• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Маусым, 2023

Жақсы бастама жалғасын тапса игі

206 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Түркістан қаласын­да өткен Ұлттық құрылтайда «Әді­летті Қазақстан – Адал азамат» тақы­­ры­бында сөйлеген сөзінде ақпа­рат саясатының тиімділігін арттыру бағы­тында ауқымды мәселені көтерген еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биік мінберден: «Масс-медиа – елімізді жаң­ғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сон­дай-ақ билік пен қоғам арасындағы пәр­менді байланыс құралы. Ақпарат құрал­дарында түрлі көзқарас тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет», деген.

Мемлекет басшысының бұл сөзінен, басқасын айтпағанда, бұқаралық ақпарат құралдарының алдында ұлтқа қызмет көрсетудің озық үлгілеріне жүгіне оты­рып, уақыт талабына сай жаңғыру міндеті тұр­ғанын аңғаруға болады. Шын мәнінде, аталған саланың тиімділігін арттыру, өзгеріс заманында оны негізгі ұстанымынан айнытпай, әлеуетін қоғам игілігіне дұрыс бағыттап, ізгі мақсатқа пайдалану үшін нақты қадамдар жасалып, өзін-өзі ақтайтын ауқымды жобалар қолға алынуға тиіс.

Ахмет Байтұрсынұлы газет қызметі – халыққа бас, көз, құлақ, тіл болып, ұлты­ның ар-абыройын күзетіп, жұртын жақ­сы­­лыққа бастауын аманаттаған еді. Ұлт ұстазының осы өсиеті журналистердің мойнындағы жауап­­кершіліктің зор екенін көрсетеді.

Бүгінде еліміздегі БАҚ өзі­нің ұлт ұстазы айтқан негізгі міндетін абыроймен атқарып келеді. Әсіресе қоғамдағы жақ­­­сылықтың жаршысы болуда, әттеген-айлар мен өзекті мәселелерді көтеруде, атқару­шы биліктің назарын елді алаң­датқан түйткілдерге аударуда еліміздегі БАҚ-тың рөлі ерекше.

Рас, бұқаралық ақпарат құралдарының, журналис­тердің еңбегі мемлекет тарапынан еленбей қалады, аталған сала­ны ынталандыру, қолдау ісі қаперге алынбайды деген пікір жиі айтылады. Мұндай са­рындағы пікірлерді жоққа шығаруға болмас, бірақ аталған мәселеде игілікті бастамалар кө­теріліп, олар­дың лайықты жүзеге асырылып жатқанын да айтуы­мыз керек. Десек те отандық БАҚ-ты қолдау, жур­­­налистердің әлеуметтік-тұр­­мыстық жағдайын көтеру бағы­тында нақты жобалар қолға алына бас­тағаны көңіл қуантады. Соның бір мысалы ретінде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай медиа саласында қажырлы қызмет ат­қарып келе жатқан 65 журналистің отбасы қуаныш­қа кенелді – баспаналы болды.

Осы жағымды жаңалықтан Мемлекет басшысының отандық БАҚ-тың бəсекеге қабілеттілігін арттыру мəселесіне айрықша назар аударып отырғаны айқын көрінеді. Мереке қарсаңында берілген баспана журналистер қауымының еңбегін әділ бағалауға деген бетбұрыстың басталғанын білдірсе керек. Қазақстан Президенті Әкім­шілігі басшысының орын­басары – Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, осындай мемлекеттік қолдау əлі де жал­ғасады.

Биыл БАҚ қызметкерлерінің кəсіби мерекесі тамаша тартумен басталды. Ұлттың ар-абыройын күзету, жұртты жақсылыққа бастау, жаманшылықтан сақ­тандыру міндетін абыроймен атқару маңызды. Сол үшін де салаға мемлекет тарапынан қол­дау біл­дірілуі, ынталандыру жұмыстарының қолға алынуы қажет-ақ. Бұл қажеттілікті өтеу бағытындағы жұ­мысты Президент жаңаша серпінмен бастап берді десе болады. Жақ­сылық жалғаса берсін, ағайын!