Біртуар ақын Серік Тұрғынбекұлы «Хан қызындай Ханбибі» деп жырға қосқан Ханбибі Есенқарақызы апамызбен әңгімелесудің сәті түскен еді. Әр сөзі алдаспан рухтан, ағыл-тегіл жүректен шығатын батыр мінезді ақынның ойы тың, жаны әрнеге жаралы.
– Сіз туралы: «...Сөз жоқ, Ханбибі сой ақындарымыздың бірі, үлкен ақындарымыздың бірі» депті ақын Темірхан Медетбек ағамыз. Ішіңіздегі арбасып жатқан майданда жеңіске жиі жетесіз бе?
– Іштегі өлең сыртқа шығар кезде, жан дүниемде арпалыс, тайталас болатындығы рас. Ішімде бірнеше адам отырған сияқты, әрқайсысы әртүрлі жол көрсетеді. Бұл арпалыс жас кезімнен қаныма әбден сіңіп қалған қасиет. Әлі буыны беки қоймаған жырларым аяусыз сынға ұшырап, қалам ұстамай кетуге шақ қалдым. Сынайтын сыншым – қатал әкем еді. Өзі де өлең жазған болуы керек, менің 5-6 жасымда, үйден бір сандық қағаз алып шығып өртегені есімде. Көзіммен көрген оттың жалыны мен қуаттылығы соншалықты, аппақ қанаттарымен айға қарай ұшып бара жатқандай әсер қалдырған. Әкемнің «Абай болмаған соң, өлең жазуды қою керек!» деген өксікке толы үні әлі құлағымда. О кісі әу бастан өлең жазуыма қарсылық білдірді. Ол сынауын қоймады, мен жазуымды қоймадым. Өлең деген зат киелі әрі жолы ауыр, тағдыры күрделі, мылтықсыз майдан екендігін жасымнан есіме салғандықтан, арпалыссыз, арбасусыз өлең жазу мүмкін емесін ұқтым. Жақсы өлең – жаныңды жеп, қаныңды ішіп келмей ме, дүниеге? Осыны байқап, біз жайлы жоғарыда сен айтқан жазбасында «бүкіл өлеңдерін қарасаңыз, арбасып жатқан, теке-тіресіп жатқан, бірін-бірі ала алмай, алағай да бұлағай, аласапыран тұстардың барлығын жүрегінен өткізіп, соның ішінде арпалысып өзі де жүретін, сондай құдіретті, қарулы, қайратты, жігерлі, намысты ақын!» деген Темірхан досымның қиялының бармайтыны, көрмейтіні жоқ-ау, сірә!
– Мінезіңізге қарасам, жасыңыздан Алаш ардақтыларын үлгі етіп өскен сияқтысыз.
– Әуелі атамның «халық жауы» ретінде кәмпескеленіп, Ресей ауып кеткені, сонау Атыраудан Оңтүстікке келгенінің өзі сұрағыңа жауап емес пе? Ең өкініштісі, Президенттің 1993 жылғы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын реабилитациялау» туралы жарлығын әкемнің көрмей кеткендігі. Қабағы қатулы әкемнің өзі туралы тіс жармай кеткендігін – діні беріктігіне, тектілігіне балаймын. Бізді үрейде ұстағысы келмегендігі деп ұғамын. Сондықтан мен «Алаш» идеясының бір ұшқыны, әрі жанкүйері болып өткен отбасында туып-өстім, бәлкім мінезім де осы тектіліктен туған шығар.
– Ойыңызға жиі оралатын сәт?
