• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Энергетика 26 Маусым, 2023

Жаңа тариф: тұтынушы тұралап қалмасын

615 рет
көрсетілді

Жергілікті жылу және электр энергиясын өн­ді­ретін моно­полистер 1 қыркүйек­тен та­риф­ті өсіруге құлшы­нып отыр.

Энергетиктер одан тү­сетін пайда жөндеу жұ­мыс­тарының сапасын арт­ты­руға және кәсіпорын қызмет­керлерінің еңбекақысын өсіруге бағыт­талады деп сендірге­німен, жұртшылық бұл қадам алпауыт компания иелерінің қалтасын кезекті қампайту деп түсінеді. Бұған дейінгі тариф есебінен құр жамалып келген көне желілер келешекте жаңарып кетеді деуге күмән мол.

Жуықта «Павлодар жы­лу желі­лері» ЖШС мен «Павло­­дар­­энер­го» АҚ-ның тариф­терді өсіру­ге қа­­тысты берген өті­нім­­де­­рін талқылау бойын­­ша көп­ші­­­лік тыңдауы өткі­зілді. «Т­а­риф­­ті инвес­­­ти­цияға айыр­­бастау» бағдар­ла­масы қала­­лар­­­­­да­ғы ком­муналдық инфрақұ­ры­­лым­­дарды жаңартуға мүм­кін­дік береді деп се­нім артылып отыр­ғаны мә­лім. Осы себептен де бүгін­де монополистер өз­дері­нің өтінімдерін ұсынып отыр.

«Павлодарэнерго» АҚ бас ди­рек­торының бірінші орынбасары Вадим Лесиннің сөзіне сүйенсек, бұл қадам бі­лікті қызметкерлердің жұмыстан жаппай кетуінің алдын алып, еңбек ұйымындағы өндірістік және эконо­микалық нәтиже­лер­ді ұлғайтуға, тұ­тастай алғанда, акционер­лік қоғам­ның материалдық тартымды­лы­ғын арт­­тыруға сеп болмақ. Кәсіпорын ірі өнер­кәсіп орындары шоғыр­лан­ған аумақта орналасқандық­тан, еңбека­қы­ға міндетті түрде индексация жаса­луы керек деп есептейді ол. Қолданыстағы тариф­ке енгізілген шығындар бү­гінде еңбеккерлерге төленіп ке­ле жатқан жа­ла­қыны жабуға да жет­пейтін көрінеді. Тарифтің еңбек­ақыға жұмсалатын бөлігі инфляция мен энергия өндірудің өзіндік құны артып келе жатуына байланысты жыл сайын өзектілігін жоғалтып, бүгінде ол сапалы қыз­мет көрсетуге қырсығын тигізе бастаған дейді энергетиктер.

Биыл Павлодардағы №3 ЖЭО-ға – 51, №2 ЖЭО-ға 62 жыл толады. Электр стансаларындағы жабдықтардың орташа тозуы 85 пайызға дейін жетіп тұр. Алайда мамандар жекелеген құрал-жаб­дықтарда бұл көрсеткіш тіпті 95 пайызға дейін баратынын айтады. Алдағы уақытта тарифтен тү­­сетін инвестиция бұл технологияларды жаңар­туға жетпейтіні айдан анық. Жабдық­тар­дың жұ­мыс істеуге қабілетті болуын қол­­­даудың өзі де біраз шығынды қажет етеді. Ұзақ жылдық инвес­тиция­лық бағдарлама тозу көр­сет­кішін біртін­деп төмендетіп, электр стансаларының жағдайын дұрыстайды деген сенім зор.

Облыс орталығының жылу торап­та­рындағы жағдай да осы­ған ұқсас. Ұзақ жылдар бойы әбден тозған құбыр­лар әр қыста сыр беріп, жылу мау­сымында жүздеген ақаулар тір­келеді. Нор­матив бойынша жылу құбыр­лары­ның қолданыс мерзімі – 25-30 жыл. Алайда Павлодардағы жылу желілерінің кейбірі жарты ғасырдан бері ауыспаған. Темір құбырлардың шіруі, яғни қабырғаларының жұқа­руы жыл өткен сайын ұлғайып, құбыр ішінде ыстық судан пайда болатын шайындылар да тозуға үлкен әсер ете­­ді. Құбырдың жұқаруы бастапқы ­қал­пынан 50 пайызға аспаса, ол жылу бе­руге жарамды деп есеп­те­ле­ді екен. Жер­гілікті желілер­дің көбі желіне-же­ліне, пышақ­­тың қырындай ғана болып қалғаны ­мамандарды шошытып отыр. ­«Пав­лодар жылу желілері» ЖШС бас директоры Марат Иманаев жалпы ұзындығы 411 шақырым болатын жылу желілеріне қызмет көрсететіндерін, сол шамада ыстық су құбырлары бар екенін айтады. Мұндағы тозу көрсеткіші 89 пайыздан асады.

