Жыл ілгері жылжыған сайын Астананың көз тартар ғажайып нысандары көбейіп келеді. Әдепкіде зәулім ғимараттарымен таңғалдырса, кейінгі жылдары көрікті саябақтары мен керемет субұрқақтары, сондай-ақ сан алуан демалыс орнымен де көңіл төріне жайғасып, әр жанға мамыражай сезім сыйлауға асығады. Көшелерін көмкерген қызылды-жасылды гүлдері мен жап-жасыл ағаштары сұлулыққа іңкәр сезіміңді одан сайын баурай түседі.
Расында Астана – бір бойына бүкіл әлемнің әсем айшықтарын сіңіре білген көрікті шаһар. Шығыс пен батыс сәулет өнерлерінің жауһарларын үйлестірген сәні мен салтанаты, көркі мен келбеті кімді де болсын таңғалдырмай қоймайды...
Көштің беті Сарыарқаға бұрылған кезде бас қаланың бас жоспарын жасауға тұңғыш халықаралық байқау жарияланып, әлемдік сәулет өнерінің сұңғылалары жіберген жүздеген жобалар білгір мамандардың сараптауынан өткізілді. Астананың бас жоспар байқауына айтулы сәулет державаларынан және бұл тұрғыда атағы әлемге жайылған Жапония, АҚШ, Аустралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкістан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Латвия сияқты елдерден 60-қа жуық жоба келіп түсті. Олар Астана концерт залына қойылып, таңдаушылар назарына ұсынылды. Сөйтіп, тың жобалармен әркімнің танысуына толық мүмкіндік туды. Соншама жобаның арасынан Қазақстанның жаңа астанасын салудың бас жоспары ретінде сол кездегі аса көрнекті сәулетшілердің бірі – жапон концептуалисі Кисе Курокаваның архитектуралық жұмысы мамандардың талғамы мен талабын дөп басты.
Кезінде Амстердам қаласындағы Ван Гог мұражайы, Куала-Лумпурдың халықаралық әуежайы, Осака қаласының Ұлттық-экологиялық мұражайы, Болгариядағы «Витоша» қонақүйі, «Сони» корпорациясының мұнарасы сынды жобалардың авторы, атақты жапон архитекторы Кисе Курокава осылайша Астана қаласы бас жоспарының атасы атанды. Курокаваның бас жобасы бойынша жүзеге асырылған Астананың архитектуралық ансамблі бүгінгі заманның өскелең дизайны мен Азияның сәулет колоритінің бірегей үндестігін құрайды.
Сезімтал сәулетші Астананы дамытудың негізіне жаңа философиялық көзқарасты тұғыр етті. Оның тұжырымдауынша, ХХ ғасыр механикалық принциптер үстемдік алған дәуір болса, ХХІ ғасыр өмір принциптеріне көшетін дәуір болады. Ендеше, Қазақстанның жаңа астанасы «симбиоз» атты шешуші ұғымды арқау етуге тиіс.
Ақиқатында қала құрылысының бұл жаңа идеологиясы жаңа мыңжылдықтағы шаһар салудың шешуші бағытына айналды. Курокава идеясының мәні, қала құрылысы мен табиғи экологиялық жүйенің үйлесім-дікпен дамуы болатын. Жыл сайын саны көбейіп сән құрып жатқан саябақтар – сол идеяның жемісі.
Десек те өз еліміздің архитекторлары Астананың бас жоспарына уақыт өте келе өзгерістер мен тың жаңалықтар енгізді. Онда өңірдің экологиялық жүйесімен қала құрылысының бірегейлене салынуына басты назар аударылды. Аймақтың табиғи жағдайы, ауа райының құбылмалылығы ескеріліп, қала маңында жасанды орман алқаптарын қалыптастыру қолға алынды.
Соның нәтижесінде «Жасыл аймақ» мемлекеттік кәсіпорны құрылып, Астана аумағын көгалдандыру шаралары басталып кетті. Елордасын Арқаның тынымсыз желі мен сұрапыл дауылдарынан қорғау үшін жыл сайын 5 мың гектар жерге ағаш егіліп, жасыл белдеу жасалды. Астананы орап жатқан бұл орман алқаптарының алабы бүгінде жүз мың гектарға таяп қалды. Қазір бұл орманда қоян, түлкі, қарсақ, елік сияқты аңдармен қатар, өңірдің сәнін келтіретін жүздеген құстар ұя салып, өсіп-өніп көбейіп жатыр. Бұйыртса, таяу жылдарда Астана орманы Бурабай өңіріндегі қалың табиғи орманмен қосылып кетеді. Бұған қоса, қала ішін көгалдандыру, әрбір құрылыс алаңын жасыл желекті баққа айналдыру жұмыстары да кең көлемде жүзеге асырылып келеді. Жапон сәулетшісі доктор Курокаваның архитектуралық идеясының арманына айналған «симбиоз» жүйесі осылайша алғаш рет Астанада жүзеге асты.
