• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 09 Шілде, 2023

Елімізде екінші рет

186 рет
көрсетілді

Арайлы Астана қаласының 25 жылдығына орай Қонаев қаласында ашық суда жүзуден «Oceanman Kazakhstan – 2023» халықаралық жарысы өтті. Бұл байрақты бәсекеге Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы, Алматы облыстық бұқаралық-спорттық шараларды өткізу орталығы, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен «Oceanman Kazakhstan» қоғамдық қоры ұйытқы болды.

Жарыстың ашылу салтанатында Мәде­ниет және спорт министрі Асхат Оралов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық дене шы­нықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, Олим­пиада чемпионы Дмитрий Баландин жарысқа қатысушыларды мерекемен құттықтап, үздік өнер көрсетулеріне тілектестіктерін білдірді.

 – Бұл халықаралық жарыс еліміз­де осымен екінші рет өткізіліп отыр. Былтыр Қапшағай жағалауында 3 мың қонақ жиналып, дүбірлі дода өткен еді. Аты әлемге әйгілі Oceanman са­йысы 15 мемлекетте, атап айтсақ, Ис­па­ния, Италия, Греция, Мексика, Ресей, Малайзия, Швейцария, Украина, Араб Біріккен Әмірлігі, Колумбия, Түркия, Кипр, Франция, Румыния, Тай­ландта тұрақты өткізілетіндігін атап айта кеткен жөн. Елімізде өтіп жат­қан биылғы шараға қатысушы­лар­ға ыстық ықыласымызды білдіреміз. «Oceanman Kazakhstan» сынды беделді жарысты жаңадан гүлденіп келе жатқан Қонаев қаласында өткізу біз үшін үлкен мәртебе.

Алматы облысы Қазақстандағы спорт­тық белсенді аймақ деп айтуға толық негіз бар. 2022 жылы өңіріміз­де 500-ден аса халықаралық және рес­публика­лық деңгейде спорттық шара өткізілген. Спорттық сайыстардың туризм дамуына қосар үлесі зор. Жағажай және су спорты түрлерінің астанасына айналуды көздейтін Қонаев қаласы мен Алматы облысы жайында көпте­ген шетелдіктер қызығушылық таны­тып, осы шұрайлы мекенге саяхаттауына себеп болуда, деді жарыстың ашылу салтанатында сөз алған өңір басшысы Марат Елеусізұлы.

Биыл халықаралық жарыстың гео­графиясы кеңейді. Беделді бәсекеге 7 мен 70 жас аралағындағы 8 жас дәреже­сін­дегі спортшылар қатысуда. Олар­дың қатарында Ресей, Қырғызстан, Ита­лия, Өзбекстан, АҚШ, Испания, Гру­зия, Израиль, Үндістан, БАӘ, Беларусь, Ко­лумбия, Германия, Сауд Арабиясы, Украина, Пәкістан, Катар, Румыния, Тайланд және Қазақстан бар, барлы­ғы 1 800 адамнан астам суда жүзу шебер­лері бақ сынасты.

Oceanman – бұл әлемнің түкпір-түкпірінде жылына бірнеше рет өтетін турнир. Оның тұсауы 2015 жылы Испа­нияда кесілген. Одан кейін әлемнің ең көрікті жерлерінде жалғасып келеді.

 

Алматы облысы