• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Ұстаз 27 Маусым, 2023

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан»

1854 рет
көрсетілді

Қазақ халқы ықылым заманнан жақсы ұстаздан тәлім-тәрбие алған баланың келешегі жарқын болатынын білген. Сондықтан баласына жақсы ұстаз іздеген. Ұстазды қадірлеп қастерлеген, оның орны әрқашан төрде болған. Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Жамбыл Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. Ұлы Абай: «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан», деп мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашағының түп қайнары екеніне көңіл аударған.

Жалпы педагог кадрлардың кәсі­би құзыретін көтеру проблемасын екі ба­ғыт­та қарастыру керек: педагог кадр­ларды дайындау және мектептерде жұ­мыс істеп жүрген мұғалімдердің кәсіби білік­тілі­гін көтеру. Дамыған елдің бәрінде педагог кадрлар дайындау мәселесі аса маңызды мемлекеттік проблема болып саналады және оған ерекше көңіл бөлінеді. Әлемге кеңінен танымал «McKinsey&Company» компаниясы оқушылардың білім сапасы­­ның мұғалімдердің құзыреттілігіне тәуел­ді­лі­гін анықтау мақсатында АҚШ-тың 3 штатында ауқымды тәжірибе жүргіз­ген. Соның нәтижесінде 8 жастан бастап ­11 жасқа дейін үш жыл бойы кәсіби құзы­реті жо­ғары және төмен мұғалімдерден бі­лім алған оқушылардың білім сапасы­ның айырмашылығы 53 пайызды құрай­ты­ны анықталған. Әрі қарай жүргізіл­ген зерттеудің нәтижесінде 11 жаста үлге­рімі нашар болған, яғни кәсіби құзыреті төмен мұғалімдерден білім алған оқушылар­дың тек 25 пайызы ғана 14 жасқа толған­да меңгеруге тиіс стандарт талаптарына сай білім ала алған, ал 75 пайызы ондай деңгейге жете алмапты.

Біз Қазақстан мен білім сапасы озық елдерде педагог кадрлар дайындау жол­­дарын салыстырмалы түрде талдап, онда 6 айырмашылық бар екенін бай­қа­дық. Елімізде соңғы жылдарға дейін педа­гогикалық жоғары оқу орындары мен кол­ледждерге көбінесе мектепті орташа аяқ­таған түлектер барған; оқу орындарын­да тәжірибеге емес, теориялық білім беру­ге көп көңіл бөлінген; жас мұғалімдер­ге тағайындалған тәлімгерлер формал­ды түрде жұмыс істеген. Ал дамыған елдерде педагогикалық оқу орындарына мектепті жақсы бітірген түлектер қа­был­данады. Мысалы, Оңтүстік Кореяда алғашқы 5 пайызға, Финляндияда – 10 пайызға, Сингапур мен Гонконгте 30 па­йызға кірген түлектер қабылдана­ды. Олар­дың педагогикалық мамандық­қа бе­йімділігі анықталады, яғни тіл және математикалық сауаттылығының жал­пы деңгейі, жақсы қарым-қатынас жа­сау дағдысы, оқуға ынтасының бо­луы секілді қасиеттер сараланады. Өкі­ніш­ке қарай бізде бұл жұмыс формал­ды түр­де жүргізіледі. Кей елдің оқу орын­­дарында 1-курстан бастап білім тә­жі­рибеге бағытталып беріледі. Бас­та­уыш мектептерде негізінен магистрант­тар сабақ беретін болғандықтан, бака­лавр курсын жақсы аяқтағандар ма­гис­тратура­ға қабылданады. Магистр-мұ­ға­лімдер мектепке жұмысқа келгенде олар қоғамдық комиссия алдында сы­нақтан өтеді. Онда олардың бойындағы жақсы ұстаз болуға қажетті қасиетте­ріне баға беріледі. Жұмысқа қабылдан­ған жас магистр-мұғалімдерге тәлімгер (коучер) бекітіледі. Мұғалім еңбегінің ерек­шелігі, ол әдетте жалғыз өзі жұмыс істейді, бұл оларды бір-бірінен үйрену мүмкіндіктерінен айырады. Тәжірибелі тәлімгер оларға сабақ берудің барлық қыр-сырын үйретеді, жеке сабақ беруге дайындайды.