«Біздің кәсіпорын ұсынып отырған тариф келесідей: 1 Гкал үшін 2023 жылы – 2929 теңге, 2024 жылы – 3747 теңге. 2023-2024 жылдарға қосымша 1,7 млрд теңге бөлініп отыр. ТК-134 жылу трассасынан ­ТК-134/8-ге дейінгі жылу желілерін жа­ңар­ту көздел­ген. Бұл жер­лердегі құбыр­лар­­дың шіруі өте жоғары. Екінші ірі жоспары­­мыз – ТМ-20 магистра­лін толық реконструк­циялау, соның нәтижесінде ЖЭО-1 стансасынан Қамзин көшесіне келетін жылуды өткізу қабілеті анағұрлым жоғарылай­ды. Тарифтегі өзгеріс­тердің алғашқысы биылғы жылдың 1 қыркүйегінен, екінші кезеңі 2024 жылдың 1 қаңтарынан енгі­зілсе құп», дейді ол.

Ал Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңірдегі депар­таментінің басшысы Ибрагим Тангиев ірі монопо­листерге 2025 жылға дейін тарифтерін кезең-кезеңмен өсіруге рұқсат беріл­ге­нін, алдағы екі жылда әлі де шамамен 30 па­йызға ұлғаятынын айтады. Әбден тозып тұр­ған желілерді ауыстырудың өзге жолы жоқ деп аузын қу шөппен сүртті шенеунік.

Аталған кәсіпорын­дар­да­ғы ең­бекақы­ның көлемін сұрасты­рып байқа­дық. «Павлодарэнер­го» компаниясында сияқты «Пав­­ло­дар жылу желілері» серіктес­тігі қызметкерлерінің еңбек­ақыла­ры өте төмен екен. Мұндағы білік­ті қызметкерлердің еңбекақы көлемі 201 мың теңгеден аспай­ды. Ресми статис­тикаға сүйен­сек, жылу және электр энер­гия­сын өндіру саласындағы өзге ұйым­дарда бұл көрсеткіш 430,6 мың теңгені құрайды екен. Мар­дымсыз жалақының кесірінен бүгінде керекулік қуат өндіре­тін кәсіпорындарда бос тұрған жұмыс орындары көп. Жылу желі­леріне қызмет көрсететін субъектіде 90 жұмыс орны босап тұр. Басшылығы егер тариф өссе биыл жыл соңына таман еңбекақы 203 мың, келер жылы 213 мың теңгеге көтеріледі деген ұйғарымдарын жеткізді. Дей тұрғанмен бұл жерде бір кіл­типан бар. Қос кәсіпорындағы адам тұрақтамайтын жұмыс орын­да­рының көбі қарапайым жұ­мысшы маман­­дық­тары. Ал ком­паниялардағы басшылар көп жылдардан бері жылы орындарға орнығып, өздеріне жоғары жа­лақы, жай­лы жағдай жасап ал­ған. М.Иманаев серіктестіктің бас­қаруында тұрған ма­ман­­дардың жалақысы жөнінде айтудан бас тартты. Сондықтан жауапты органдар бұл жаққа көз қырын салып, еңбек­ақы­ның әділетті төленіп жатқанын бір тексеріп көрсе болатындай.

