Сенат және Мәжіліс депутаттарының аймақтарға сапары жалғасып жатыр. Бұл жолы олар бірқатар өңірді аралап, халықты алаңдатқан мәселелермен танысты. Атап айтқанда, ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап қайтты.
Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Қарақат Әбден депутаттардың өңірлерге сапар барысында Ақмола және Қарағанды облыстарындағы ауылдарға барып, халықтың жай-күйімен танысты.
Депутаттың айтуынша, жауыр болған жол және интернет мәселесі Қарағанды облысындағы Нұра ауданындағы Жанбөбек ауылын да айналып өткен жоқ. Сонымен қатар депутат аталған ауыл интернеттен де тыс қалғанын атап өтіп, жол тауқыметінен бөлек, ұялы байланыстың жоқтығы да тұрғындарды сарсаңға салатынына назар аударды. Халықтың тұрмыс-тіршілігімен етене танысқан депутат халықты жарық мәселесі де алаңдатып отырғанын жеткізді.
Депутат Қарағанды облысы Нұра ауданындағы Құланөтпес ауылының тұрғындарымен кездесті. «Халықты толғандырған негізгі мәселе – таза ауыз су, сапалы жол, қолжетімді байланыс. Әсіресе су мәселесін басты назарға алдым. Себебі бұған бюджеттен қыруар қаржы бөлінген. «Life Story Invest» ЖШС мердігерлік ұйымымен, «Казахстанские технологии» ЖШС қосалқы мердігерлік ұйымымен шарт жасалды. Тендерге қатысуға келгенде білек сыбана кіріскен мердігерлер іске келгенде баяу қимылдап, халықтың ашуына тиіп отыр», деді Қ.Әбден.
* * *
Сенатор Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысын аралады. Депутат Есіл ауданына сапар барысында жергілікті аурухананың емдеу корпусын жөндеу барысымен танысты.
Мұнда шатырды жөндеу және терезе жақтауларын ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл шараларға 97 млн теңгеден аса қаржы бөлінген болатын. Жөндеу жұмыстары осы жылдың қыркүйегіне дейін аяқталады деп жоспарланған. Сенатор ауыл тұрғындарымен кездесу барысында сумен жабдықтау, жолдарды жөндеу және интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
«Бүгінгі кездесуде «Петропавл – Жезқазған» автожолының жағдайы нашар екені атап өтілді. Солтүстік Қазақстан облысындағы ұзындығы 359 шақырым болатын магистралдың осы учаскесінде шұңқырлар жөнделді, бірақ жолдың жай-күйі орташа жөндеуді қажет етеді. Бұл – шынымен өзекті мәселе. Біз оның шешілуіне жәрдемдесуге тырысамыз», деді сенатор Әсем Рахметова.
Өңір тұрғындары кездесу барысында сұрақтар қойып, мемлекеттік жәрдемақыларды есептеу ерекшеліктері мен зейнетақы аударымдарын төлеу тәртібін және басқа да мәселелерді түсіндіруді өтінді.
* * *
Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында «Korkem Alem» ет комбинатының жұмысымен танысты. Кездесу барысында депутат комбинаттың адал өнім шығарып, сапалы қызмет көрсетуіне назар аударды.
Комбинат қызметі барлық санитарлық талаптарға сай жұмыс істеп, мал сою, ет өңдеу талаптары сақталып, автоматтандырылған жүйе негізінде жұмыс істейді. Мұнда ай сайын 360 тонна ет шығарылып, 100 тонна ет өнімі өндіріледі. Еттен жасалатын жартылай фабрикат өнімдері, деликатестер және ас үйге қажет өзге де өнімдер бар.
«Бүгін «Korkem Alem» комбинаты халыққа адал өнім ұсынып, сапалы тауар өндіруге қаншалықты мән беріп отырғанын, өзге кәсіпкерлермен қандай байланыс орнатып жатқанын назарға алдым. Сондай-ақ кәсіпкерлердің етті қайдан алып жатқанына, жергілікті биліктің қолдау іс-шараларына зер салдым», деді С.Мұсабаев.
* * *
Сенаторлар Алтынбек Нұхұлы мен Ернұр Әйткенов Павлодар облысына барып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен танысу үшін аймақ басшылығымен кездесті.
Депутаттар Павлодар қаласындағы №2 жылу энергетикалық орталығын да аралады. Қаланың ЖЭО-сы 1961 жылы пайдалануға берілген болатын. Оның жылыту маусымына дайындығы мәселесі ерекше бақылауда тұр.
Сенаторлар ЖЭО-дағы өндіріс жұмысымен танысты және салалық цехтарда болып, Екібастұздағы өткен жылғы төтенше жағдайға ұқсас аварияларды болдырмау үшін жұмыстарды жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында сенаторларға №2 Павлодар ЖЭО-да жылыту қазандықтары мен турбиналарға жоспарлы жөндеу жүргізіліп жатқаны және алдағы маусымға барлық қызмет қойылған міндеттерді уақтылы орындауға тиіс екендігі туралы ақпарат айтылды.
* * *
Мәжіліс депутаттары Бауыржан Смағұлов пен Арман Қалықов Балқаш қаласындағы «Қазамыс Энерджи» ЖШС барды. Онда алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын талқылады. Еңбек ұжымымен кездесуде Арман Қалықов жабдықты жаңарту мәселесін көтерді.
«Өздеріңіз білетіндей, қыста болған төтенше жағдай Екібастұзда жылу желілерінің, оның ішінде жылу электр орталықтарының жабдықтарының тозғанын көрсетті. Бүгінде еліміздің барлық Жылу электр орталықтарының ескірген жабдықтарын жаңарту қажет. Меншік иелері үшін бұл бағыттағы жұмысты жандандыруы маңызды», деді депутат.
Кездесу барысында ұжым қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарды алға тартып, нақты жауап алды. Одан әрі депутаттар Балқаш мыс балқыту зауытының тыныс-тіршілігімен, қаланы абаттандыру барысымен танысып, азаматтардың өтініші бойынша қоғамдық қабылдау өткізеді.
* * *
Мәжілісі депутаты, Палата төрағасының орынбасары Альберт Рау Қостанай облысындағы Бейімбет Майлин ауданының ауылдарына барып, таза ауыз сумен қамту жұмыстарымен танысты.
Мыңнан астам тұрғыны бар Асенкритовка ауылында ауыз су құбырлары жаңартылып, Красносельское ауылындағы су құбырының құрылысы жуық арада аяқталуы жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны 740 млн теңгені құрайды. Ауыл тұрғындары су тапшылығы мәселесінен арылып, сапалы ауыз суға қол жеткізгендерін айтып, ризашылықтарын білдірді.
Альберт Рау одан әрі «Қостанай – Қарабұтақ» бағытындағы республикалық маңызы бар жолдың жөндеу жұмыстарымен танысты. Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда ауылдың әлеуетін көтеру мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр.
«Республикалық бюджеттен қаржыландырылған нысандардың жұмысы – әрдайым депутаттар бақылауында. Әсіресе аудандардың, шалғай ауылдардың әлеуметтік ахуалы басты назарда болады. Одан бөлек жаңа жобалар бойынша да халық арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жатырмыз», деді А.Рау.