• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Жәдігер 04 Шілде, 2023

Танымал күйшілердің домбырасы

2484 рет
көрсетілді

Атыраудағы тарихи-өлкетану музейінде ел тарихына қатысты құнды деректер де, сирек кездесетін жәдігерлер де аз емес. Музейде іскерлігімен, шығармашылығымен, өнерімен дүйім жұртқа танылған қайраткерлердің тұтынған заттары да бар.

Музей директоры Мұхан­бетқали Кипиевтің айтуынша, қорда қазақтың күй өнерін кейін­гі ұрпаққа жеткізуге үлес қосқан ком­позиторлар мен күйшілердің домбырасы бар. Былтырдан бері қос ішекті аспаптың қатарына бірнеше домбыра қосылған.

Мәселен, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық өнердің жанашыры Иманғали Тасмағамбетов үш домбыра тапсырыпты. Оның біріншісі – күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әр­тісі Секен Тұрысбековтің дом­­­бырасы. Ұлттық аспаптың ша­­нағы – бұйра қайың, беті – еуро­палық шырша, мойыны – қара­ғай, тиегі – бубинга, оюы сүйек ұнтағымен көмкерілген. Бұл домбыраны шебер Қуаныш Төлебаев жасаған.

Екінші домбыра – күйші-дом­­бырашы, Қазақстанның ең­­бек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаеваның көп жыл ұс­­та­ған аспабы. Домбыра жа­сау­­дың шебері Нұрбек Әділ­беков қос ішекті аспаптың күмбір қаққан дыбысын ас­қақтату үшін шанағына, мойыны және ба­сына канадалық үйең­кіні, бетіне шыршаны пай­даланған. 

Үшінші аспап – күйші-дом­бырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Еңсе­повтің домбырасы. Бұл дом­быраны жасаған кезде шебер Жо­лаушы Тұрдығұлов аспап­тың шанағы мен тие­гіне қара ағашты, бетіне Тянь-Шань шыршасын, мой­нына май қарағайды қолдан­ған. Аспаптың мойын бе­ті­не қызыл ағашты, басы мен құ­­лағына үйеңкіні қию­ластырған.

Музейде Қа­зақ­­­­стан­ның еңбек сіңірген қай­­­­­рат­­кері, про­фес­сор Кәрима Са­хар-баеваның тап­­сырған домбырасы сақ­тау­­лы тұр. Екі ішекті, он сегіз пер­нелі дом­­быраның бет тақ­тайына өрнек салынған. Дом­быра саз аспаптарын жа­сау­шы шебер Бисенғали Мыр­зағалиевтің қо­лынан шық­қан.

Тағы бір аспап – «Асыл дом­быра – 2022» ақындар айты­сы­ның ақтық сайысында өнер көр­сеткен жергілікті ақындар Шынарбек Қабиев, Сырымбек Сәрсембаев, Шалқарбай Ізба­саров ұтып алған домбыра. Ал биылғы 17 мамырда көне­ден жеткен домбыраның бірін Қ.Қайсенов атындағы №33 ор­та мектеп музейінің жетекшісі Т.Жиенәлиева әкеліпті. Домбы­раны жергілікті тұрғын Б.Дос­бай­ұлы ұрпағына аманат­тап, бірнеше буынға жеткізген. Ке­йін көненің көзіндей сақ­талған ұлт­тық аспапты ке­ліні К.Нәбиева 2011 жылы мектеп жанындағы му­зей­ге берген. Бұл домбыра биыл облыстық тарихи-өл­кетану му­зе­йінде өт­кі­зілген «Қо­ғамдық му­зейлер қазы­насы» облыстық көр­ме-бай­қауында үз­дік туынды ретінде та­нылған.

 

Атырау облысы