• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 26 Маусым, 2023

Сүт өнімі сұранысқа ие

1514 рет
көрсетілді

Жетісуда төрт түлік малдың саны артып келеді. Бүгінде 613,3 мың бас ірі қара бар. Осы ретте ет өндірісі 28,6 мың тоннаға жетсе, сүт өндірісі 87,3 мың тоннаны құрап отыр. Биыл 400 басқа арналған 2 млрд теңгелік тауарлы сүт фермасының құрылысы басталады. Бұл өңірдегі сүт шаруашылығы дамуының үлкен көзі болмақ. Қазір осы салаға инвестиция тарту жұмысы жүріп жатыр.

Аграрлы өңірде алдағы уа­қыт­та ауыл шаруашылығы өні­мі­нің көлемі 2,8 пайызға өсіп, 544 млрд теңгеге жетеді деп жоспарлануда. Осы саланы ілгерілетуге 57,9 млрд теңге жұмсалмақ. Соған сай 53 инвестициялық жобаны іске асады. Бұл – алдағы 4 жыл­дың көлемінде жүзеге асатын жұ­мыс­тың бір парасы. Оның ішінде «Ірі жобалар» қанатқақты жобасы­ аясында 44,8 млрд теңгеге 18 жоба көзделіп отыр. Соның бірі – жоғарыда айтқан сүт фермасы. Кәсіпорын келер жылы іске қосылады.

Жалпы, мал шаруашылығында құс фабрикасымен қосқанда облыста 113 кәсіпорын жұмыс істейді. Атап айтсақ, 33 мың басқа 76 бордақылау алаңы, 8,4 мың бас сиырға 36 сүт фермасы бар. Былтырмен салыстырғанда жалпы облыста мал мен құс саны, олардан өндірілген өнім көлемі орташа 5,8 пайызға өскен.

Шыны керек, іргесі енді қаланған өңірде халықтың сүт өнімдеріне деген сұранысын қаншалықты қанағаттандырып отыр деген мәселе туындайтыны анық. Бұл ретте аграрлы өңірге жауапкершілік артылатыны анық. Біз осы ретте Ескелді ауданына қарасты Көкжазық ауылындағы заманауи үлгіде салынған тауарлы сүт фермасының жайы­на үңілуді жөн санадық. Бұл өндіріс орны – Қазақстан мен Иранның бірлескен жобасы. Бүгінде жобаның І кезеңі сәтті жүзеге асып, халықты қуантып отыр. Қазір мұнда 270 бас сүтті гольштейн тұқымы бар.

Фермадағы мамандардың айтуынша, әзірге тайыншалар күніне 1500 литрге дейін сүт береді, бірақ тиісті күтімнің нәтижесінде жыл сайын сүт беру көлемі артып келеді. Қазір бір сиыр тәулігіне 30 литрге дейін сүт берсе, кейіннен бұл көрсеткіш 40-45 литрге дейін жетеді деп жоспарланып отыр. Келешекте фермадағы сүтті сиыр саны 610 басқа дейін ұлғайтылып, өңім көлемі де еселенбек.

Германиядан әкелінген қара ала тайыншалар жергілікті климатқа бейім. Сүт өнімділігі бойынша гольштейн тұқымы ірі қара малдың ішіндегі ең үздігі, оған қоса оны әмбебап тұқым деп те атайды, себебі оны сүтті де, етті де деп санайды. Мұны Ескелді ауданының фермерлері де растап отыр.

«40 жылға жуық мал шаруа­шы­лығы саласында еңбек етіп келе­мін. Бұрын мұндай тұқымға кү­тім жасап көрмеген едік, қазір үй­рендік. Тұқымы өте жақсы, сүті де, еті де мол. Бұзауларға жақ­сы күтім жасалса, олар тез-ақ өседі. Бұл тұқымның 5-6 ай­лық­ бұзауларының өзі біздің жер­гі­лікті тұқымдардың бір жа­сар бұзауларымен бірдей. Әрине, оған күтім, жақсы азық пен­ климаттық жағдай да тіке­лей әсер етіп отыр, дейді фер­ма­ның­ ветеринар дәрігері Байкал Көп­ті­леуов.

Кәсіпкерлер бірнеше жыл­ бұрын сүт фермасын құру­­­ды қолға алып, 2021 жылы ашты. Инвесторлар өз есебі­нен сиыр қораларын салып,­ алғашқы малдың басын тіке­лей Германиядан әкелді. Енді фер­маны кеңейтпек ойлары­ бар. Қаражаттың жартысын отандық, жартысын ирандық инвесторлар салған.

– Бірінші кезеңінде сауын мал басын 270-ке жеткіздік, екінші кезеңде 440-қа, үшінші кезеңде 610 басқа дейін жет­кі­зуді жоспарлап отырмыз. Ал жас төлдермен бірге фермада жалпы саны 900-ге жуық мал ұстаймыз. Қазір сиыр­ла­рымыз тәулігіне 1000-1500 литрге дейін сүт береді, кейіннен мұны 2500 тоннаға жеткіземіз. Бұл – сүтті тұқым. Бірінші төлдегеннен кейін тәулігіне 20-27 литр, екінші бұзаулағанда 30-35 литр сүт береді, – деді «Сүт Мастер-М» ЖШС директоры Фарид Джахангири.

Кәсіпкерлер бизнесті қол­дау­ бағдарламалары арқылы мем­ле­кеттің көмегін аламыз деген үмітте.

«Іргемізді кеңейтсек пе дей­міз. 270 сиыр сыятын орын бар, енді әрі қарай құрылысты кеңейтіп салу керек. Кем дегенде 500 млн теңгені өз қара­жа­тымыздан құюды жос­парлап отырмыз. Жеңілдікті шарттармен несие алсақ, жақсы болар еді. Осы жоспарларымызды жүзеге асыру үшін алдымен жемазық базамыздың мәселесін шешіп алуы­мыз керек. Бүгінгі таңда бізде 30 га жер бар, бірақ бұл жеткіліксіз, сондықтан жемшөптің көп бөлігін сатып алуға тура келеді. Бұл – шығынды ғана емес, ең бастысы, сүттің сапасына тікелей әсер ететін маңызды, өзекті мәселе», дейді серіктестік директоры.

Фермада тұрақты жұмыс орындары құрылып, жергілікті ауыл мен көрші ауылдан тұр­ғын­дар келіп жұмыс істейді. Орта­ша жалақысы – 150-200 мың­ теңге, қызметкерлерге тегін түскі ас беріліп, тасымал да ұйымдастырылған. Мұн­да 17 адам жұмыс істейді. Фер­ма­дағы үдерістің 70%-ы авто­мат­тандырылған, ал компьютер­лен­ген жабдық Швециядан жет­кізіліпті. Кеңейтуден кейін жұ­мыс­ орындарының санын ұлғайту жос­парланып отыр. Жалпы, «Сүт Мастер-М» фермасында өнді­рі­ле­тін сүт «Аркабаев ЛТД» ЖШС сүт зауытына жөнелтіледі.

Облыс әкімінің баспасөз қыз­ме­тінің мәліметінше, Ес­кел­ді ауда­нында осындай 8 тауарлы­ сүт фермасы бар. Олар­да­ 1740-тан астам мал басы ұста­­лады. Қаңтар-наурыз айлары­ ара­лы­ғын­да ауданда 7899,6 тонна сүт өнді­рілген. Ал жалпы Жетісу облысында барлығы 40-қа жуық сүт фермасы жұмыс істейді. Өңір халқы сүт саласында толығымен жетісулық өнімдерді тұтынады.

 

Жетісу облысы