Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Олжас Есенбаев бакалавриатты аяқтап, әлемнің бірнеше жетекші университетінен бірден докторантураға шақыру алды. Олжасқа ұсыныс жіберген жоғары оқу орындары қатарында Пенсильвания штаты университеті, Флорида университеті және Айви Лигасының Корнелл университеті бар.
«Мен үшін күтпеген жағдай болды. Себебі осындай беделді университеттер бакалавриаттан докторантураға сирек қабылдайды. Өмірімде бір жақсы жағдай орын алса, бірден мектебім есіме түседі. Зияткерлік мектепте алған білімім маған әлі де жаңа мүмкіндіктер сыйлап келеді», дейді ақтөбелік зияткер.
Олжас Есенбаевтың таңдауы – Нью-Йорктегі Корнелл университеті. Бұл жоғары оқу орны Айви лигасына кіреді, әлемдегі үздік 20 университеттің қатарында тұр. Жыл сайынғы қабылдау көрсеткіші 6,9 пайызды құрайды.
Олжас биыл «Биомедициналық инженерия» бағдарламасы бойынша Кореядағы UNIST университетін «Адам факторлары инженериясы» мамандығы бойынша тереңдетіп бітірді. Оның болашақ мамандығы «Ақпараттық ғылымдар» деп аталады. Бұл адам бойындағы күйзеліс, үрей, кейде тіпті нашақорлық белгілерінің пайда болуын алдын ала болжауға бағытталған. Бұл ретте Корнелл университеті студенттеріне ғылыми жұмыстармен айналысуға мол мүмкіндік ұсынады. Олжас психикалық және физикалық ауруларды тану үшін мобильді сенсорларды және машиналық оқытуды қолдануды зерттейтін зертханада оқып, ізденуді жоспарлап отыр. Оның ізденімпаздығы мен белсенділігін, сондай-ақ бейнелеу өнеріне деген ерекше қызығушылығын мектептегі ұстаздары да атап өтті.
«Олжас әлемдегі жаһандық мәселелерді шешуге үлес қосуға бала кезінен ұмтылды. Ол өзін талантты суретші және иллюстратор ретінде көрсетіп, зияткерлік мектеп оқушысы Арайлым Сейтенова аударған қазақ тіліндегі Гарри Поттер туралы алғашқы кітапқа да суреттер салған. Олжастың комикстері мен иллюстрациялары мектеп қауымдастығының әлі де есінде. Ол салған картиналар NIS ART фестивальдарында үздік атанып, бүгінде зияткерлік мектептің сәнін келтіріп тұр, – деп атап өтті Ақтөбедегі зияткерлік мектеп директорының орынбасары Айгүл Асанова.