Нидерланды «Ломбок қазынасын» және Индонезия мен Шри-Ланканы отарлау кезеңінде қолды болған басқа да құнды олжаларды қайтарып береді. Мәдениет министрі Гунай Услу үкімет бұл шешімді колониялардан алынған мәдени құндылықтар мәселесін зерттейтін арнайы комитеттің ұсыныстарына сәйкес қабылдағанын айтып, артефактілердің қайтарылатынын мәлімдеді.
Отарлау саясатының құрбаны болған елдер әскери шабуылдар кезінде мәдени құнды мұраларынан айырылып қалып отырған. Сондықтан қазіргі кезде мәдени құндылықтардың сақталуын қадағалайтын мұражайлар мен ескерткіштер жөніндегі ұлттық комиссиялар, колониялардан әкелінген құнды жәдігерлер мәселесін зерттейтін арнайы комитеттер жұмыс істейді.
Биыл Голландия колонияларында бодандықтың жойылғанына 160 жыл толады. Нидерланды Ішкі істер министрлігінің тапсырысы бойынша жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, король отбасы жүз жылға жуық уақыт ішінде (1675-1770) отарланған елдерден қазіргі айырбас бағамы бойынша кем дегенде 545 миллион еуро табыс тапқан.
Нидерландыдағы комитеттің 2020 жылы жарияланған баяндамасында Голландияның бұрынғы колонияларынан экспроприацияланған құнды мұраларды, егер ол елдер қажет деп тапса қайтарып беруге тиіс екені жазылған.
«Нидерланды отарлау саясатын жүргізген держава ретінде тарихы жауапкершілікті өз мойнына алып, отарлау арқылы алынған коллекцияларды, өнер туындылары мен артефактілерді қайтарып беруді әділетсіздікті мойындау және оны қалпына келтіру саясатының негізгі қағидасы ретінде қарауы керек», делінген баяндамада.
– Біз брінші рет Нидерландыда болмауға тиіс болған заттарды өз иелеріне қайтарамыз. Бірақ оны қайтарып қана жатқан жоқпыз, біз Индонезиямен және Шри-Ланкамен тығыз байланыс орнатып, қарқынды жұмыс істеу үшін жаңа дәуірді бастап жатырмыз, – деді Мәдениет министрі Г.Услу.
Нидерланды қайтаратын құнды заттардың ішінде «Ломбок қазынасы» да бар. Ол асыл тастар мен алтын, күмісті 1894 жылы Голландия әскері Индонезияның Ломбок аралындағы король сарайын басып алғанда олжалаған.
Ал Шри-Ланкаға XVII ғасырдағы асыл тастармен әшекейленген қола зеңбірек қайтарылады. Қазір ол Амстердамдағы мемлекеттік мұражай Рейкс музейінде сақтаулы. Тарихшылар бұл зеңбіректі жергілікті дворян монарх Кандиге сыйға тартқан деген болжам айтады. Канди патшалығы отарланғанға дейін Шри-Ланка аралының бір бөлігіндегі тәуелсіз мемлекет болған. 1765 жылы оны голландтар басып алады. Жарты ғасырдан кейін Шри-Ланканы ағылшындарға берген.
Голландия бірнеше елді отарына айналдырған үлкен держава болды. Жүздеген мың адамды құлдыққа сатты. Соңғы жылдары Нидерланды өзінің өткен тарихындағы осы отарлау саясатына деген көзқарасын ресми түрде қайта қарастыра бастады. Мәселен өткен аптада Нидерланды королі Виллем-Александр голландиялықтардың құл саудасына қатысқаны үшін және оның салдары үшін көпшілік алдында кешірім сұрады.
– Адам еркіндігін шектеу түрлерінің ішінде құлдық ең сорақысы. Біз өткеннің қасіретін өзімізбен бірге алып жүреміз. Оның салдары әлі күнге дейін жалғасып келеді, мысалы нәсілшілдік. Сол үшін кешірім сұраймыз, деді Виллем-Александр.
Ол мемлекет басшыларының сол кездегі озбыр саясатқа қарсы тұрмағанын мойындады. Алайда, Нидерландыда құл саудасына заң жүзінде рұқсат етілген болатын. «Әркез заңға бағына беруге болмайтындығын екінші дүниежүзілік соғыс дәлелдеп берді. Моральдік міндеттердің орындалуы керек кез болады», деді Нидерланды королі. Ол бұл сөзін құлдықтың жойылғанына 160 жыл толуына орай Амстердамда ұйымдастырылған мерекеде айтты.
Дәл осылай Ұлыбритания мен Германия да бұрынғы отары болған елдерге мәдени артефактілерді біртіндеп қайтару жұмысын қолға алған.
...Озбыр отаршылдық тұсында қазақтың да талай дүниесі ұстағанның қолында кеткені әмбеге аян. Шүкір, кезінде Эрмитаж еншілеген Тайқазан Түркістанға қайта оралды. Әлі қаншама бабадан мирас байлығымыз шетел музейлері мен архивінде тұр. Солардың заңды иесіне қайтатын күні қашан туар екен?