Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында биылғы ҰБТ нәтижелері 31 қазанға дейін тексерілетінін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
ҰТО директорының айтуынша, ҰБТ өткізу барысында 402 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған.
«Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 312 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Кейбір тестіленушілерден жасырын камералар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар табылды.
Сонымен бірге біз барлық бейнежазбаға 2023 жылғы 31 қазанға дейін талдау жасаймыз. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, талапкер білім беру грантынан айырылады», деді Руслан Емелбаев.
Бұл ретте ҰТО директоры бұл норма 2020 жылы алғаш рет қолданыла бастағанын тілге тиек етті.
«2020 жылы бейнежазбаларды қайта қарау нәтижесінде 152 тестіленушінің, 2021 жылы 52 адамның, 2022 жылы 217 адамның нәтижесі жойылған болатын. Биыл да бұл жұмыс қолға алынды. ҰБТ-ға дайындық және тапсыру барысында біз талапкерлерді бірнеше рет академиялық адалдыққа шақырдық. Бұл оларға болашақта жақсы маман болуға мүмкіндік береді. Өткізу форматы, уақыты өзгеріссіз қалды. Электронды форматқа көшкеннен бері аппеляция беру рәсімі жеңілдеді.
Өткен жылдар сияқты аппеляцияны келесі күні емес, үміткерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бере алады. Негізгі ҰБТ-2023 барысында 50 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның ішінде 805 өтініш қанағаттандырылды. Айта кету керек, ҰБТ штаттық режимде өтті», деп түйіндеді Руслан Емелбаев.