Биыл елімізде ҰБТ тапсыруға 304 мың түлек өтініш білдіріп, олардың 79%-ы шекті балл жинаған. Негізгі ҰБТ қорытындысы туралы және жаңа оқу жылына бөлінетін гранттар жайлы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев өзінің Фейсбуктегі жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгін елімізде грант конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін негізгі ҰБТ аяқталды. 18 мамыр мен 5 шілде аралығында барлығы 304 мың түлек тестілеуге өтініш білдірді. Солардың 76% қазақша тест тапсырды. 79% шекті балл алды. Былтырғы жылмен салыстырғанда шамамен 10%-ға өсті. Сонымен қатар биыл ҰБТ-ның орташа балы − 70 болды, бұл былтырғы көрсеткіштен 3 балл жоғары», делінген жазбада.
Сондай-ақ вице-министр биыл жоғары оқу орнына түсетін абитуриенттерге қандай жағдай жасалып жатқанын жазып, мемлекеттік тапсырыс аясында бөлінетін гранттар туралы ақпарат берді.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, биыл гранттардың саны 5 мыңға өсті. Ал стипендияның мөлшері 20%-ға өседі. 2023-2024 оқу жылына бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың көлеміне тоқталар болсақ: бакалавриатта – 73061 грантты, магистратурада – 13088 грантты, докторантурада – 1890 орынды құрап отыр. Гранттардың 60%-ы инженерлік және техникалық мамандықтарға бөлінді, педагогикалық квотаны 47%-ға дейін ұлғайттық. Ол тек өңірлік университеттерге ғана бөлінді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл халық тығыз қоныстанған, батыс өңірінен шыққан жастарға жаңадан құрылған облыстардың жастарына арнайы 5000 грант қарастырылған, әлеуметтік осал жеті топқа, ауыл түлектеріне (35%) арнайы квота қарастырылған. Алғаш рет ауылшаруашылық және инженерлік бағыттарды қолдау мақсатында пилоттық режимде арнайы квота бөлдік. Ол тек өңірлік университеттерге бөлінді», деп жазды Қуаныш Асылханұлы.
Сонымен қатар вице-министрдің мәліметінше, «Серпін» бағдарламасы бойынша 18 ЖОО-ға 3653 грант қарастырылды. Ал шетелдік университеттердің филиалдарында оқу үшін арнайы грант бөлінді.
«Қорытындылай келе, талапкерлерге айтарымыз, оқу орнын тандағанда жатақхананың болуын тексеріп алу қажет. Алматы мен Астанадағы жатақханаларда орын жетіспеушілігі мәселесі бар. Сондықтан өңірлік университеттерге түсуге кеңес береміз. Ал сапа жағынан олар кем емес. Келесі аптада ҰБТ нәтижелері туралы толығырақ «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында баяндаймыз», делінген вице-министрдің жазбасында.