Кез-келген тұрғын қауіпсіз қалада өмір сүргісі келеді. Қоғамдық қауіпсіздікті арттыруда жол бойындағы бейнебақылау камералары маңызды рөл атқарады. Олар болған оқиғаларды жазып алып, ұрлық, шабуыл және жол қозғалысы ережелерін бұзу сияқты қылмыстарды анықтауға көмектеседі. Бейнебақылау камералары арқылы құқық қорғау органдары оқыс оқиға кезінде жылдам әрекет етіп, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын жақсарта алады.
Қарағанды облысына қарасты Қарағанды, Теміртау, Саран қалалары мен Осакаров кентінде 2021 жылдың қазан айынан бастап «Қауіпсіз қала» жобасы жұмыс істейді. Оның аясында 2726 бейнебақылау камерасы орнатылды. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерінің бұзушылықтарын тіркейтін 86 кешен іске қосылды.
Бейнебақылау камераларының профилактикалық әсері бар. Олар – жол инфрақұрылымының бақылауда екенін көрсететін бірден-бір құрал. Адамдар өз іс-әрекеттерінің камераға жазылғанын білген жағдайда заңға бағынуға бейім болады. Бұл қылмыстың алдын алып, қаладағы қауіпсіздіктің жақсаруына ықпал етеді.
Бейнебақылау камералары жол қауіпсіздігін жақсартуға көмектеседі. Олар жылдамдықты арттыруды, қызыл бағдаршамға өтуді, заңсыз басып озуды анықтай алады. Қалада осындай бақылау аумағында автомобиль трафигін тіркеуге және жылдамдық режимінің бұзылу белгілері мен оқиғаларды анықтауға арналған 70 аппараттық-бағдарламалық кешен бар. Сондай–ақ бізде автомобиль трафигін тіркеуге және жол қиылысындағы бағдаршамның тыйым салу сигналына өту мен аялдама сызығына шығу ережелерін бұзу белгілеріндегі оқиғаларды анықтауға арналған 16 кешен жұмыс істейді.
Бақылау камералары көлік қозғалысы, қозғалыс тәртібі және жаяу жүргіншілердің мінез-құлқы туралы деректерді үлкен көлемде жинайды. Бұл деректерді қалалық инфрақұрылымды талдау және жоспарлау үшін пайдалануға болады. Жақында Абай, Шахтинск қалалары мен Шахан, Долинка және Северо-Западный кенттеріндегі бейнебақылау камералары бірыңғай қалалық бейнебақылау жүйесіне біріктірілді.
Қауіпсіздік сақшылары жол-көлік оқиғалары мен көлік ағынының проблемалары үшін жоғары қауіпті аймақтарды анықтауға көмектеседі. Деректерге сүйенсек, Қарағанды облысына қарасты қалаларда 2023 жылдың 5 айында жол көлік оқиғалары саны 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,2%-ға төмендеді.
Жол бойындағы бақылау камералары қалаларды қауіпсіз етуде маңызды рөл атқарады. Олар қоғамдық қауіпсіздікті жақсартуға, қылмыстың алдын алуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін реттеуге және талдау мен жоспарлау үшін құнды деректермен қамтамасыз етуге көмектеседі. Жол инфрақұрылымына бейнебақылау камераларын енгізіп, олардың санын арттыру – қауіпсіз қалаға жасалған ең тиімді қадам. Қарағанды қаласының тұрғындары мен қонақтары қашан да өздерін еркін әрі қауіпсіз сезінуі тиіс.