Бұл жерде жеке тұтыну­шы­лардың да айтар базынасы мол. Мәселен, қала тұрғыны Николай Носов компа­ния­­лардың басшылық буынында он­­даған жыл отырған «әмбебап» маман­­дар желілерде­гі тозуды неге жасы­рып кел­гені­не түсіне алмайты­нын жеткізді. Олар қазіргі күні қалыптасқан жағ­дайларға ешбір жауапкерші­лік арқала­май отырғаны да жұрт­тың наразылы­ғын тудырады. Өткен жылы Екібас­тұз­дағы апат­қа да басшылықтан кінәлі аза­маттардың аттары аталмады. Көмірлі шаһардағы жағдай павлодарлықтар­дың басына да түсуі мүмкін. «Себебі 89 па­йыз тозу деген шаһардағы жылу берудің ахуалы өте күрделі дегенді білдіреді. Ал жекелеген тұрғындар ай сайын тарифке қосылған ин­вестициялық пайданы тұ­рақты төлеп, жүз мыңнан астам абонент пайда кіргізіп келді. Ендеше, сол қаражаттың сұрауы неге жоқ? Қазіргі күні компания бюджеттен ақша алып, жыртығымызды жамап отырмыз деп ақталады. Бұған дейінгі тариф ішінде болған инвестициялық табыстың бірде-бір теңгесі жабдықтар мен желілерді жаңартуға жұмсалмағаны бізді қайран қалдырып отыр», дейді жеке тұтынушы.

Айтып өтейік, Павлодарда биылғы жылдың 1 қаңтарында да жылу тарифі көтерілген. Жы­лу энергиясын есепке алудың жал­пы үйішілік аспаптары орна­тылған тұтынушылар үшін тариф 30 пайызға, есептегіші жоқ тұтынушылар үшін 10 пайызға, өзге тұтынушылар үшін 10 пайыз­­ға қымбаттады. Ал бюджеттік ұйым­дар үшін ол бірден 24 пайыз­ға ұлғайды. «Павлодарэнерго­сбыт» ЖШС қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім жетекшісі Ека­терина Байжуманова тарифтің көтерілуі Ұлттық экономика ми­нистрлігі Табиғи монополия­лар­ды реттеу комитетінің Павлодар об­лысы бо­йынша де­парта­мен­тінің 2021 жылдың 23 шіл­де­сіндегі №69-ОД бұйрығы не­гі­зін­де жүзеге асқанын айтады. Бүгін­де үйіші­­лік есептегіш аспапта­ры бар пәтер иелері ­1 Гкал жылу энергиясы үшін 2 672 теңге ­89 тиын төлейді. Ал есептегіштері жоқ үй­лер 1 Гкал энергия үшін 3 473,1 теңге­ден төлеп келеді. Пав­лодар қала­сы бойынша орта­лықтандырылған жы­лу­ға 119 453 абонент қосылған (пәтер­лер мен жекеменшік үйлер). Шаһар­дағы 1 307 көппәтерлі тұрғын үй­дің 1 025-і жалпы үйішілік жылу есеп­те­гіш­тер­мен жабдықталған. Мұндай құрал­­дар орнатылмаған үйлерде жылу тө­лем­ақы­сы бір шаршы метрге 0,2 Гкал мөл­шерін­де бекітілген тұтыну нормасы бо­йынша есептеледі.

Екібастұздағы алапат апатты ескерген жауапты министрліктер жыл басында аймақтың жылу жүйесіндегі тозу көрсеткішін аз да болса азайту үшін қомақты қаражат бөлді. Үкімет резервінен, облыстың және Екібастұз қала­сының қазыналарынан бөлін­ген қаражаттардың басын қос­сақ, жалпы сомасы 18,9 млрд теңге­ні құрады. «ОАЭК» компания­сы көмірлі шаһардағы жылу желіле­рін және Екібастұз жылу-энерго орталығындағы бірнеше қазан­дық агрегатын коммуналдық меншікке, яғни мемлекет иелігіне өткізгені мәлім. Әлгі қаражаттың 11,5 млрд теңгесі тұп-тура жылу желілерін жаңартуға жара­тылады. Тағы ­ 7,4 млрд теңге жылу кәсіп­ор­нын­дағы су жылытқыш 5 қазан­дық­ты күр­делі жөндеуге бағыттал­мақ. Ал облыс әкімдігі мен «ОАЭК» арасындағы меморандумға сәй­кес кәсіпорын иелері тағы 5 бу қа­­зан­дығын жөндеу үшін 7,4 млрд теңге бөлуі керек. «ОАЭК» АҚ және ERG компанияларымен жа­сал­­ған меморандумдарға сәйкес биыл Пав­ло­дар, Екібастұз, Ақсу қалаларында жал­пы ұзындығы 49 шақырым жылу құбыр­лары, энер­гия көздеріндегі 40-қа жуық қазандық жабдығы жаңарады деп күтіледі.

 

Павлодар облысы