Мемлекет басшысы Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында бас қаладағы су тапшылығы мәселесіне тоқталып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президент Астананы сумен қамтамасыз ету өте маңызды міндет екенін атап өтті.
«Жаздың басында су тапшылығы қатты сезілді. Бұған тұрғындар наразылық білдіргенін білесіздер. Тіпті, жолдарды бөгеп, митингке шықты. Бұл – елорда өмірінде болып жатқан келеңсіз оқиғалар. Ашығын айтсақ, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар жұмысын адал атқармаған. Бұл – нағыз салғырттық, соның салдарынан осындай күрделі ахуал қалыптасты. Мұны, тіпті, жұмысқа селқос қарау емес, қасақана зиян келтіру деуге болады.
Бұл салада қателікке мүлдем жол беруге болмайды. Сондықтан, кінәлі адамдар тиісті жазасын алуы керек. Қазір елорда Астана су қоймасына толық тәуелді болып отыр. Су алатын басқа жер жоқ. Бұл – өте қауіпті. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындар саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Сондықтан, су қоймасының қуаты алдағы бір-екі жылда сарқылып бітетіні анық», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ бүгінгі күндері су қоймалары лайланып, ластанып жатыр. Президенттің айтуынша, Қойманың түбін тазалап, оны тереңдету керек. Астана су қоймасының бөгетін толық тексеріп, нығайту қажет. Оған Сәтбаев каналынан судың тұрақты келіп тұруын қамтамасыз еткен жөн.
«Осы шараларды дереу қолға алу керек. Қойманың техникалық жағдайын шұғыл ретке келтіру қажет. Бұл – өте маңызды мәселе. Астанада бұдан басқа су көзі жоқ. Ашығын айтсақ, мұндай ахуал көптен бері жалғасып келеді, яғни бұл бір күнде пайда болған мәселе емес. Бұған дейін Экология министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жасау тапсырылды. Бірақ, әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті, осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ. Тағы да қайталап айтамын: құзырлы министрлік нақты шаралар қабылдауға тиіс», деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы атап өткендей Астананы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін кейінге қалдыра беруге болмайды.
«Тиісті жұмыс атқарылмаса, мұны астыртын қарсылық білдіру деп түсінуге тура келеді. Ахуалды дереу түзеу қажет. Бас қаланы осындай жағдайда қалдырмаймыз. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, келесі жылдан бастап Сәтбаев каналынан қалаға дейін құбыр тарту жұмыстарын қолға алуға тиіс. Сонымен бірге, Үкімет әкімдікпен бірге сумен қамтамасыз етудің баламалы жолдарын қазірден бастап қарастыруы керек», деді ел Президенті.
Сондай-ақ тағы бір өте өзекті мәселе – қалдық суды тазарту. Қазір қалада бір ғана кәріз тазарту қондырғысы бар, яғни оның жұмыс жүктемесі шамадан тыс болып тұр.
«Бүгінде тәулігіне қосымша 140 мың текше метр суды тазарту қажет. Осындай екінші қондырғы үшінші сорғы-сүзгі стансасымен қатар салынуға тиіс еді. Үшінші сорғы-сүзгі стансасы пайдалануға берілейін деп жатыр. Ал, кәріз тазартудың екінші қондырғысын жобалау жұмыстары әлі біткен жоқ. Жұмысты дұрыс жоспарламаудың кесірінен түйткілдер қордалана береді. Сондай-ақ келесі жылы төртінші сорғы-сүзгі стансасын салуға кірісу керек. Тельман елді мекеніндегі сорғы стансасынан техникалық су құбырын тартудың екінші желісінің құрылысын да бастау қажет», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент әкімдікке келесі жылдың соңына дейін қалдық суды жинақтайтын Қарабидайық көлін кеңейтуді тапсырды.
«Қазір тазарту қондырғылары арқылы ағызылатын қалдық су Есіл өзенін ластауда. Үкімет осы ағызылатын қалдық судың көлемін нормативтік тұрғыдан реттеуі қажет. Елордада экология талаптары қатаң сақталуға тиіс. Сондай-ақ, жауын-шашын болғанда көшелерді су басып кетеді. Бұл да өзекті мәселе болып отыр.
Кәріз жүйесі су ағынына төтеп бере алмайды. Жуырдағы жаңбыр кезінде осыған тағы бір мәрте көзіміз жетті. Жаңа нөсер кәрізінің құрылысы толық аяқталған жоқ. Әкімдік нақты шаралар қабылдауға тиіс. Жалпы, бас қаланы сумен қамтамасыз етудің және су тартудың тиімді жүйесін қалыптастыру өте маңызды. Бұл – тұрмыс сапасын жақсартуға қажетті басты талаптардың бірі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында.