Теңіз деңгейінен шамамен екі жарым мың метрге жуық биіктіктегі Іле Алатауының шығыс сілемінде жатқан атақты Асы жайлауын Еңбекшіқазақ ауданының малшылары жайлайды. Шөбі шүйгін, топырағы құнарлы жайлау төрінде 500-ден астам шаруа қожалығының малдары жайылып, қоң жинайды. Жыл сайын жайлау төсін дүбірлеткен малшылар слетінің карантин уақытында жібі үзіліп қалған еді. Биыл дәстүрлі шара қайта жаңғырып, Асыда ауылшаруашылық еңбеккерлері мен кәсіпкерлердің форумы ұйымдастырылды. Айта кетерлігі, ауыл шаруашылығына қолайлы өңірдегі төрт түлік малдың 65 пайызы 133 жайлауда жайылады.
Көз жауын алар жайлауға аңсары ауған жұрт көліктерімен қарағайлы тау арасындағы жолдың қиындығына қарамастан, лек-легімен өрлеп барады. Арасында жүлдеден дәмелі жүйріктерді тиеген жүк машиналары да жүйткиді. Ал екі дөңгелекті мотоны тізгіндегендер қарасы тіптен молырақ. Барлығы да еңбекшілердің құрметіне өтетін шара аясындағы ұлттық спорт ойындары мен бәйге, қыз қуудың қызықтарын тамашалауға асыққандары анық.
Жасыл кілемдей құлпырған жайлауда ауылшаруашылық көрмесі ұйымдастырылыпты. Онда Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтынан бастап, облысқа ғана емес, республикаға танымал шаруашылықтардың өнімдері, жетістіктері орын алған. Сондай-ақ асыл тұқымды мүйізді ірі қара, қой-ешкі, қос өркешті түйе-тайлақ, жылқылар да көрмені тамашалаған көпшіліктің назарын аударды.
Соның бірі – 2001 жылы құрылған жеке сүт фермасы «Дәулет-Бекет» ЖШС. Шаруа қожалығының жалпы жер көлемі 28 812 гектарды құрайды. Аталған шаруашылықта қазақ бактриан (екі өркешті) және түрікмен аруана (бір өркешті) түйелері өсіріледі, орташа есеппен тәулігіне 5-7 мың литр сүт сауылады. Екі жыл бұрын түйе сүтін ұнтаққа айналдыратын зауыт іске қосылған.
– Қарамағымызда бес мың түйе бар. Биыл мың бас түйеміз бота ерітті. Өсім бар. Соңғы екі жылдағы жетістігіміз – түйе сүтін құрғатып, ұнтақ сүт жасайтын зауытты іске қостық. Түйе сүтінен алынған өнімдер еліміздің барлық аймағына, Қытайға экспортталады. Зауыттың қуаттылығы тәулігіне 5 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Тек өз түйеміздің сүтінен ғана шұбат, құрғатылған түйе сүті, құрт, балқаймақ, ірімшік, шербет, жалпы алғанда онға жуық тағам түрі шығарылады. Екі жүз адам тұрақты еңбек етеді. Еңбек өнімділігі артатын жазғы маусымда жұмысшылар саны үш жүзге жуықтайды, – дейді «Дәулет-Бекет» ЖШС түйе шаруашылығының меңгерушісі Жандарбек Садықұлы.
Өңірде сүт бағытында ерекше ешкі өсірумен айналысатын «Tengri Milk» ЖШС де ешкі сүтінен жасалған он шақты өнім түрлерін ұсынса, соның ішінде айран, құрт, қаймақпен қатар, балмұздақ та көптің қызығушылығын тудырды. Күніге 3,5 литрден астам сүт беретін «Заанен» асыл тұқымды ешкілерінің тірі салмағы 70 килоға жуықтайды. Сүтінің майлылығы – 4,5 пайызды құрайды. Адам ағзасына аса пайдалы өнім өндіретін бұл шаруашылықта «Альпі» тұқымдас ешкілер де өсіріледі.
Ауылшаруашылық көрмесінде Балқаш ауданының «Агрофирма Бірлік» ЖШС-ның директоры Алмас Қыстаубаев серіктестіктің алты мың гектарды алып жатқан егістіктен жоғары өнім жинаудың жолдарын баяндап берді. Бүгінде серіктестіктің өнімін ысырапсыз жиып-теріп алуында техниканың жеткілікті болуының септігі тиюде. Қарамағындағы 104 дана трактор, 35 дана комбайн қатары соңғы уақытта өздігінен жүріп шабатын «Магдон» маркалы 2 комбайнмен толығып, өнімділікті арттыра түскендігі тілге тиек болды.
