• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 04 Шілде, 2023

«Бала даусында» дараланды

274 рет
көрсетілді

12 жастағы Жанель Әли Испанияда өтіп жат­қан «La Voz Kids» (бала даусы) байқауының финалына өтті. «La Voz Kids» – жергілікті испан телеарнасында көрсетілетін балалар байқауы.

Ұлт мәдениеті – әдебиет пен өнері арқылы таны­лады. Мәселен, Димаш арқылы қазақты әлем таны­ғаны даусыз. Шетел сахнасында ән шырқап Қазақстан­ның атын танытып жүрген кішкентай таланттар да бар. Соның бірі – Испанияда «La Voz Kids» байқауында финалға шыққан Жанель Әли.

Қазақстан атынан қатысқан әнші әуелі «Көрмей тыңдау» кезеңінде төрешілерді таңғалдырып, атақты Росарио Флорестің (Rosario Flores) тобына қабылданды. Бірінші кезеңде Кристина Агилераның «Hurt» композициясын шырқаған Жанельдің орындау шеберлігіне жоғары баға берілді. Одан кейінгі «Жекпе-жек» кезеңінде үш әнші бірге ән шырқап, келесі айналымға өту үшін бақ сынасқан болатын. Олар Уитни Хьюстонның «I have nothing» әнін айтты. Жолдама Жанельге бұйырды.

Жартылай финалда да әнші сәтті өнер көрсетті. Жобаның шарты бойынша ақтық сынға тек екі қаты­су­шы өте алады. Бірін жетекші таңдаса, бірін залда отырған кө­рермен таңдайды. Тағы да Кристина Аги­лераның әнін орындаған Жанель көпшіліктің көңілі­нен шығып, көрермен даусы бойынша финалға өтті. 

«Сахнаға шыққанша қатты қобалжыдық. Бірақ, көрермен қызымды өте жылы қабылдады. Қолдап жатқандардың бәріне алғыс білдіремін. Енді Жа­нель­дің алдында ақтық кезең тұр. Апта ішінде жаңа әнді жаттап, нақышына келтіріп айту үшін әбден дайындалуы керек. Ал жобаның жеңімпазы келер аптада белгілі болады. Бірақ, біз үшін көп қатысушының ішінен финалға дейін жетудің өзі – үлкен жеңіс», дейді анасы Гүлшахар Батырша.