– Тәуелсіздікке ие болған кезіміз. Бәріміз бақытты едік. Тәуелсіздікпен қатар, нарықтық экономика келді. Елде дағдарыс басталды. Бірақ оны ешкім дауыстап айтпайтын. Экономикалық тапшылықпен күрес барынша жүріп жатты. Жоқшылыққа мойымадық, болашағымызға сендік. Бәріміз патриотпыз, еңсені езген дағдарыстан елдің аман шығатынына сеніміміз мол еді. Бірақ мына бір сәт ойыма жиі оралады. Сол кезде облыс әкімі Халық Абдуллаев еді. Бірде Президент келіп жиын өткізді. Бес жүз орындық үлкен зал. Ол кісі әкімге қатты шүйлікті. Әкім жер шұқып төмен қарады. Халі өте аянышты, өңі өзгеріп, түтігіп кеткен. Сол кезде зал толы адамнан бір адам оны қорғап сөйлей алмады. Әйтпесе сол залда жасы да жасамысы да, көсемі мен шешені де жеткілікті еді, жаным ашыды. Әкіміміз туралы өз ауылының қарапайым бір адамынан: «Халықтың әкесі майданнан оралмады. Өзі оқуға өте зерек болған. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ аудандық кітапхананың бар кітабын оқып біткен, зерек, алғыр бала еді», дегенін естігенмін. Іштей жанкүйер болып жүргеніммен арыстанның аузынан арашалап алардай мүмкіндігім жоқ еді. Сөйткен тұңғыш президентіміздің кейіннен бір келгенінде «Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, оны Шымкентте сүру керек», дегенін де естідік. Десек те «қалған көңіл – шыққан жанмен тең» дегендей, сондағы көрініс көз алдыма келе береді. Сол әкім ұзақ жасаған жоқ, қайтыс болып кетті. Менің қатты қобалжығаным, басшы мен қосшының арасындағы кикілжің емес, адамдардың қорқақтығы, сатқындығы, екіжүзділігі мен тез айнығыштығы еді. Әншейінде әкім бетіне шыбын қондырмайтын жағымпаздардың адами қасиеттен жұрдай екендігін есіме алғанда, көңілім көң жегендей күй кешеді. Адамдарға деген сенімімді жоғалтып алғандай боламын.
– Бір өлеңіңізде «Астана емес, елдемін» дейсіз. Ауыл арасы кейде жан дүниеңізге тарлық етпей ме?
– Бұл өлең:
«Періште емес, пендемін,
Астана емес, елдемін
Көрдім талай мықтының,
Мықыны көктен келгенін...» деп басталады. Өлеңде негізгі акцент «періште емес, пендемінге» түсіп отыр. Мархабат Байғұт ағамыз: «Ханбибі өлеңде кейіпкерлерін де, өзін де алдамайды», дейтін.
Ауылда жүріп те кеңдікке ие болуға болады екен. Менің күйеуімнің ғашық болған қызына арнап «Нұрикамал» әнінің сөзін жазуымның астарында сол кеңдік жатқан жоқ па? Әрине, Астанада қалыптасқан әдеби орта бар. Бірақ олардың кеңдікке ие болғаны аз. Дәл қазіргі кезде Астана болсын, ауыл болсын, жазамын деген жанға кедергі жоқ.
– Елде жүріп-ақ жалпақ жұртқа танылған Мархабат Байғұтпен жарасқан әзіл-қалжыңдарыңыз көптің көңілінде. Осы жайлы айтып өтесіз бе?
– Махаң туралы әңгіме айтудың өзі ауыр. 30-40 жылдай бір қаланың ауасын жұтып, асфальтын таптап бірге жүріппіз. «Оңтүстік Қазақстан» газетінде, өзі де ақ қағаздай болып ұзақ жылдар қызмет етті. Газет құрсауынан жасы алпысқа жақындағанда босады-ау.
Менің 55 жасқа толғаным аталатын болып, Махаңа жиынды «сен жүргізсең қалай болады? – деп, өтініш білдіргенімде – «Ойбай, мен тек жазуға бармын, сахнада кеш жүргізіп көрмегем!» – деп ат-тонын ала қашты. – «Жүргізесің!» – дедім, осымен сөз тәмам дегендей. Махаң талантты болуымен қатар ішкі мәдениеті бай, байсалды, мақтаны жоқ, ақылды әрі терең болатын. Кейінгі мерейтойларымның да жүргізуші-модераторы өзі болды. Бізді оқу орындары мен мекемелерге, мектептерге кездесуге бірге шақыратын. Бір-бірімізді көтермелеп, кештің әрін кіргізіп, егіз қозыдай жүретінбіз. Ол проза жазғанымен, ақындығы да болатын. Кейде іш пыстырарлық жиындарда немесе ақындар айтысында біздің өз айтысымыз жүріп жататын. Арадағы қулар (жастар) жазбаларымызды жолдан ұстап алып, мәз болысатын. Талай-талай қалжыңдар айтылды. Бірде Қыздаркүл жеңгеміз (әйелі): «Қыз-ау, ағаңа абай болшы, кейде артық-ауыс сөзден қатты жараланып қалатыны бар. Жаны нәзік қой, керісінше қолдап жүрші», деген сөзінен кейін, ол жаққа қарай «оқ атқан» жоқпын. Ағалы-қарындастай күн кештік. Бұл ажалға тоқтам бар ма? Осыдан төрт жыл бұрын, 70 жылдығымда Көпен екеуі қос қанатымдай болып, екі жағымда отырып кешті жүргізіп еді. Енді қарасам, екеуі де жоқ өмірде.
