Астана қаласының 25 жылдығына орай «Наз» мемлекеттік би театрының «Қазақ жәдігерлері» атты мерекелік концерті өтті.
«Наз» мемлекеттік би театрының қалыптасуы бас қаламен тікелей байланысты. Себебі театр елорда Арқа төсіне көшкеннен кейін құрылды. Содан бері өнер ордасы Астанамен бірге дамып, рухани кемелденіп келеді.Осы жылдар ішінде өнер ұжымы еліміз бен бас шаһардың мерейін шет мемлекеттерде талай мәрте асырды.Театр репертуарындағы қайталанбас қойылымдар мен концерттік бағдарламалар арқылы шетелдік көрермендерге қазақ би өнерінің ерекшелігін танытты.
Елорда мерекесіне арналған концертте өнер ұжымы қазақтың салт-дәстүрін паш ететін «Тұсаукесер», «Сүйінші», «Секіртпе», «Қайым айтыс», «Көңілашар» секілді ерекше қойылымдарды тарту етті. Сонымен бірге қазақ жігіттерінің батырлығын, өрлігін, қайсарлығын бейнелейтін «Тау ұлы» туындысы театрдың бетке ұстар қойылымы екеніне көзіміз жетті. Ал қазақ қызының нәзіктігін, сұлулығын айшықтаған «Назбике», «Іңкәр сезім», «Аққу», «Серпін» билері көрерменді бірден баурады. Сондай-ақ концертте театр әншілері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Бәтима Изенаева, Зағипа Иманғазиева, Айсұлтан Басықара әуелетіп ән салып, тыңдаушылардың ықыласына бөленді.
Бір сөзбен айтқанда, Астанамен бірге көркейіп, арнасы кеңейген «Наз» мемлекеттік би театрының халқымыздың көне дәуірден бүгінге жеткен ұлттық құндылықтарын хореография тілінде жеткізген ерекше формадағы қойылымы көңілімізден шықты.