«McKinsey & Company» компания­сының ғалымдары «Мектепте оқытудың жоғары деңгейіне қалай жетуге бола­ды?» деген тақырыпта әлемнің 25 елі­нің, «Мектептегі білім берудің ең үздік жүйелері қалай жетіле түседі?» деген тақы­рыпта 20 елдің білім беру жүйесін зерттеген. Осындай зерттеулердің негі­­зінде мұғалім еңбегіне қатысты төмен­дегідей қорытындылар жасаған. Оқушы­лардың білім деңгейі мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің білім деңгейінен жоғары болмайды. Білім беру нәтижесін жақсартудың бірден-бір жолы – оқытуды жақсарту. Мұғалімдердің кәсіби құзы­ретін көтерудің тиімді және әртүрлі ­жү­йесін енгізу керек. Кадр таңдауда бір ғана қате шешім қабылданатын болса, онда бала­ларға 30-40 жыл сапасыз білім беріледі.

Мұғалімдердің кәсіби құзыретін кө­теру­дің тиімді жүйесі туралы айтқанда, оның 4 тәсілі бар екенін анықтаған. Олар – педагогикалық білім берудің ерте кезеңінде практикалық дағдылар қалып­тастыру; мұғалімдерге қолдау көрсету үшін мектептегі тәлімгерлікті ұйым­дастыру; жетекші-тәлімгерді іріктеп алу және дамыту; мұғалімдердің бір-бірінен үйренуі үшін жағдай жасау. Жақсы жүйелердің көпшілігі осы тәсілдердің екеуін не үшеуін бір мезгілде қолданады. Олардың тиімді түрде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету керек. Сонда ғана табысты нәтижеге қол жеткізуге болады.

Бізде мұғалімдердің құзыретін көтеру жұмысымен олардың кәсіби деңгейін көтеру мекемелері шұғылданады. Олар мұғалімдерді жинап, оларға дәріс оқып, семинарлар өткізу әдісіне басымдық беріп келеді. Әлемдік тәжірибе бұл тә­сілдің оқушылардың білім деңгейін кө­теруге тиімді болмайтынын көрсетіп отыр. Себебі сырттан берілген идеялар мұ­ғалімнің сабақ беру деңгейін көтеруге жақсы көмек болады деген түсінік іс-әрекет теориясы тұрғысынан жалған бо­лып есептеледі. Сондықтан ол елдерде мұға­лімдердің бір-бірінен үйренуіне жағ­дай жасалған және өзара тәлімгерлік жұ­мыстар атқару мектеп өмірінің қалыпты және тұрақты жағдайына айналған.

Әлемнің 79 елі қатысқан білім сапасын анықтайтын халықаралық PISA 2018 зерттеуінде қазақстандық оқушылар 69-шы орынды иеленді. Әрине бұл төменгі көрсеткіш. Оқушылардың жақсы білім алуы ұстаз құзыретіне тәуелді екені жо­ғарыда айтылды. Осыған байланысты кейбір статистикалық фактілерге көңіл аударайық. 2019 жылдың есебі бойынша, Түркістан облысының мектептерін­де 62 мыңнан аса мұғалім еңбек еткен. Сол мұғалімдердің 60 пайызы сырттай оқыған, ал 70 пайызы жекеменшік оқу орындарында білім алған.

Дамыған елдерде хирург операция жасауға қалай дайындалатын болса, мұ­ға­лім сабақ беруге де солай дайындалуы керек деген түсінік бар. Бұл сабақ берудің жауапкершілігі мен мұғалім­нің білім деңгейіне қойылатын талапты көрсетсе керек. Біз болашақ хирургті сырт­тан оқытып, операция жасауды үйрете алмайтын болармыз. Олай болса «жауапкершілігі осынша жоғары бола­тын мұғалімді сырттан оқытып, оған қан­шалықты жақсы білім бере аламыз?» деген орынды сұрақ туындайды.

Елімізде жақсы ұстаздар дайындау мәселесіне жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. 120 жоғары оқу орнының басым бөлігі мұғалімдер дайындайды. Олар­дың сапасының төмен екені туралы БАҚ-та аз жазылған жоқ. Құзыретті педагог кадрлар дайындау мәселесінің ұр­пақ келешегі, ел болашағы үшін ерек­ше маңыздылығын ескере отырып, әр облыста педагогикалық институт, не университет ашу керек. Ол бұрында болған тәжірибе. Бұл оқу орындары облыс­тық білім беру басқармаларымен тығыз жұмыс істей отырып, сол облыстың педагог кадрларға деген сұранысын және облыс мектептерінде жұмыс істейтін әрбір мұғалімнің кәсіби деңгейін анықтап, барлық проблеманы бірге талқылап, оларды шешу жолдарын бірге ойластыр­ғаны дұрыс.

