық мешіт имамдарының ұйытқы болуымен және жомарт жандардың демеушілігімен Қонаев қаласында қазақ күресінен тұңғыш рет «Имамдар барысы» турнирі өтті. Оның басты мақсаты – дін қызметкерлері арасында саламатты өмір салтын насихаттап, ұлттық спорттың дамуына атсалысу.
Имамдар арасында алғаш рет ұйымдастырылған спорттық іс-шараның ашылу салтанатына облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, дін істері басқармасының бөлім басшысы Ерлан Матаев, Қонаев қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Беспаев пен ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бейсетай Қашақбаев қатысып, көрермендермен бірге белдеулерді тамашалады.
Әдетте мешітте ғана көрінетін ақ сәлделі имамдардың бозкілемде бірін-бірі жұлқа тартып, шалт қимылмен жамбасқа салуға тырысқан белдесулерін қызық көріп, тамашалауға келген жанкүйерлердің делебесін қоздырған жарыс жеребе тарту рәсімінен бастау алды. Іріктеу кезеңінде жарысқа қатысушы имамдар 80 килоға дейінгі, одан жоғары салмақ дәрежесі бойынша екі топта сынға түсті. Айла мен әдіс, ептілік пен күштілік сыналған тұста Талғар, Іле, Жамбыл, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарының мешіт қызметкерлері кәсіби спортшылардан кем емес өнер көрсеткенін айрықша атамақпыз. Қарсыласының жаурынын жерге тигізген мықты имамдарды қазылар алқасы анықтап, турнирге төрелік етті.
Тартысқа толы турнир қорытындысында 80 килоға дейінгі салмақ дәрежесі бойынша Еңбекшіқазақ ауданы Ават ауылдық мешітінің бас имамы Дамир Оңғарбек 1-орынды жеңіп алса, 2 және 3-орындарды Талғар ауданының Жаңалық ауылдық мешітінің имамы Руслан Исабаев пен Нұра ауылдық мешітінің наиб имамы Алмат Қабылхан иеленді.
Ал 80 килодан жоғары салмақтағы белдесулерде бас жүлдені Қарасай ауданына қарасты Жаңашамалған ауылдық «Бірлік» мешітінің наиб имамы Асанхожа Сабыров иеленсе, Қаскелең қаласындағы «Іршат» мешітінің бас имамы Абдулмажит Абдулқадырұлы 2-орынға, ал Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылдық мешітінің имамы Бейсенбі Аврай 3-орынға табан тіреді. Жарыс жеңімпаздарына – Умраға жолдама, 2-орынға – 200 мың теңге, 3-орынға 100 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді.
«Шариғатымыз адамның рухани қуаттылығымен қатар, оның дене бітімінің де қуатты болуын талап етеді. Мұхаммед пайғамбарымыздың хадисінде «Әлсіз мұсылманнан қуатты мұсылман Аллаға сүйкімдірек» делінген. Сондықтан «шынықсаң шымыр боласың» деп дана халқымыз айтқандай, бұл имамдар мешітте отырып, діни рәсімдерді ғана орындап қоймай, сонымен қатар ұлттық спортқа да бейім екенін насихаттау барысында ұйымдастырылған іс-шара болды. Бәсекелі жарыста имамдар арасында қазақ күресіне икемді, шебер белдесе білетін имамдар бар екенін білдік. Спорт саласының мамандары бұл жарысқа жоғары баға берді. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады», дейді облыстың бас имамы Мадияр Пірімқұлов.
Алматы облысы