• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Сенат 11 Шілде, 2023

Зәруліктер талқыланды

117 рет
көрсетілді

Мәжіліс және Сенат депутаттары еліміздің түкпір-түкпірін аралап, халықпен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылауын жалғастырып жатыр. Бұл жолы депутаттар әлеуметтік нысандар жұмысымен танысты.

Сенатор Сұлтан Дүй­сем­бинов Талғар ауданында бол­ған кезде бірқатар әлеу­меттік нысандарды аралады және тұр­ғындарымен кездесу өткізді. Талғар қаласындағы 136 бала тәрбиеленетін және 18 тәрбиеші жұмыс істеп келе жатқан №8 балабақшаға бар­ды. 1964 жылы салынған бұл балабақшада әлі күнге дейін жөндеу жұмыстары жа­сал­маған.

«Облыстық және аудандық депутаттар осы мәселе бо­йынша айтқаннан кейін бұл балабақшаға арнайы кел­дім. Егер менің қол­дауым қа­жет болса, мен жан-жақты кө­мек көрсетуге дайынмын. Бұл нысан салынғаннан бері жөнделмеген болса, онда бұл мәселені бақылауға алу қа­­жет», деп атап өтті С.Дүй­сембинов.

Депутат сапар барысында жылыжай жұмысымен де танысты. Сенатор бұл нысанның жұмысы өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізетінін атап өтті.

* * *

Сенат депутаттары Жанна Асанова мен Нұрия Ниязова ҰҚК Шекара академиясының басшылығымен кездесті. Онда ұлттық қауіпсіздікті қам­­та­ма­сыз ету саласындағы заң­­на­ма­ны одан әрі жетілдіру мәсе­ле­лерін талқылады.

Кездесу барысында акаде­мия­ны бітірген түлектерге сұра­ныс деңгейі, олардың жұмысқа орналасу пайызы, шекарашыларды жоғары оқу орнынан кейін және оған қосымша оқыту тәр­тібіне қатысты мәселелер кө­те­рілді.

«Академия жалпы геосая­си жағдайға байланысты офи­церлік кадрларды даярлауға қойылатын талаптардың да өсіп келе жатқанын ескеруі тиіс. Сенаттың Халықаралық қа­тынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеті академия түлектерін еліміздің шекарасын қорғау жөніндегі міндеттерді абыроймен атқаруға мүмкіндік беретін қазіргі заман­ғы кәсіби құзыреттерді игеру үшін бар­лық қажетті жағдаймен қам­­тамасыз етуді маңызды деп санайды», деді Ж.Асанова.

Кездесуге қатысушылар ака­­демияның ғылыми-зерттеу қызметі және оның ұлттық қа­уіпсіздік пен әскери саладағы іргелі және қолданбалы зерттеу­лер мәселелерін де талқылады.

* * *

Мәжілістегі «Amanat» фрак­циясы мүшелерінің өңірлерге сапары жалғасып жатыр. Де­путаттар Сне­жанна Имашева мен Нар­тай Аралбайұлы Орал қа­лас­ы­­на барып, жол жөндеу жұ­мы­сымен танысты.

Оралдағы Шолохов көше­сінің 6,1 шақырымын қайта жа­ңарту жұмысы жыл соңына дейін аяқталуға тиіс. Бүгінде жол­дың әр бағытын үш жолақты етіп кеңейту және тротуар салу жұмысы жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны – 4,2 млрд теңгеден асады.

Депутат Нартай Аралбай­­ұлының пікірінше, «Мемле­кеттік сатып алу туралы» заң­ның кей­бір кемшін тұстары жол құрылысын жүргізу ке­зіндегі тен­дер өткізуді баяу­ла­тады. Со­ның салдары­нан, жобалық-сметалық құжат­таманы әзірлеу, құрылыс материалдарын сатып алу секілді жұмыстар тежеледі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өт­кен­дей, Батыс Қазақстан облы­сындағы жолдардың сапасы өте төмен. Тіпті, бұған жауап­ты мекемелердің бірқатар бас­­шысы жұмыстан да шыға­рылды. Жол құрылысын жүр­гізетін қай компанияның ставкасы жоғары, әлеуеті зор болса, сол жеңіп шығады. Ал бұл шетелдік компания болса, ба­қылаудың жеткіліксіздігінен жұмыс сапасы да төмен болуы мүмкін. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның кей­бір кем­шін тұстары құрылыс нысандарын жоспарлау жүйе­сіне теріс әсер етеді. Сондық­тан біз бұл мәселені Мәжі­лісте кө­термекпіз», деді Н.Арал­байұлы.