Еліміз егемендік алған жылдардан бастап 30 жылдай уақыт бойы бірқа­тар объективті және субъективті себептерге байланысты орта мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің кәсіби деңгейі төмендей бастады. Оған негізгі себептер ретінде төмендегі жағдайларды айтуға болады: мұғалімдердің жалақысы тө­мен­деді; мұғалім мамандығының қоғам­­дағы беделі түсе бастады; педагогика­лық мамандықтарға ҰБТ нәтижелері бойын­ша орташа немесе одан төмен балл алған мектеп түлектері құжаттарын тапсыратын болды; педагог кадрларды даярлау сапасы төмендей бастады; кәсіби құзыреті жоғары мұғалімдер жоғары еңбекақы алатын басқа жұмыстарға ауысатын болды; мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесі дұрыс жұмыс істемеді.

«McKinsеy&Company» компа­ния­сы­ның зерттеулері бастапқы еңбекақы деңгейінің мұғалім мамандығын таң­дауға айтарлықтай әсер ететінін көрсетті. Мұғалім мамандығына деген қызы­ғу­шылық пен оның қоғамдағы мәртебесі арасында өзара айқын байланыс бай­қалады. Мұғалім мамандығы жоғары мәртебеге ие болса, анағұрлым талантты адамдар мұғалімдікке келеді, бұл осы мамандық мәртебесінің одан әрі артуына ықпал етеді. Ал мамандық таң­дауда шешім қабылдау үшін маңызды факторлардың бірі – мамандық мәртебесі. Демек, осынша уақыт бойы, еліміздің мектептеріне кәсіби құзыреті жоғары мұғалімдер өте аз келді. Тек соңғы жыл­дары ғана мұға­лімдердің еңбека­қы­сы көтеріліп, соның негізінде мұғалім ма­мандығы­ның беделі жоғарылап, пе­да­гогикалық мамандықтарға ҰБТ нәти­жесі бойынша жоғары балл алған түлектер құжаттарын тапсыра бастады. Педагогикалық оқу орындарына түс­кен осы түлектер қажетті білім алып, тәжірибе жинап, жақсы мұғалім дәре­жесіне көтерілу үшін кем дегенде 8 жылдай уақыт керек. Бұл да аз уақыт емес. Олай болса, қазіргі уақыт­та мектептерде жұмыс істеп жатқан мұға­лімдердің кәсіби құзыретін көтеру ең маңызды мәселелердің бірі болып тұр.

Қалыптасқан жағдайды саралай ­ке­ле, жоғарыда көрсетілген мұғалімдер­дің кәсіби құзыретін көтеру тәсілдерінің ішінен мектептегі тәлімгерлікті ұйым­дастыру; жетекші-тәлімгерді іріктеп алу және дамыту; мұғалімдердің бір-бірінен үйренуі үшін жағдай жасау тәсіл­дерін жүйелі түрде кеңінен пайдалану керек деп есептейміз. «McKinsey & Company» компаниясының ғалымдары өз зерттеулерінде «білім беру нәтижесін жақсартудың бірден-бір жолы – оқытуды жақсарту» деп қорытындылаған. Ол үшін мұғалімдердің кәсіби құзыретін көтерудің тиімді және әртүрлі тәсіл­де­рін жүйелі түрде қолдану керек.

Педагогика ғылымдары акаде­мия­сы Түркістан облысының білім бас­­қар­масымен жасаған меморандум негі­зінде 2018-2019 және 2019-2020 оқу жылдарында мектеп, аудан және об­лыстық әдіс­темелік мекемелердің ішкі резервтерін пайдалану негізінде оқу­шы­лардың білім сапасын көтеру мақ­сатында ауқымды тәжірибе жүргізді. Оған Төле би, Отырар, Ордабасы және Сайрам аудандарынан 40 мектеп, 3 мыңнан аса оқушы, 400-ге тарта мұғалім қатысты. Оның бір жа­ңалығы – ашық сабақтар­дың орнына ақылдасу сабақтарын өт­кізу. Оның мақсаты – ұстаздар қауымдас­ты­ғын құрып, мұғалімдердің сабақтар­ды бірге дайындап, оларға қатысып, олар­ды ашық түрде талқылау. Бұл жаңалық­ты ұстаздар қауымы үлкен түсінуші­лік­пен қабыл алды. 2019-2020 оқу жы­лында тәжірибеге қатысқан мұғалімдер 3 мыңнан аса ақылдасу сабағын өткізіп, оған 12 мың мұғалім қатысты. Тәжірибе нәтижесінде мұғалімдердің кәсіби дең­гейі көтерілді, оған қатысқан сынып оқу­шыларының білім сапасы қатыспаған сынып оқушыларына қарағанда, салыс­тырмалы түрде 4,5 пайыздан 9,5 пайыз­­ға дейін көтерілгені анықталды. Қыс­қа­­сы, ақылдасу сабақтарын жүйелі түрде өт­кі­зу өз тиімділігін көрсетті.

