1 шілдеден бастап Қазақстанның жанармай құю бекеттерінде сұйытылған газ бағасы қымбаттайды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атап айтқанда, сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу бағасын республика бойынша қосымша құн салығын қосқанда 1 литріне 4 немесе 6 теңгеге көтеру ұсынылды.
ҚР «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңының 20-бабының 5-тармағына сәйкес, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Энергетика министрлігі автогаздың көтерме бағасын 33 600 теңгеден 40 320 теңгеге дейін көтеруді жоспарлап отыр.
Осылайша, Астанада автогаз бағасы литріне 70 теңгеден 76 теңгеге, Алматыда 75 теңгеден 81 теңгеге, Шымкентте 60 теңгеден 64 теңгеге дейін көтеріледі. Өңірлерде автогаз бағасы облыстың шалғайлығына байланысты өзгеріп отырады.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында 70-75 теңгеден 76-81 теңгеге дейін, Атырау облысында 50-55 теңгеден 54-59 теңгеге, Алматы облысында 75-80 теңгеден 81-86 теңгеге дейін, Солтүстік Қазақстан облысында 75-80 теңгеден 81-86 теңгеге дейін, Маңғыстау облысында 50-55 теңгеден 54-59 теңгеге дейін қымбаттайды.
Құжат 12 шілдеге дейін Ашық НҚА сайтында орналастырылған.