Тағдыр біреуді жазалағысы келсе, ет жақындары мен тілеулес достарын алады екен. Өткен жылы – Махаң мен Көпен, «Нұрикамалдың» авторы – Тұрдықылыш пен Нұрикамал, немере ағам Аманкелді Айталы, құрбым Әселхан Қалыбековалардың қазасы жанымды жүдетіп, қолға қалам ұстаудан қалдым. Қазірше қалтылдаған қайықта отырғандай болып, 80-нен асқан Нармахан ағамның жер басып жүргеніне шүкір деймін. Махаңның 2000 жылы жазған «Жүз жылдық жара» атты шығармасында Абай облысындағыдай Оңтүстікте де алапат өрт болған. Сонда: «...айналайын ағаштардың киесі де көкке ұшқандай көрінді, қайта орала ма, жоқ па? Алладан медет тілейік. Адамдар аман болғай. Ал себепкер болған айуанға айналғандарды Құдай көріп тұрған шығар. Табиғат ананың тамылжыған бір тұсына жүз жылдық жара түсті. Жүз жылда жазылар ма?!», деп сауал тастайды. Махаң тірі болғанда бүгін де осы сөзді айтқан болар ма еді?
– Жиі көзге жас аласыз ба?
– Бүгінде көз емес, жүрек жылайды.
– Не оқып, не жазып жүрсіз?
– Оқитын кітап көп, оқылатыны аз. Қазір өлең жазудан, кітап шығару оңай болып кетті. Сондай шығарған кітабын сыйлайтындар көбейді. Кейде уақыт шығын қылмай, бұрынырақ жазылған кітаптарды оқимын. Биыл Смағұлдың «Ақбоз үйін», Ұлықбектің «Әбілхаятын», Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамалын», Бауыржанның «Шырағданын» қайта оқып шықтым.
Дәл қазір Кемел Тоқаевтың бес томдық таңдамалы шығармаларын оқып жатырмын. Біздің заманның жазушысы ғой, жақсы әсер алдым.
Жазуға келсек, бұрынғыдай – ой шапшаң, сезім сергек емес. Десек те «Өзге емес, өзім айтам, өз жайымды», деген мемуарлық шығарманың жобасын бастадым. Әрбір шығармашыл жанның өмірі – кейінгі жастарға, жалпы оқырмандарға қызық шығар деген ойдың жетегіндемін. Аллам, өмір берсін!
– Қаламгер ағалардың жан жылуын, жақсылығын көп көрдіңіз бе?
– Бүкіл өмірім – Шымкентте өтті. Жас кезде аралас-құралас болмаған соң, үлкен ақындардың көзіне де, сөзіне де түспедім десем болады. Ертеректегі бір жазбамда «ілуде бір Алматыға жол түскен кезімде, «Алдымен ақбас Алатауға бас иемін, екінші кезекте ақындардың анасы – Мәриям Хәкімжанова апама сәлем берем. Сосын, алпыс арманымды, сексен сезімімді, үміт пен күдікке толы тоқсан толғанысымды ілестіріп, Фариза апайдың есігін қағып тұрамын», – деппін.
Алматыда тұратын әріптестерім үшін баспасөз бен радио-теледидар қолжетімді еді. Орта болды. Бір-бірін етене таныды. Бір күні «Қазақ әдебиетін» оқып отырсам, Әбділда Тәжібаевтың мақаласына көзім түсіп, өзіме-өзім сенбей қалдым. Бұл 1972 жыл болуы керек.