Біз жетекші-тәлімгерді іріктеп алу және дамыту тәсілін өте тиімді пайдалануымыз керек. Қазіргі уақытта еліміздің барлық мектебінде ұзақ жылдан бері оқушыларға сапалы білім беріп келе жатқан танымал мұғалімдер жұмыс іс­тейді. Оларды оқушылардың ата-аналары да ерекше құрметтейді. Бұл шынайы көрсеткіш, шынайы баға. Барлық мектептегі осындай мұғалімдердің тізімін дайындап, соларды жетекші-тәлімгер ретінде пайдалану керек. Мұндай мұға­лімдердің саны жыл сайын азайып келе жатқанын ескеріп, бұл жұмысты жедел түрде қолға алу қажет деп есептейміз.

Қазіргі кезде тиісті біліктілікті алу үшін мұғалімдер қажетті құжаттарды тап­­сырады және тестілеуден өтеді. Тест нәти­желері бойынша комиссия тиісті шешім қабылдайды. Берілген біліктілік негі­зін­де олардың жалақысына үстемақы қосылады: модератор-мұғалімге – 20 па­йыз, сарапшы-мұғалімге – 30 пайыз, зерт­теуші-мұғалімге – 40 пайыз, шебер-мұғалімге – 50 пайыз. Бұл – мұғалімдерді ынталандырудың жақсы тәсілі.

Біздіңше, теориялық емтиханның жөні басқа да, ал мектептегі жағдайда, яғни, сабақ кезінде әр баланың жақсы білім алуын қамтамасыз етудің жөні бөлек. Педагогика ғылымының алуан түрлі әдіс-тәсілін шынайы өмірде, яғни оқушыларға дәріс беру кезінде тиімді қолдана алған мұғалім ғана оқушыларға жақсы білім бере алады. Кейінгі жылдары мектептерге келе бастаған магистр атағы бар жас мұғалімдердің сабақ беру деңгейі оларды көп жетілдіруді қажет ететінін көрсетіп отыр. Бұл теориялық білім практикамен ұштастырылған жағдайда ғана жақсы нәтиже беретінін тағы да дәлелдеп тұр. Осы жағдайды ескере отырып мұғалімдерге тиісті біліктілік санатын беруде басты көрсеткіш ретінде олар оқытқан оқушылардың алған білімдерінің сапасын алу керек деп есептейміз.

Елімізде жас ұрпаққа сапалы білім беру үшін аса қажетті мұғалімдердің кәсіби құзыретін көтеру мәселесіне біраз жыл бойы қажетті көңіл бөлінбегенін ескеріп, енді уақыт өткізбей мемлекттік деңгейде қажетті бағдарлама қабылдап, кешенді жұмыс жүргізу қажет болар деп ойлаймыз. Қазіргі уақытта қоғамда кең талқыланып жатқан педагогикалық оқу орындарын қай министрлікке беру, осындай ауқымды іс-шаралар атқару мәселесін талқылау барысында шешу керек болар. Себебі басты мәселе олар­ды бір министрліктен басқа министрлікке беру емес, лайықты адам­дардың педагогикалық кадрлар болуын қамтамасыз ету, педагогикалық оқу орындар жүйесін реттеу, оларда студенттерді ерте кезеңнен практикалық дағдыларын қалыптастыра отырып, дайындау сапасын көтеру, сонымен бірге өңірлерде кадрлар дайындау мен мектептердегі мұғалімдердің кәсіби құзыретін көтеру жұмыстарын кешенді түрде жүргізуі керек деп есептейміз.

 

Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,

Педагогика ғылымдары академиясының президенті