«Amanat» партиясы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында журналистер арасындағы «Amanat» – 2023 Медиа сыйлығы» республикалық байқауының қорытындысын жариялады.
Биыл байқауға 300-ден аса адамнан 2 мың жұмыс келіп түсті. Оның басым көпшілігін (60 пайызы) аймақтағы ақпарат саласының өкілдері жолдады. Байқауға YouTube жобалар да қабылданды. Осылайша, 7 аталым мен 3 арнайы сыйлық бойынша жеңімпаздар анықталды. Айта кетерлігі, жеңімпаздар қатарында «Egemen Qazaqstan» газетінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Байқал Байәділ де бар.
Салтанатты рәсімді ашқан «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ақпарат құралдарының өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, бұл журналистердің ғана мерекесі емес, халықтық мейрам екенін атап өтті.
«Қоғам сапалы, шынайы және танымдық дүниелерді оқығысы келеді. Мұндай ақпаратты нақты дерек пен дәйекке сүйенетін журналист қана ұсына алады. Ол – сөздің қуаты мен қадірін білетін, жауапкершілігі жоғары, кәсібіне адал нағыз маман. БАҚ-тың басты миссиясы да – осы. Сіздердің мақалаларыңыз бен сюжеттеріңіз қоғамды ұдайы алға жетелеп отыратын, ел дамуына ықпал ететін құндылықтарды дәріптейді. Бұл – патриотизм, адал еңбек, бейбітшілік пен тұрақтылық, заң мен тәртіп, білімге құштарлық, туған жері мен төл мәдениетіне деген сүйіспеншілік. «Amanat» партиясының байқауы осындай журналистік жұмыстарды қолдауға бағытталған», деді партия төрағасы.
Сонымен, байқау комиссиясының шешімімен «Amanat» – 2023 Медиа сыйлығының» биылғы бәсекесінде «Еліміздегі реформалар туралы үздік материал» аталымы бойынша «Астана Ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай, «Еңбек адамы туралы үздік материал» аталымы бойынша Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қойлыбай Асанов жеңіске жетті.
«Аймақ туралы ең үздік материал» аталымы бойынша Қазақ радиосының жүргізуші-редакторы Альмира Елімсарина және «Informburo.kz» порталының шолушысы Оксана Трофимова, «Рухани-мәдени даму туралы үздік материал» аталымы бойынша Шалқар радиосы Алматы студиясының редактор-жүргізушісі Жанар Оразымбетова шашасына шаң жұқтырған жоқ.
«Жастар туралы үздік материал» аталымы бойынша «КТК» телеарнасының редактор-жүргізушісі Әйгерім Асқарқызы мен «31 арна» жаңалықтар қызметінің аймақтағы тілшілер редакторы Айдана Шібікеева, «Алаш қозғалысы бойынша үздік материал» аталымы бойынша «Жетісу» телеарнасының продюсер-журналисі Гүлжан Қызайбаева үздік деп танылды.
«Азаматтық борыш туралы үздік материал» аталымы бойынша «NUR.KZ» ақпараттық порталының тілшісі Юлия Абрамова және «Литер» республикалық қоғамдық-саяси газеті ақпарат бөлімінің меңгерушісі Темірлан Құспаев марапатталды. Ал Мағжан Жұмабаев атындағы «Сөз зергері» сыйлығы «Egemen Qazaqstan» газетінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Байқал Байәділге бұйырды.
Шерхан Мұртаза және Камал Смайылов атындағы «Телевизия үздігі» сыйлығын «Jibek joly» телеарнасының бағдарлама авторы-жүргізушісі Жанар Байсеміз бен «Астана» телеарнасының Қостанайдағы меншікті тілшісі Заңғар Санай иеленді. «Белсенді азаматтық ұстанымы үшін» сыйлығын «Qasqa Jol» YouTube арнасының автор-жүргізушісі Абай Тленшиев және «Turkistan Media Holding» ЖШС-ның басқарушы директоры Тельман Бейсенов алды.