Онда «Мен жақында «Қазақ әдебиеті» газетіне басылған екі жастың өлеңін оқып болған соң, қастерлеп алып қойдым. Кейінірек бірнеше қайталап оқыдым. Сол жастың бірі – Шымкенттегі Ханбибі Есенқараева деген қызымыз екен. «Ханбибі «Найзағайлы түн» деген өлеңін:
«Дірілдетіп, дүбірлетіп көк белді,
Нөсер алып келе жатты
көктемді.
Ару аспан асығыстау көктейді,
Алтын жіппен жыртық қара
шекпенді», деп бастапты.
Адал шыным, мен осы өлеңді өзім жазбағаныма өкіндім. Бір шумақ өлеңде қанша эпикалық қуат, көркем сурет бар. Алтын жіппен жыртық бұлттарды көктеу – табиғат құдіретінің, табиғаты күшті ақынның қолынан ғана келеді», депті. Белгілі – поэзия патриархының сол кезде айтылған жылы сөзі әлі күнге дейін қуат беріп келеді. Ол кезде үлкен ақындар жастардың өлеңін оқитын. Қай жерде жүрсең де, сені көтеретін – өлеңің ғана. Әбділда ағамыздың бірауыз жылы сөзі – аялы алақандай, маған өмірлік азық болды.
Бертінде Әбіш Кекілбаев ағамыз: «Ханбибі өлеңде күйіп-жанып сөйлейді, күйзеле тебіренеді. Сергелдең сезім мен сапырылыстағы сана ғана сөз өнерін құнарландыра алады. Ханбибіде соның екеуі де молынан байқалады. Оның шабыты, әлі арыны қайта қоймаған албырт шабыт. Өлең өлкесіне аяқ басқаны күні кеше ғана болмаса да, әу бастағы екпінін еселей түспесе, тежей қоймаған. Ақ түтек шабыт», деп жазды. Жылы қабақ танытқан, жазбаларымнан үміт еткен ағалардың барлығы қаламыма қайрат бергені анық. Демек жақсы жыр – арақашықтықты қысқартып, алысты жақындататынына сенуге болады екен. Кезіндегі ағалардың қолдауын қарымтасыз қалдырмайын деп, өзім де тұлғалыққа жеткен ағаларым туралы эсселер жаза бастадым. Алғашқысы – «Айбарлы атам еді» – Бауыржан Момышұлына арналса, «Қаһарман – Қасым Қайсенов», «Бақыттысың, Әз аға» – Әзілхан Нұршайықовқа, Сафуан Шаймерденов, Әбіш аға, Фариза апа туралы жазғандарым, бүгінде көптің назарында.
– Бір өлеңіңізде:
«Жалған сөздің жарлығын,
Жалп еткізіп, сөндірдім...» дейсіз. Жалғандықпен күресуде жеңісіңіз көп пе, әлде жеңілісіңіз бе?
– Жалғандық және жасандылықпен күресіп жүргенімізде жемқорлық деген ауру келіп қосылды. Ескілік есіктен шығып кетпей, жаңаның төрлеуі екіталай.
– Егер ғайыптан сиқырлы күш келіп, бір арманыңызды орындар болса, нені айтар едіңіз?
– Билікке – мейір, халыққа – пейіл тілер едім. «Өзімді алсаң ал, Құдай, пейілімді алма!» дегенді естіп өскен ұрпақпыз. Пір Бекеттің әрі қысқа, әрі нұсқа батасы бар екен. Ол: «Өз ниетің өзіңе жолдас болсын!». Дәл қазіргі кезде адамзатқа, әр қазаққа ең қажет нәрсе – ниет пен пейіл! Осыны жоғалтып алған сияқтымыз. Тойымсыздық пен қанағатсыздықтың түп-тамыры – осы сөзде жатыр.
– Қазіргі қоғамда сізді не мазалайды?