Расында Астана құрылысы әлемдік архитектуралық ақыл-ойдың тәжірибе алаңына да айнала білді. Көкжиекпен көмкерілген жазира далада аспанмен таласқан ғимараттар сән жарастырып, сәулет өнерінің салтанатын паш етті. Астаналық архитектуралық ансамбльде Шығыс сәулет өнерінің жауһарлары мен Батыс сәулетшілерінің батыл идеялары өзара үйлесім тауып, жаңа кереметтер дүниеге келді. Қаланың бас жоспарын Күншығыс елінің сәулетші Кисе Курокава жасаса, Астананың архитектуралық айбынын айшықтаған «Бейбітшілік және келісім сарайы» мен қазіргі күнде Гиннестің рекордтар кітабына кірген «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы – атақты ағылшын архитекторы Норман Фостердің шығармашылық ізденісінің жемісі. Ал бас қаланың сәулет және мәдени өмірінің сәнін асырған Киноконцерт залы – италиялық сәулетші Манфреди Николеттидің қолтаңбасы.
Көз тартатын көркімен де, келбетімен де, көлемімен де көңіл өсіретін Астананың архитектуралық ансамбліндегі тағы бір айшықты құрылыс – Н.Фостердің ізденісінен туындаған «Абу Даби Плаза Астана», қазіргі «Қазақстан» кешені. Жанама құрылысы өткен жылы аяқталып, пайдалануға берілген ғаламат ғимарат 75 қабаттан тұрады. Жалпы биіктігі – 320 метр. Кешенінің жалпы аумағы 550 мың шаршы метрді құрайды. Онда қонақүй, фитнес залдар, кеңселер, пәтерлер, сауда орталығы, қысқы бақ және мейрамхана орналасқан.
Тағы бір тамаша ғимарат – велошабандоздың шлемі тәріздес «Сарыарқа» велотрегі. Оның сыртқы көрінісі айтып тұрғандай, велоспортқа арналып салынған. Велотрек – бокстан, баскетболдан, көркем гимнастикадан және дзюдодан жарыстар өткізуге де ыңғайлы әмбебап кешен. Мұнда бір мезетте 9 270 адам спорт ойындарын тамашалай алады. Кешеннің ішіндегі тректің ұзындығы 250 метр болса, ені – 7 метр.
Ал «Барыс Арена» мұз сарайының құрылысы 2012 жылы басталып, 2015 жылдың 8 тамызында пайдалануға берілді. Жобаның архитекторы – «IT Engineering S.A.» жобалау компаниясы. Арена бір сәтте 12 мыңға дейін көрермен сыйдыра алады. Жалпы аумағы 86 мың шаршы метрді алып жатыр. Көп функциялы кешенде 2 мұз айдынына қоса, 50 метрлік олимпиадалық бассейні мен көркем жүзуге арналған бассейні бар. Сонымен қатар спорт сарайында басқа да мерекелік мәдени іс-шараларды өткізуге болады.
Талайды таңғалдырып жүрген «Астана Арена» – халықаралық стандарттарға сай салынған елордадағы айрықша нысандардың бірегейі. Кешен ең алдымен, футбол матчтарын өткізуге арналған. Әйтсе де, басқа ірі спорт және мәдени шараларға да ыңғайластыруға болады. Жасанды көгалмен көмкерілген алаңның ұзындығы 105 метр болса, ені – 68 метр. Стадионның 20 минутта ашылып-жабылатын төбесі жылдың кез келген мезгілінде ойынды тамашалауға қолайлы жағдай туғызады. Осындай қасиетімен бұл нысан әлемдегі жылжымалы шатыры бар алты стадионның бірі саналады. Бұның архитектуралық жобасын «Populous» және «Tabanlioglu Architects» компаниялары жасады. Бұл – құшағына 30 мың көрерменді еркін сыйдыра алатын теңдессіз ғимараттардың бірі.
Бас қаланың сол жақ жағалауында орналасқан «Астана Опера» театры көзтартарлық әсемдігімен әйгілі. Театр әу баста ғажайып кешен ретінде техникалық және көркемдік жетістіктерді бойына жинақтаған. Әлемдік деңгейдегі белді де беделді опера және концерттік залдарының, яғни Миландағы «Ла Скала», Мадридтағы Корольдік опера, Мәскеудегі Үлкен немесе Нью-Йорктегі «Метрополитен-опера» сияқты театрлардың қатарында. Театрдың кірпішін қалауға отандық мамандармен қатар Швейцария, Италия, Албания, Марокко, Ресей шеберлері де қатысты. Жоспарлауда мұндай ғимараттарды салудағы жинақталған әлемдік тәжірибе ескерілді.
Классикаға негізделген ғимарат эллинистикалық нақыштарға толы, маньеризм мен барокко бағытына да мән берілген. Осылайша, архитектуралық сағат тілдерін жылжытып, көне грек стилінде ұтымды жасалды. Театр жалпы аумағы 9 гектар жер көлемін алып жатыр. Көше бойындағы есік алдында салынған ұзын жаяу көпір «Астана Опера» ғажайып ғимаратымен әдемі үйлескен. Ал ғимарат 64 мың шаршы метр аумақта орналасқан. Оның 3 мың шаршы метрінде 4 сахналық аймақ қамтылған. «Астана Опера» театры өзінің ауқымдылығымен де, архитектуралық келбетінің көріктілігімен де келген қонақтың бәрін тамсандырады.
Қазір қарап отырсақ аяулы Астанамыздағы ғажайып архитектуралық ғимараттарды бір мақалаға сыйдыру мүмкін болмай тұрғаны. Әлі ауызға алынбаған ЭКСПО нысандарымен қатар тағы қаншама керемет кешен бар. Олардың бәрі жөнінде тиянақты жазуға тағы бір айналып соғармыз деген ойдамыз.