Форум аясында барлық деңгейдегі Мәжіліс және мәслихаттардың депутаттары Астана қаласына жиналып, партия басшылығымен бас қосты. Біріншіден, саяси іс-шара – еліміздегі түйіні әлі күнге дейін тарқамаған проблемаларды талқылап, сол мәселе турасында өз ойын, ұсыныс-пікірін ашық айтуға деген өте жақсы мүмкіндік.
Екіншіден, мұның алдында болған Конституциялық реформаға байланысты мәслихаттардың да, Мәжілістің де құзыреттілігі артты. Әуелі мәслихатқа тоқталсақ, бұрын мәслихат хатшысы десек, бүгінде мәслихаттың төрағасы деп өзгертілді. Бұл тек атының жаңаруы ғана емес, оның мазмұнының жаңғыруына әкеліп жатыр. Мәселен, мұның алдында мәслихаттардың депутаттары қызметтерін қоғамдық қосымша жүктеме ретінде алып жүретін. Салдарынан көп мәселемен айналысуға уақыты болмайтын. Қазір мәслихаттың тұрақты комиссияларынан кем дегенде екі төраға толығымен таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп мәслихатта отырады. Міне, мұны мен мүмкіндіктің кеңеюі, құзыреттің артуы деп ұғамын. Өйткені олар қазір бюджетпен айналысуға, шығыс-кірістерін толыққанды қарап, зерттеуге, қажет кезінде батыл сауал қоя біліп, тиісті ұсыныстар айтуға, өзіндік шешімдер қабылдауға мүдделі деп санаймын.
Сондықтан республикалық деңгейде ұйымдастырылған форумға еліміздің әр бұрышынан жиылған азаматтар қаймана қазақ қамы үшін нақты бір проблемаларды көтереді деп санаймын. «Аmanat» партиясының алаңында айтылған ұсыныстар өз шешімін табады деп үміттенемін.
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,
Мәжіліс депутаты