– Бір мен емес, мазасыздықты көп адам бастан кешуде. «Көш кері кетсе, ақсақ түйе жол бастайды» дегендей, көп нәрсе кері кетіп жатыр. Халықтың барометрі болған, қоғамның айнасы – ақын-жазушылардың жағдайы мәз емес. Керісінше мән-мағынасы жоқ әндер мен халықтың санасын улап жатқан, пәтуасыз шоулар мен нашар әншілер сахнаны жаулап алды. Тұрмыстары да жаман емес. Біздің мәртебеміз оларға қарағанда төмендеп кетті. Содан кейін кәсіби журналистер тасада қалып, блогер дегендер ақпарат құралдарын жаулап алды. Оларға ауыздық жоқ. Өтірік-шынды араластырып, жұрттың санасын улауда. Болсын – болмасын, сенсация жасауға құмар. Айтқандары өтірік болып жатса да, жауапқа тартылмайды. «Ауыл» партиясы осы мәселені көтеріп жатыр екен, соңына жетсе екен дейміз.
Сондай-ақ тіршілік үшін маңызды саналатын медицина саласында да мәселе көп. Қарапайым халыққа қолжетімді емес. «Квота» дей ме, «портал» дей ме, онысы да уақытында бөлінбейді. Қазақ қашан жоспармен ауырып еді?! Табан астында ауырып қалғандарды ауруханаға жатқыза алмағандарды талай көрдім.
Мектеп реформасы да шатшалағай. Талай айтып жүріп, мұғалімдерді қоғамдық жұмыстардан құтқардық, жалақысы ұлғайды. Ендеше барлық мектептерде «ақылы курстар» не үшін жұмыс істейді? Бұл қара халықты тонау емес пе? Мектептің өзінде тиянақты білім беруге не кедергі? Оның үстіне мектеп бітірушілер әрі тест тапсырады, әрі аттестат алуға мемлекеттік емтихан тапсырады. Бұл баланың психологиясына әсер етеді деп ойламай ма?
Сосын мұғалім де, дәрігер де қағазбастылықтан арылмай отыр. Бұл дегенің аурудың диагнозын қою мен оқушының білім алуына бөлінген уақытты жейді. Мамандар – басшылық алдында есеп беруді негізгі функциясынан жоғары қояды.
Айта берсең, әңгіме көп. Халықтың мінезі өзгерді. Төзімсіз, ашушаң, қит етсе, кінәліні іздеу, өзінен өзгені жек көру сияқты мизантропиялық кезеңге өтіп кеткендейміз. Адамның адамға құрметі, бауырдың бауырға деген ықыласы, баланың әке-шеше алдындағы парызы тіптен төменгі деңгейге жеткендігін байқаймыз. «Қарттар үйі» мен «Жетімдер үйі» деген тарихымызда жоқ нәрселер, күнделікті өмірімізге сыналап еніп жатыр.
Жағдайды қалай түзейміз? Әртүрлі сүрлеуге түсіп алып, «адасқанның алды жөн, арты соқпақтан» қалай құтыламыз? Менің ойымша жалғыз жол бар. Ол – ұлттық идеологияға оралу. Өткен отыз жылда «экономика мен саясатты» алдыңғы шепке қойдық та, идеологияға мән берілмеді. Экономика – киіндірді, тамақтандырды, бірақ рухани аштыққа ұрындырды. Неге идеологиядан қорқамыз? Олигархтар үшін бе? Оларда Абай айтқан «Білім, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» бар ма? Әрине, жоқ! Оларға халықтың сауаттылығы мен бірлігі қажет емес.
Аудандар мен облыстық әкімдіктерде идеология жөнінде орынбасарлар бар, бірақ идеология жоқ. Ислам дінін насихаттаудағы Мұхаммед пайғамбардың идеологиясы жеті ғасырдан асты, әлі келе жатыр. Кеңестік идеология да жетпіс жыл өмір сүрді. Қазір тәуелсіз мемлекетпіз, ұлттық идеологияны қалыптастыратын кезең. Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы идеология негізін қалап кетті. Ендігі іздену, жаңа жолымызды айқындау – ғалымдарымыз бен ұлт зиялыларына байланысты.
Әңгімелескен
Батырхан Сәрсенхан,
«Egemen Qazaqstan»