Бүгінде мамандардың бір бөлігі цифрландыру дәуірінде журналистика жаңа сапаға көтерілуде десе, енді бірі адамзаттың цифрлық жаңалықтарға сенімсіздігі артқанын айтады. Тап осы мәселені он екі жыл бойы зерттеп келе жатқан Оксфорд университеті мен «Reuters» журналистика институты жыл сайын «Цифрлық жаңалықтар есебін» жариялап отырады.
Сарапшылар биылғы басылым аясында 46 елден дерек жинап, сауалдама өткізіп, жаңа дәуір журналистикасына ғылыми баға берген. Әлемнің әр аймағында халықтың жаңалықтарға деген сенімі мен сын-талабы әркелкі екендігі ойландырады.
Бұл зерттеу ғалымдардың «BBC» және «Google жаңалықтар бастамасы» секілді халықаралық медиа алыптарын ғана емес, әр аймақтың жергілікті медиа құрылымдарын да осы жұмысқа жұмылдырғанымен ерекше көзге түседі. Нәтижесінде, әр аймаққа, әр буынға тән журналистика трендтері анықталған, медиа мен демократия қағидаттары арасындағы байланыс секілді әлеуметтік-саяси үрдістерге шолу жасалған.
Зерттеу көрсеткендей, адамдардың көбі жаңалықты қарауға немесе тыңдауға қарағанда оқығанды жөн көретіні байқалған. Өйткені мәтін әлдеқайда қолжетімді және оқиғаны әрмен қарай зерттеуге мүмкіндік береді. Дегенмен Филиппин, Үндістан және Тайландта бейнежаңалықтарға сұраныс көбірек екені анықталды.
Зерттеу деректеріне сүйенсек, қазір аудиторияның ыстық ықыласына бөленіп жүрген цифрлық арналар әр көрерменнің немесе оқырманның қызығушылықтарына сай жаңалық көрсетіп отырады. Бұл дегеніміз – сіздің қай жаңалыққа басымдық беру керегіңізді шешетін алгоритм. Сауалдама нәтижелері көрсеткендей, адамдардың 30 пайызы алгоритмнің мұндай қызмет көрсетуіне қарсылық білдірмейді. Ал респонденттердің 27 пайызы әлі де журналистер мен редакторлардың өзі жаңалықтар ретін белгілеуі керек деп есептейді.
Әлеуметтік желілер мен алгоритм дәуірінде адамның назарына, уақытына талас орнағаны сөзсіз. Бір жағынан, бұл үрдістің медиа ортадағы жаңа «нормаға» айналғаны алаңдатса, екінші жағынан, жаңалық оқу арқылы саяси белсенділік танытудың азайғаны да сұрақ тудырады. Мысалы, жаңалықты әлеуметтік желілерден, вебсайттардан немесе мобильді қолданбалардан оқитын қауымның тек 22 пайызы оқығанын бөлісіп, пікір қалдырып, саяси өмірге араласады. Мұндай азаматтардың көбіне жоғары білімді, өзінің партиялық таңдауына берік және сол саяси партияның тұрақты ядролық электоратына жататыны мамандардың қызығушылығын тудыруда.
Цифрлық жаңалықтарға сенімнің төмендеуі – маңызды фактор. Биыл әлем халқының 40 пайызы ғана цифрлық журналистикаға сенім білдіретіні анықталған. Цифрлық медиаға ең көп сенім білдіретін Финляндия азаматтары болып шықты. Олардың көрсеткіші – 69, ал ең төмен сенім деңгейіне ие ел Грекия 19 пайыз жинаған. Айта кету керек, соңғы уақытта Грекия қоғамында баспасөз бостандығы мен медиа тәуелсіздігі туралы қызу талқы жүріп жатыр.
Жаңалықтардан саналы түрде бас тартатын адамдар әлем халқының 36 пайызын құрайды екен. Бұл азаматтар позитивті немесе нақты шешім ұсынатын жаңалықтар оқуға бейім. Олар күн тәртібіндегі өзекті жаңалықтарға қызықпай, өздеріне маңызды ақпаратқа көңіл аударады. Мысалы, жаңалық қарамауға тырысатындардың 39%-ы Ресей-Украина соғысы туралы ақпарат алудан бас тартады. Азаматтардың 30%-ы қылмыс тақырыбындағы жаңалықтарды оқымауға тырысады.
Демек, халықты ақпараттандыруда әлеуметтік желінің дәстүрлі медианы алмастыруы күмән тудырады. Теледидар және баспасөзден бөлек, әлеуметтік желінің өзі азаматтардың саяси хабардарлығын айтарлықтай арттыра алмай келеді. Бұл үрдістің салдары келешекте тереңдетілген зерттеуді қажет ететіні анық.
Айдана АМАЛБЕКОВА,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы