• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 11 Шілде, 2023

Моңғолия қазақтары Баян-Өлгийде бас қосты

413 рет
көрсетілді

Ұлан-Батырдан бастау алған Моңғолия қазақтарының кездесуі Баян-Өлгийдегі негізгі жиын – кіші Құрылтайға ұласты, деп жазады Egemen.kz.

Осы мақсатта Моңғолияға жұмыс сапары аясында 6 шілдеде ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Сыртқы істер министрлігі «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев пен бір топ ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжіліс депутаттары бастаған қазақстандық делегация мүшелері Баян-Өлгий аймағына ат басын тіреді. Сондай-ақ Құрылтай қатысушылары арасында Қазақстаннан келген дипломатия ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен Түркия және Ресейден келген қандастар да бар.

 Баян-Өлгийдегі екіжақты кездесу

Арнайы сапармен келген қонақтарды Баян-Өлгий аймағының әкімі Камелият Ахмадияұлы мен Баян-Өлгий халқы әуежайдан шашу шашып қарсы алды.

Аймақ губеранторы Камелият Ахмадияұлы, Маслихат Төрағасы Хабыл Шәривұлы бастаған делегациялар арасындағы кездесуде Абзал Сапарбекұлы қазақстандық делегация құрамын таныстырып, Ұлан-Батырда болатын іс-шаралар туралы айта келе, алдағы Кіші Құрылтай жұмысына сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Камелият Ахмадияұлы «Бермесең алмайсың! Бармасаң алыстайсың!» демекші, 10 жылдан аса үзіліп қалған Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайының қайта жалғасын тапқанына аса қуанышты екенін айтты. Қазақстандық делегация құрамында ҚР Президентінің кеңесшісі мен сенатор, депутаттардың болуы да бұл іс-шараға ерекше маңыз берудің дәлелі деп атап өтті. Аймақ губернаторы өлкенің экономикалық-әлеуметтік ахуалы және халықтың тыныс-тіршілігі туралы кеңінен мәлімет берді.

Кездесуде сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының ыстық сәлемін жеткізуге арнайы келгенін айтып, Қазақстан қашанда ішкі тыныштықпен қатар сыртқы байланысты үзбеу саясатын нық ұстанатынын, сонымен қатар қашанда шетте жүрген қандастарымыздың мәселесін назарда ұстайтынын, олармен байланысты нығайта түсуге аса мән беретінін жеткізді.

Екіжақты кездесуде ҚР Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапак, Нұргул Тау, Жарқынбек Амантай да сөз сөйлеп, екі елдің парламентаралық байланыстарының күн тәртібіндегі мәселелер, еліміздегі құқықтық-демократиялық реформалар туралы баяндап өтті.

Баян-Өлгий аймақтық мәслихатының төрағасы Баян-Өлгий аймағында қазақтардың емін-еркін өмір сүруіне жағдай жасалғанын айтып, мемлекеттер арасындағы достықтың маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар басқосуда Баян-Өлгейдегі қандастармен рухани-мәдени байланысты арттыру мәселелері де тақырыпқа өзек болды.

Ховдыдағы қазақ концерті

Сол күні Моңғолиядағы қазақтардың IV кіші Құрылтайы аясында Ховд қаласында Қазақстаннан келген Қарағандының Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі тұрғылықты халыққа арнап концерт берді.

Осы шара басталарда Қазақстан Респуликасы Парламенті  Сенатының  депутаты Ғалиасқар Сарбасов пен Мәжіліс депутаты Болат Керімбеков және жергілікті қазақ белсендісі Бағдал Шәмейхаұлы қонцертке жиналған жұртшылық алдында сөз сөйлеп, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық қатынастар, парламентаралық байланыстар, мәдени-гуманитарлық іс-шаралар жайына тоқталды. Сондай-ақ жиналғандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Концертте қазақ және моңғол халық әндері шырқалып, дәстүрлі күйлер мен халыққа кеңінен танымал музыкалық шығармалар орындалды.

Қазақстан Президенті қандастар Құрылтайына құттықтау жолдады

Моңғолиядағы қазақтардың IV кіші Құрылтайы 7 шілдеде Баян-Өлгейдегі Мұхамедқали Құрманхан атындағы Қазақ музыкалық драма театрында өтті.

Кіші Құрылтайдың салтанатты жиынын ашқан Баян-Өлгей аймағының басшысы Камелият Ахмедияұлы атажұрт Қазақстаннан келген құрметті делегация мүшелеріне алғысын айтып, осынау құрылтайдың Моңғолия мен Қазақстан қатынастарына, оның ішінде 100 мыңнан астам қазақ шоғырланған аймақтың  Қазақстанмен рухани байланысына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Алқалы жиынға арнайы келген Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кіші құрылтай қатысушылары мен Моңғолия қазақтарына арнаған құттықтау сөзін оқып берді.

Құттықтауда ел Президенті екі халықтың достығы мен ынтымақтастығын нығайтатын мәдени, іскерлік байланыстардың маңызын айтып, Құрылтай жұмысына сәттілік тілеген.

Бұдан соң сөз алған «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы аймақ халқының риясыз көңілі мен шын ықыласына алғысын білдіріп, Қор жұмысының негізгі бағыттары мен мақсат-міндеттеріне тоқталды. Атап айтқанда, жастардың білім алу, мамандық таңдау, жас буынның түрлі тарихи танымдық жобаларға белсене қатысуы, қазақ дәстүрлері мен рухани құндылықтарының шетелдердегі қандастар арасында сақталуы, Қазақстан мемлекетінің шеттегі қазақтарды және көшіп келетін қандастарға қолдау шаралары туралы кеңінен ақпарат берді.