Оқырман назарына біртуар ақын марқұм Есенғали Раушановтың біраз жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатынан бір үзік естелікті ұсынамыз.
Бір қызық жағдайды әңгімелеп берейін. Біздің үйде арғы аталарымыздан қалған күміс ер, жиегі алтын жіппен әдіптелген ақ жабу, кемер белбеу, неге жаупері дейтінін әлі күнге білмеймін, жаупері пышақ, күміс құндақ бесатар мылтық, шешемнің алтын білезігі мен балдақты сырғасы, салпыншақ күміс өңіржиегі болды. Жасауымен келген екен. Сол заттарды 1970 жылдардың басында, мен ол кезде мектепте оқимын, Алматыдан Құлахмет Қожықов деген суретші бастаған топ келіп «Ұлттық музей ұйымдастырып жатырмыз» деп қолқаласын. Құлахмет ақсақал біздің елге күйеу екен, кезінде КазЦИК-тің төрағасы болған Жалау Мыңбаев көкеміздің қызына үйленген. Соны бұлдап әкеме: «Әбеке, күйеу мен жиеннің назасы жаман болады, бермесеңіз өкпелеймін», деп жатып алды. Бауыры Сұлтанахмет Қожықов «Қыз Жібек» деген фильм түсірмекші екен, соған керек деп тағы айтты. Фильм жарыққа шыққан соң ол заттардан біз көз жазып қалдық. Алматыда ешкімнің адресін де алмаппыз. Содан ауылымыз атақоныс Маңғыстауға қайта көшті. Кімнің қолында ненің кеткенін білмейміз. Әкей қайтыс болды. Мен болсам сол бұйымдарды ұзақ уақыт іздеумен жүрдім. Әсіресе, күміс ерді. Кейде түсіме кіретін. Сондайда анам: «Қойшы, іздеме. Керек емес. Бар пәле сонымен кетсін. Үкіметке тиіспе, құрысын. Сол шаруаға басыңды сұқпашы, тыныш жүрші» дей беретін. Кәмпескені көзімен көрген шайлықпалы жүрек қой ол. Музейлерден сұрап жүрдім, ұшты-күйлі жоқ. Бірде тәуекел деп Құлахмет ақсақалды іздеп барып: «Мен баяғы Раушанов Әбдіжаппар деген кісінің баласымын» деп жөнімді айттым. Ол болса маған: «Сенің әкең сол жолы деңмент белбеуді бермей қалды. Милиция жіберіп алдыртам. Оның тоғасынан ілдірмесіне дейін ішкі қабатына қатарлап хантеңге деген қызыл алтын тыққанын білеміз» деп қыңырайды. Орысшалап «контра» деп қойды тағы. Шешеме айтып келдім. «Күйеу деп, аяқ астынан туыс тауып едіңдер, туыстарың осылай деп жатыр» демеймін бе? «Айттым ғой саған тыныш жүр деп. Басың пәлеге қалады дегенім жоқ па? Атаңа қайырсыз болған мал саған қайдан абырой әпереді?!» деп сарыуайымға салсын-ай келіп. Содан қайтып ол заттарды біз іздемедік. Балалық қой, аңқаулық тағы бар, шешем менен өткен аңқау, күйеудің қайын жұртына қалжыңы болатынын қайдан білейін, шынымен бір пәлені бастап отыр деп сеніппін. Оны маған тағы бір жездеміз, профессор, түрколог Ғұбайдолла Айдаров айтты. «Әй, ол әзіл ғой, баламысың деген, сен соны шын көргенсің. Жарайды, мен өзім сөйлесемін» деп жұбатқан. Сөйтіп жүргенде екі жездекем де қайтыс боп кетті. Сұрайтын ешкім қалмады.
Бір есімде қалғаны, сол жолы Қожықовтың жанына ай десе ауызы, күн десе көзі бар сұлу қыз еріп келген. Аты Баян секілді еді. Енді мен Баянды іздейін. Министрліктен бастап, осы біледі-ау дегендердің талай мазасын алдым. Өнердің маңындағы жігіттер музей саласында білікті өнертанушы Баян Әсембайқызы Алдабергенова деген кісі бар деген соң іздеп жүріп оны да таптым. Жолықтым. Сөйлестім. «Иә, сендердің үйлеріңе Құлахмет ағаға еріп барған мен болатынмын» дегенде, жүрегім жарылып кетер ме екен деп ойладым. Өзі орыстілді екен. Қазір 72-ге келіпті. Бірақ, бәрі есінде, адамның көзі өзгермейді ғой, тани кеттім, ойы бұлдырамапты. «Құранды ер, алтын білезік, күміс өңіржиекті сендердің үйден алғанбыз. Барлық құжатты өз қолыммен толтырғам. Ештеңе жоғалған жоқ. Ол заттар қазақтың сол замандағы асыл бұйымдары ретінде Ә.Қастеев атындағы музейге апарып қойылды. Қазір сол музейдің қорында сақтаулы тұр. Астындағы әйнекке «Әбдіжаппаровтардан алынды» деп жазылған», дейді. Суреттері альбомдарға да шығыпты. Қырық жылдан астам уақыттан соң әкем тіріліп келгендей қуандым. Бір кезде ренжіген Құлахмет ақсақалға іштей рахметімді айттым. Баян тәтеміз мені заңды мұрагер ретінде құнды дүниелерді өзіне қайтарып алғысы келеді деп ойласа керек, маған ол енді халықтың мүлкі екенін түсіндіре бастағанда, күлдім. Мамамның «атаңа қайыр бермеген мал саған қайдан бұйырсын» дегенін есіме түсірдім. Неге қайыр бермеді, халыққа қайыр бергені маған да қайырлы болғаны емес пе? Оны даулап қайтем мен? Ол енді елдің мүлкі. Музейге келушілер бір кезде қазақтың Әбдіжаппар деген шалы мен Әуехан деген кемпірінің ата мұраларын көріп қуанса, менің де қуанғаным. Ал сен байлық дейсің, айналайын...