Өз кезегінде, депутат Сне­жанна Имашева Батыс Қазақ­стан облысындағы жолдардың тек 46 пайызы ғана жақсы жағдайда екенін атап өтті. 2027 жылға қарай партияның сай­лауал­ды уәделерін жүзеге асыру ая­сында жергілікті маңызы бар жол­дардың жақсы және қанағат­танарлық жағдайдағы үлесі 72 пайызға дейін ұлғаяды. Атап айтқанда, қалаларда 66 шақырым жол күрделі жөн­деуден өтеді.

«Орал – шекара маңындағы қала. Ол көп жағдайда транзит шаһар саналады. Мәселен, Самарадан жеткен жүк көліктері Шолохов көшесін басып өтеді. Шамадан тыс жүк тиелген мұн­дай көліктер асфальтты үгі­теді. Жол құрылысының әр ке­­зеңі аяқтала салысымен арнайы сараптама жүргізу қажет. Материал сапасын да мұқият бақылау керек. Мердігер бұл жолға 3 жылдық кепіл береді. Біз жөндеу жұмысының барысын, сапасын қадағалаймыз», деді Нартай Аралбайұлы.

Сондай-ақ депутаттар өңірде жол құрылысына бюджеттен аз қаражат бөлінетініне назар аударды. Бұған қоса, облыста қиыршық тас пен битум тап­шылығы байқалады.

* * *

Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фрак­ция­сының мүшесі Ерлан Саиров Шығыс Қазақстан об­лысындағы шекаралық ай­мақ Зайсан ауданына ба­рып, «Зайсан орман шаруа­шы­лығы» орманшылармен кездесті.

«Қаншама жыл осы мекемеде қызмет атқарып жү­реміз. Біздегі бірден бір мәселе – өрт сөндіруге арналған тех­никалардың тозығы жеткен. Қазір техниканың оз­ған, дамыған уақыты ғой. Бір­ақ біз әлі күнге дейін сол ес­кі құрал-жабдықтармен жұ­мыс істейміз. Сіздерден осы мәселенің шешілуіне ықпал жа­­сауларыңызды сұраймыз», деді Орман өрт сөндіру станса­сы­ның басшысы Аманбек Ж­асаров.

Мамандардың айтуынша орман шаруашылығында жұ­мыс жасайтын техникалардың әбден тозығы жеткен. Сондай-ақ ондағы қызметкерлердің жалақысы да мардымсыз.

«Мұндағы жұмыс уақытына қарамастан, қызметкерлердің жалақысы өте аз. Олар күндіз-түні қолайлы, қолайсыз ауа райында да жұмыс істейді. Сон­дықтан жалақы мәселесі реттелсе жақсы болар еді», деді Зайсан орман шаруашылығы бас­шы­сының міндетін атқа­рушы Айдын Ес­кендіров.

«Бәріңізге белгілі жақында Абай облысында болған орман өрті осы салада түйткілді мә­селелердің бар екенін көр­­сетті. Өз кезегінде Мем­ле­­кет басшысы да саладағы кем­­шіліктерді анықтап, жою қа­жеттігін атап өтті. Сонымен қа­тар осы жыл­дың 1 шілдесінен бас­тап орманшылардың айлығы кө­терілді. Ал материалдық-тех­­никалық базаны жақсарту жұ­мыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп мәлім­деген болатын министрлік. Бұл мәселе бойын­ша Мәжіліс депутаттары тиісті министрліктің жұмысын назарда ұстайды», деді Е.Саиров.