Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Алматы облысына жұмыс сапары барысында жолаушылар көлігімен қамтылмаған ауылдық елді мекендерге автобус маршруттарын беретін коммуналдық кәсіпорын құруды тапсырған. Осы тапсырманы орындау мақсатында жыл басында облыс әкімінің қаулысымен «Алматы облысының автобазасы» ЖШС муниципалды автобус паркі құрылған болатын. Шілденің алғашқы күні коммуналдық парктің алғашқы маршруттары жолға шықты.
Өтеген батыр ауылында орналасқан парктің кеңсе алаңы 600 ш.м болса, жер учаскесінің жалпы ауданы 1 га техниканы жөндеу орны – 1000 ш.м серіктестік облыстың 332 тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда аталған серіктестікте 25 автобус бар. Оның ішінде 17 бірлік 12 метрлік, 7 бірлік 9 метрлік «Лиаз» және сыйымдылығы шағын «Газель» автобустары.
Облыстың шалғайдағы ауыл тұрғындарының өтініші бойынша №5 «Төле би ауылы» (Іле ауданы) – «Сәлем» автостансасы (Алматы қаласы)» аралығына жаңа автобус бағыты ашылды. Бұл бағытқа 12 метрлік 6 автобус қызмет көрсетеді. Сыйымдылығы 108 адам болатын «Лиаз» маркалы автобус маршрутпен қамтылмаған 2 ауылдық елді мекенді, Төле би мен Түймебаев ауылдарына қатынауды өз міндеттіне алған. Маршруттардың жұмыс уақыты таңғы 5.40-тан кешкі 22.00-ге дейін жүзеге асады. Қоғамдық көліктердің қозғалыс аралығы 20 минутты құрайды.
– Сондай-ақ Алматы қаласымен бірлесе отырып, агломерацияның 50 шақырымдық аймағында жаңа бағыттарды әзірлеудеміз. Алдағы уақытта Алматы облысының аумағында 9 бағытқа қызмет көрсетуге 130 бірлік жаңа автобус сатып алу жұмыстары жүргізілуде, деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов.
Бұл маршруттар 20-ға жуық елді мекенді, 1 қаланы (Гейт Сити) және Іле ауданының қоғамдық көлікпен қамтылмаған 2 ірі шағын ауданын қамтамасыз ететін болады. Жақын арада қоғамдық көліктерде QR код немесе банк картасы арқылы төлем жасалатын электронды билет жүйесі орнатылады.
Алматы облысы