• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Халық 11 Шілде, 2023

Халыққа керегі – балық емес, қармақ

215 рет
көрсетілді

Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Түркістан облысына барды. Сапар барысында өңірдегі әлеуметтік нысандарды, кәсіпорындарды аралап, тұрғындармен партиялық жобалардың іске асырылу барысын талқылады.

Палата спикері сапарын Сай­рам ауданындағы сүт өнім­дерін өндіретін кәсіпорын «aykan» жауапкершілігі шек­теулі серік­тестігін аралау­дан бастады. Мұнда «Ауыл аманаты» партиялық жобасына атса­лысқан шаруа қожа­лықтары басшыларының қаты­суымен бағдарламаның іске асырылу барысы талқыланды. Аталған жоба ауыл-аймақта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған.

–  «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл азаматтары үшін табысын арттыруға зор мүмкіндік. Бұл әсі­ресе, тұрғындарының көбі ауыл­да тұратын Түркістан облысы сияқты халқы тығыз өңір үшін өзекті. Биыл осы бағдарлама бо­йынша бөлінетін барлық қара­жаттың бестен бір бөлігі дәл осын­да бағытталады. Бұл – шамамен 20 миллиард теңге. 3,5 мың­ға жуық адамға жаңа жұмыс орны ашылады, – деді Ерлан Қошанов.

Облыста «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру қорытындысы бойынша оған қатысушылардың орташа айлық табысын – 1,5 есе, сүт өнімдерін өндіруді – 40,6 пайызға, етті – 63,2 пайызға, жылыжай өнімдерін 30 пайызға ұлғайту жоспарланған. Жалпы, биыл жоба аясында еліміз бойын­ша 17 мың адамды қамту көз­деліп отыр.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылармен кездесті. Жоба қаржылық сауаттылықты арттырып, қаржыны дұрыс жұм­­сауға үйретеді. Мәжіліс төр­ағасының айтуынша, қазір елі­міз­де 7,5 млн адамның, яғни халық­тың үштен бір бөлігінің банкте қарызы бар. Шамамен 1,5 миллион азамат несиесін 90 немесе одан да көп күнге кешіктіріп төлейді және банкроттық күй кешеді.

– Ондай адамдар қайда барып, кімнен көмек сұрайтынын да білмейді. Айналып келгенде, барлығы  қаржылық сауат­сыздыққа келіп тіреледі. Сон­дықтан «Amanat» партиясы «Қа­рызсыз қоғам» жобасын қол­ға алып отыр. Екі айда елі­міздің бірқатар өңірінде 20 мың­нан ас­там адам оқытылды. Жыл соңы­на дейін бұл көрсеткіш 80 мыңға жеткізіледі. Тренерлер халыққа қаржыны дұрыс игеру­ді, отбасылық бюджетті жоспар­лауды үй­ретеді, – деді Мәжіліс төрағасы.

Жалпы, Палата спикері Пре­зиденттің саясаты мен «Amanat» партиясының жобалары арқа­сында бүгінде ауылдағы белсенді азаматтар үшін жаңа әрі үлкен мүмкіндіктерге жол ашылғанын атап өтті.

– Партияның жобалары ха­лыққа заң шеңберінде қарыз­дан құтылуға, қаржылық сауат­ты үйренуге, өз ісін жүргізу үшін мемлекеттен тиімді несие алуға көмектеседі. Сонымен қатар біраз ауыл шаруашылығы жер­лері мемлекетке қайтарылып жатыр. Олар да халықтың игілігіне беріледі. Ендігі кезекте ең бастысы – белсенділік танытып, осы мүмкіндіктерді пайдалану. Біздің міндетіміз – халыққа балық емес, қармақ беру, – деді Мәжіліс төрағасы.

Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылындағы Данияр Қаратаевтың шаруашылығы – осының айқын дәлелі. Ерлан Қошанов бұл ша­руашылыққа да ат басын бұрды. Қарызы көп, тұрақты жұмыс орны жоқ ауыл тұрғыны «Қарызсыз қоғам» жобасы бо­йын­ша оқып, кейін «Ауыл аманаты» жобасымен 4 млн теңге несие алған. 8 сауын сиыр сатып алып, сүт өндірісін жолға қойып отыр. Қазір Данияр Қаратаевтың тұрақты табысы бар.

Сонымен қатар Мәжіліс спикері Сайрам ауданы Ақсукент ауылындағы 1 200 оқушыға арналған Әл-Фараби атындағы мектепке барды. Бұл білім ордасын 2022 жылы өңірге белгілі меценат, партия ардагері Низамхан Сулайманов жеке қаражатына салып берді. Меценат өз ауданында осындай 7 мектеп салдырған.

– Түркістанда өткен Құрыл­тайда Президентіміз жа­уап­ты азаматсыз Әділетті Қа­зақ­станды құру мүмкін емес екенін айтты. Бұл адам ел игілігі жолында адал еңбек етіп, туған жердің дамуы үшін барын салып жүр. Ол өзінің нағыз патриот екенін сөзімен емес, ісімен дәделдеді. Сайрам өңірінің кәсіпкерлері – осы жауапты азаматтың жарқын үлгісі, – деді Мәжіліс Төрағасы.

 Ерлан Қошанов Құтарыс ауылындағы толықтай жеке қаражатқа салынған жаңа спорт кешенін аралады. Ол пар­тия мү­шелеріне бизнестің әлеу­мет­тік жауап­кершілігінің осындай үлгі­лерін республика дең­гейінде көбірек насихаттауды тапсырды.

Сондай-ақ өңірде Мәжіліс спикері «Жер аманаты» және «Құқықтық көмек» партиялық жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысып, халықтың ұсыныстарын тыңдады. «Қа­рыз­сыз қоғам» жобасының бір­қатар қатысушысы «Amanat» пар­тия­сының қатарына қосылды. Жаңа мүшелердің айтуынша, олардың келуіне партияның қа­рапайым халыққа сөзбен емес, нақты іс жүзінде көмектесетіні себеп болған.