Ширек ғасыр бұрын ел астанасын Алматыдан Арқа төсіне көшіріп, қазақ елінің жаңа елордасы – Астананы жаһан жұртына таныстыру қаншалықты қайырлы қадам болса, алабота басқан, азынаған желдің өтінде орналасқан қаланың айналасына орман егу де соншалықты көреген шешім болды. «Астананың төңірегіндегі жер қолайсыз, балшық пен батпаққа орман өспейді» деп қарсылық танытқандардың қателескенін дәлелдеу үшін аса көп уақыт қажет бола қойған жоқ. Бүгінде елорда айналасындағы жасыл белдеудің аумағы 100 мың гектарға жетті. «Орманы бардың қорғаны бар» дейді қазақ. Шаһар ауасының тазалығын қамтып, ыстықтан сая, суықтан пана болып тұрған орман – бүгінде басқаланың қорғаны.
Еліміз – шөлді және шөлейтті, орманы аз елдердің бірі. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі орманды алқап ел аумағының небәрі 5 пайызын ғана қамтиды. Оның үстіне елімізде орманның өсуі де әртүрлі. Бұған қоса кейінгі жылдарда жиі орын алып жатқан орман өрті де үлкен келеңсіздіктердің бірі болып тұр. Демек табиғи ормандарды қорғап, ағаш егіп, орман өсіру; шөлейттенудің алдын алып, орманды белдеуді ұлғайту – өте маңызды мәселе. Осы тұрғыдан алғанда, Астананың «жасыл белдеуін» қалыптастыру мақсатында елорда төңірегіне 100 мың гектарға жуық аумаққа орман отырғызылғаны тарихи оқиға деуге болады. Бұл орман белдеуі қалыптасқаннан кейін Ақмоланың баяғы дүлей дауылы, ала құйын бораны бәсеңдеп, беті қайтты. Бұл халықтың өмір сүруіне қолайлы болуына зор септігін тигізді және бұл – Астананың Арқаға көшкен ширек ғасырлық жетістіктерінің бірі.
Жасыл белдеу – еліміздің 1997 жылдан бастап жүзеге асырып келе жатқан, астананың іші мен оның маңайындағы аймақтарды абаттандыру жобасы. Қаланың өзінде және оған жапсарлас аумақтарда жасыл желек қалыптастыру, оны сақтау мақсатында елорда айналасын қоршай бой көтерген жасыл белдеу бүгінде қаланың таза ауамен тыныстауына мол мүмкіндік беретін сүзгісіне айналды. Қазір жалпы аумағы 100 мың гектарға жуықтаған бұл орманды алқапта 10 миллионнан астам ағаш пен 2 миллионға жуық бұта түрлері бар екен. Бір сөзбен айтқанда, үлкен ботаникалық баққа айналып отыр.
Бас қала төңірегіндегі орманды өрттен қорғау да аса маңызды міндеттің бірі. Қазір жасыл белдеудің әрбір учаскесінде «Жасыл аймақ» РМК мемлекеттік орман күзеті жұмыс істеп тұр.
Аталған арнаулы орында істейтін мамандардың айтуынша, қазір орманда 360 градустық екі өрт бақылау мұнарасы орнатылған. Сол арқылы дала және орман өртінің ықтимал тұтану қаупі толық бақыланады. Тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі. Орман шаруашылығы аумағында бірінші типтегі өрт сөндіру стансасы бар. Сосын да шығар, 20 жылға жуық уақыттан бері бұл жасанды орман алқабында көлемді өрт туындаған жоқ.
Ерекше ескеретін бір жайт, елімізде орман шаруашылығы мен жеміс-жидек өндірісін ұштастыра дамытудың келешегі зор. Астана төңірегіне егілген орманды алқаптан жаз бойы қарақат теріп, қомақты кіріс кіргізетін азаматтар да аз емес. «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» дегенімізбен, гүл де, жеміс те шетелден импортталады. Осы тұрғыдан алғанда, бізге де орман қорғаудың, жасанды орман белдеуін қалыптастырудың маңызы жоғары.
Жасыл белдеуде жан-жануарға айрықша көңіл бөлінеді. Орман пайда болғанда, жануарлар әлемі де соның аясында бірге дамиды. Астана күні қарсаңында орманды алқапқа қырғауылдарды жіберу дәстүрге айналған.
Құстар санын, оның ішінде қырғауылдарды көбейту үшін қырғауыл мекенін кеңейту және реконструкциялау жүргізілді. Бұл қырғауыл санын жылына 2 мың құсқа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Қырғауыл өсіру зиянкес жәндіктермен күресуге және санитарлық-қорғау аймағын табиғи орман жағдайына жақындатуға көмектеседі», дейді Елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұған қоса жасыл белдеу аумағын түлкі, қарсақ, ақ және сұр кекілік, елік, қабан мекендейді. Кейінгі кездері бұғы-марал да көбейіп келеді екен. Ал қоянның көп екені екі бастан белгілі жайт. Бұл аумақтарда аң аулауға тыйым салынады. Сондай-ақ жасыл белдеу дәлізінде велосипед жолдары салынып, атпен сейіл-серуен құруға да мүмкіндік жасалып отыр. Бұл қала тұрғындарының жасыл ортада өзін жайлы сезінуіне үлкен мүмкіндік сыйлады.
Мұның экономикалық пайдасымен қатар, ағаштың адам денсаулығына да пайдасы мол екені баршамызға мектеп қабырғасынан белгілі. Мәселен, фотосинтез үдерісінде ағаш пен бұта бүргендердің жапырақтары шаң-тозаңның 72 пайызы мен күкірт қос тотығының 60 пайызын сіміріп, бактерияларды өлтіретін биологиялық белсенді заттарды бөліп шығарады екен.
Қазір әлемнің көптеген елі ағаш егу мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнаулы бір күнді ағаш егу мерекесі етіп белгілеген. БҰҰ-ның санағына қарағанда, әлемде 50-ден аса ағаш егу мерекесі бар. Мұндай игі науқан біздің елге де керек-ақ.