«Біздің компания ет өңдеумен айналысады. Бірнеше салада жұмыс істейміз. Біріншісі, малдың жем-шөбін дайындайтын егіс шаруашылығы Кеген ауданында бар, сол ауданда 3000 басқа арналған бордақылау алаңы жұмыс істейді. Одан бөлек Панфилов ауданында жалға алған жерде 2 мың бас мал бордақылануда. Мал сойып, ет өңдейтін ең заманауи кәсіпорнымыз Қарасай ауданы Қошмамбет ауылында орналасқан. Отандық өнімдеріміз Таяу Шығыс елдеріне, сонымен қатар Иран мен Қытай, көршілес кедендік одақ мемлекеттеріне экспортталады. Жапонияға Қазақстаннан ең алғашқы болып ет өткіздік. Мал сою комбинатымыздың қуаттылығы күніге 500 бас ірі қара, 2 мың ұсақ мал союға арналған. Бұл толыққанды жүзеге асу үшін мемлекет тарапынан үйлестіру жұмыстары жүйелену керек, деген «M|P|S» ЖШС-ның құрылтайшысы Бақытжан Әбдірәсілов малды арнайы орындарда соймаудың салдарынан түрлі аурулардың көбейетіндігін айтты.
«Бір орында сойылған малға ветеринарлық бақылау күшейтіліп, санитарлық тазалық нормалары сақталады, бір жерде сойылған малдың терісін өңдеу комбинаттарына өткізу де жеңіл. Ет өңдеу орындары көптеп жұмыс істейтін болса, малдан қалған бас-сирақ, ішек-қарын, іш май сынды бөліктері түгел өңделіп үлкен қаражатқа айналады. Алматы облысы – ауыл шаруашылығы дамыған аймақтардың бірі. Сол себепті шаруа қожалықтары мен ет өңдейтін комбинаттардың, мал соятын орындарының басын біріктіріп, дұрыс бағдарлама жасап, кластерге айналдыратын болса, шаруаларға үлкен көмек болары сөзсіз. Таяу Шығыс мемлекеттерінде мал өсіру мүмкіндігі жоқ, сондықтан олар біздің етті алуға тәуелді» деген ол, Алматыда «Асыл ет» желісі жұмыс істейтіндігін, қала әкімімен арадағы келісімге сәйкес әлеуметтік орта топтарға арналған төменгі бағадағы ет саудаланатындығын атап айтты.
Көрмеге ауылшаруашылық өнімдерімен қатар, оған қажетті мал азығы, құрама жем, минералдық, органикалық тыңайтқыштармен айналысатын компаниялар және қолдан ұрықтандыру жұмыстарын ұйымдастырушылар қатысып, өнімдерінің тиімділігі турасында баяндады. Көрме жұмысымен танысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев одан әрі жыл бойы маңдай терін тамшылатқан малшыларды өткен Құрбан айт мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі.
– Жайлауларымыз – суы мол, шөбі шүйгін, маса-сона, шыбын-шіркейі аз малға тиімді, тіршілікке қолайлы, көшіп-қонуға ыңғайлы жерлерде. Облысымызда жайлау мен қыстаулар арасының қашықтығы да әртүрлі. Малшылардың көктеу мен күздеуге, қыстауға көшіп-қонуы ұйымдастырылады. Облыс бойынша төрт түлік малдың 65 пайызы жайлауда жайылады. Жайылымдар туралы заңға сәйкес, 2023-2024 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жоспары бойынша әр аудан әкімдігі айналысуда. Бүгінде «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл халқының табысын арттыру мақсатында облыс бойынша 8,3 млрд теңге бөлінді. Осы қаражатты тиімді пайдалану үшін әр өңірдің ерекшелігіне сәйкес ауыл шаруашылығы саласын дамытуымыз қажет. Аталған бағдарлама аясында жұмысын жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші компаниялармен бірлесіп жұмыстар жасалып жатыр. Ендігі жылы бұл бағдарламаға 14 млрд теңге қаржы бөлінеді деп жоспарланып отыр, – деді өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев.
Форум барысында аграрлық салада табанды еңбек етіп, өңірдің өркендеуіне үлес қосқан бірқатар мамандар мен малшылар облыстың «Құрметті азаматы» атағымен марапатталып, Алғысхаттар табыс етілді.
Еңбекші халықтың мерейін тасытып, көңілін серпілткен салтанатты шара соңында ұлттық спорт түрлерінен бәсекелі жарыстар өтіп, жиылған қауым қыз қуу мен аламан бәйгені тамашалады. Сөйтіп, сұлулығы талайды тамсантқан Асы жайлауында күмбірлеген күй мен әсем ән қалықтады.
Алматы облысы