Парламент пен жергілікті өкілетті орган арасында тығыз байланыс болу керек. Қабылданған заңның төменге барған соң жұмыс істеуі, өміршең болуы өте маңызды. Ал аймақтағы депутаттар көптеген проблеманы бүге-шігесіне дейін біледі, тікелей араласады. Сондықтан заң шығару үдерісіне бірінші кезекте мәслихаттар депутаттары араласқаны дұрыс. Бұл заңдардың сапалы, халыққа жақын болуына ықпал етеді деп есептеймін.
Екіншіден, Парламентте мажоритарлы жүйедегі, яғни бір мандаттық округтен сайланған депутаттар бар. Олар ең алдымен өңірлердегі өзекті мәселемен айналысуы қажет. Өңірдегі мәселелерді жергілікті аудан, қала, облыстық мәслихаттар депутаттарымен бірлесіп шешкеніміз дұрыс. Аймақтағы қордаланған сұрақтарды бірлесе талқылап, нақты іске асыратын болсақ, көптеген мәселені шешуге мүмкіндік туады. Егер қажеттілік туындаса, бюджет мәселесін заңнамалық тұрғыда өзгеріс енгізу керек болса, білек сыбана кірісуге әзірміз.
Мысалы, Маңғыстау облысын алып қарайтын болсақ, Жаңаөзен, Түпқараған, Бейнеу, Қарақия ауданына қатысты мәселе өте көп. Осы орайда, өңірдегі депутаттар хат жолдап, біз оларды министрліктермен кездестіріп, кейбір мәселелерді бюджетке енгізіп, араластық. Осы секілді ұсыныс-сауалдар әлі де келіп жатыр.
Сондықтан мұндай форматтағы форумдарды жиі ұйымдастыру қажет. Өйткені кез келген мәселені шешуде синергетикалық байланыс керек. Оның үстіне «Аmanat» партиясының қабылдаған сайлауалды бағдарламаны жүйелі іске асыруда Парламент пен жергілікті мәслихаттар депутаттары күш біріктірсе, көптеген мәселенің сапалы, уақтылы дер кезінде шешуге куә боламыз.
Еділ ЖАҢБЫРШИН,
Мәжіліс депутаты